Gizmodo материалына сүйенген Aikyn.kz қытайлық автобустан төнген қауіптің саяси астарын түсіндіреді.
Еуропалық елдер Қытайда жасалған электр автобустарды қашықтан өшіру мүмкіндігіне қатысты тексерулерді бастады. Норвегия, Дания және Ұлыбритания қытайлық Yutong өндірушісінің электр автобустарында болуы мүмкін «қауіпсіздік жүйесіндегі олқылық» туралы алаңдаушылық білдірген. Чжэнчжоуда орналасқан бұл компания – сату көлемі бойынша әлемдегі ең ірі автобус өндірушісі.
Тексерулер Қытайда өндірілген технологиялық инфрақұрылым азаматтардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін деген алаңдаушылықтан туындаған. Бұл жерде Еуропа мен Қытайдың арасында шиеленіс туған жағдайда автобустар да қоғамдық қауіпсіздікке зиянын тигізеді деген көзқарастан басқа, үлкен геосаяси мәселе де бар сияқты.
Соңғы жылдары бірқатар Еуроодақ елдері технологиялық қауіптерге байланысты қытайлық Huawei мен ZTE жабдықтарын 5G желілерінде пайдалануды шектеді.
Автобустарға қатысты жаңа тексерулер Нидерланд пен Қытай арасында чип өндіруші Nexperia компаниясын бақылау мәселесі бойынша даудың ушығуымен тұспа-тұс келді. Бұл дау шешілмесе жаһандық автокөлік жеткізу тізбегіне де қатер төндіруі мүмкін.
Алғаш болып дабыл қаққан – Норвегия. Елдің астанасы Осло мен бүкіл елдегі қоғамдық көліктің шамамен жартысын басқаратын Ruter компаниясы өткен айда жаңа Yutong автобусы мен голландиялық VDL өндірушісінің моделін жерасты шахтасында сынақтан өткізгенін мәлімдеді. Сынақтың мақсаты – оларды бұзу (хакерлік жолмен басып алу) мүмкін бе, соны тексеру болған.
Компания Yutong Group бағдарламалық қамтамасыз етуді жаңарту және диагностика жүргізу үшін өз көліктерін тікелей қашықтан басқара алатыны (цифрлық қолжетімділік) анықталды. Ал VDL компаниясы өз автобустарын қашықтан басқаруды қажет етпейді екен.
NBC News деректері бойынша, теориялық тұрғыдан алғанда автобусты «өндіруші тоқтата немесе істен шығара алады» деп көрсетілген. Даниядағы қоғамдық көлік операторы Movia да көп ұзамай өз зерттеуін бастаған. Бірақ бұндай қауіп тек Қытай компанияларына ғана тән емес екенін атап өткен.
«Электр автобустар да, электр көліктері де, егер олардың бағдарламалық жүйелерінде онлайн-қосылуға қолжетімділік болса, принциптік тұрғыдан алғанда қашықтан өшірілуі мүмкін», – дейді Movia компаниясының операциялық директоры Йеппе Гаард NBC News-ке берген сұхбатында.
Ол бұл тек «қытай автобустарына» ғана қатысты емес екенін, бұндай мүмкіндік – кіріктірілген электроникасы бар барлық көлік құралдары мен құрылғыларға тән мәселе екенін айтқан. Ұлыбритания бұл мәселеге қатысты тексеруді жақында бастағанын жариялаған.
«Біз бұл істі зерделеп жатырмыз. Норвегия мен Дания билігінің қабылдаған шараларының техникалық негізін түсіну үшін Ұлыбританияның Ұлттық киберқауіпсіздік орталығымен тығыз жұмыс істеп келеміз», – деп хабарлады елдің Көлік министрлігі Financial Times басылымына.
Yutong компаниясының NBC News-ке жіберген электронды хатында компания «көлік қауіпсіздігі және дербес деректерді қорғау мәселелері бойынша қоғамның алаңдаушылығын түсінетінін және құрметтейтінін» және «қолданыстағы заңдар, нормативтік актілер мен салалық стандарттарды қатаң сақтайтынын» мәлімдеген.
Yutong сондай-ақ көлік туралы деректер Amazon Web Services деректер орталығында сақталатынын, шифрлаумен қорғалатынын және клиенттің рұқсатынсыз қолжетімді болмайтынын да мәлімдеген.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.