Bentley Residences мұнарасындағы пентхаус 37,5 миллион долларға сатылымға шығарылды. Оның иесі жақын арада белгілі болады.
62-қабаттағы сәнді пентхаусқа Bentley көлігіңізбен кіресіз
Bentley мұнарасындағы сәнді пентхаус 37,5 млн долларға сатылымға қойылды. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Dezer Development / Bentley Motors
1,307
оқылды

Aikyn.kz технологиялық дизайнмен жасалған пентхаустың ерекшеліктерін америкалық newatlas.com сайтының хабарламасына сүйеніп түсіндіреді.

Bentley Residences ғимараты Майамидегі Sunny Isles Beach жағажайында орналасады. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Dezer Development / Bentley Motors

АҚШ-тың Флорида штатындағы Майамиде салынып жатқан Bentley люкс мұнарасындағы сәнді пентхаус 37,5 миллион долларға сатылымға қойылды. Бұл – тек бай-элитаға арналған, жоғары технологиямен жабдықталған, ерекше жайлылық пен артықшылықтарға ие жылжымайтын мүлік.

Bentley Residences ғимараты Майамидегі Sunny Isles Beach жағажайында орналасады. 62 қабатты зәулім мұнарада 216 люкс апартамент болады. Ең қызығы – ғимаратта автокөлігіңізді жоғары қабаттарға дейін көтеруге мүмкіндік беретін төрт автокөлік лифті бар  Dezervator  жүйесі орнатылған. Бұл – жоба девелопері Dezer Development-тің атымен аталған бірегей шешім.

Пентхауста жоғары санатты асүй, жеке кеңсе, галерея стиліндегі көлік тұрағы, терраса мен бассейн бар. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Dezer Development / Bentley Motors

Bentley мұнарасындағы пентхаус ең жоғары қабатта орналасады. Төрт жатын бөлме мен кем дегенде жеті жуыну бөлмесі бар бұл резиденция 37,5 миллион доллардан басталады. Сонымен қатар  Gaggenau техникасымен жабдықталған жоғары санатты асүй, жеке кеңсе, галерея стиліндегі көлік тұрағы, терраса мен бассейн қарастырылған.

Пентхаус интерьерінде Bentley стилі нәзік түрде ұсынылған: бейтарап түстер, жұмсақ текстуралар және автокөлік мотивтері. Ал мұнараның қоғамдық кеңістіктері Bentley рухын айқын сезіндіреді. Мысалы, кинотеатр автокөлік салонын еске түсіретін дизайнда, ал виски бары – Bentley көліктерінің матрицалық радиатор торынан шабыт алған.

Майамидегі мұнара Bentley Motors компаниясының тек автокөлікпен шектелмей, жылжымайтын мүлікке де инвестиция салу бастамасының бір бөлігі. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Dezer Development / Bentley Motors

Bentley Residences жобасының құрылысы 2028 жылдың соңында аяқталады деп күтілуде. Бұған дейін 2027 жыл деп жоспарланған еді. Бағасы тым жоғары пентхаустардан басқа ғимаратта 5,8 миллион доллардан басталатын апартаменттер де бар. 

Бұл жоба Bentley Motors компаниясының тек автокөлікпен шектелмей, жылжымайтын мүлікке де инвестиция салу бастамасының бір бөлігі. Оған ұқсас бастамалар Mercedes-Benz, Bugatti және Porsche тарапынан да қолға алынған. 

Сән-салтанаты жарасқан Дубайдағы Bugatti резиденциясы туралы Aikyn.kz жариялаған материалды мына сілтемеден оқи аласыз: «Зәулім ғимараттағы пәтерге Bugatti көлігі кіре алады».

Bentley Residences – тек сәнді өмір салтын емес, сонымен бірге автомобиль мен технологияны үйлестірген болашақ қала мәдениетінің символы. Бұл – миллионерлер мен коллекционерлер үшін ғана емес, технология мен дизайн үйлесімін бағалайтындар үшін жасалған ерекше кеңістік.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.