Осылайша, университет IREG құрамына енген Қазақстандағы бесінші жоғары оқу орны атанды.
Seifullin University –  Азияның үздік 260 университетінің қатарына енді
www.istockphoto.com
237
оқылды

Seifullin University халықаралық академиялық кеңістіктегі өз орнын сенімді түрде нығайтып, беделді кәсіби қауымдастықтар тарапынан мойындалып, жаһандық және өңірлік рейтингтерде басынан көрінді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл жетістіктер интернационалдандыруға бағытталған жүйелі стратегияның, білім мен ғылым сапасын өлшейтін нақты көрсеткіштерге бағдарланудың, сондай-ақ әлемдік сараптамалық диалогқа белсенді қатысудың нәтижесі болды.

Өтіп бара жатқан жылдың басты оқиғаларының бірі – университет делегациясының 2025 жылғы 9-11 желтоқсан аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында өткен More Sustainable Future атты Үшінші халықаралық конференцияға қатысуы. Конференцияны академиялық рейтингтер мен үздік тәжірибелер жөніндегі беделді халықаралық ұйым – IREG (Academic Ranking and Excellence Observatory) ұйымдастырды. IREG академиялық рейтингтер саласында ұлттық және жаһандық рейтинг агенттіктерін, университеттерді, зерттеу орталықтарын және жоғары білім сапасын бағалау жөніндегі сарапшыларды біріктіретін жетекші халықаралық қауымдастық. Ұйым университеттік рейтингтердің ашықтығы, салыстырмалылығы мен сенімділігіне арналған халықаралық стандарттарды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады, сондай-ақ академиялық орта, мемлекеттер мен рейтингтік ұйымдар арасындағы жаһандық диалог алаңы ретінде қызмет етеді. IREG-тің Үшінші халықаралық конференциясының тақырыбы – «Болашақ индустриясы: табиғат, технология және қоғамның интеграциясы» – университеттердің тұрақты даму мен жаһандық трансформациялардағы рөлін талқылауға негіз қалады.

2025 жылғы 9 желтоқсанда өткен IREG-тің жалпы жиналысы аясында Seifullin University осы беделді халықаралық ұйымның мүшелігіне салтанатты түрде қабылданды. Осылайша, университет IREG құрамына енген Қазақстандағы бесінші жоғары оқу орны атанды. Бұл оқиға тек университет үшін ғана емес, тұтастай алғанда елдің жоғары білім беру жүйесі үшін де ерекше маңызға ие. Аталған қадам қазақстандық университеттердің халықаралық беделінің артып келе жатқанын, білім мен ғылым сапасын бағалаудың жаһандық үдерістеріне белсенді түрде кірігіп отырғанын, сондай-ақ Seifullin University-дің академиялық ашықтық, тұрақты даму және ғылыми жетістік стандарттарын ілгерілетуге қосқан үлесінің халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді.

Тағы бір маңызды жетістік – Seifullin University-дің ASIA-2026 халықаралық университеттер рейтингіне алғаш рет қатысуы. Кешенді бағалау нәтижесі бойынша университет Азия құрлығындағы 6 мыңнан астам жоғары оқу орнының арасынан #241-260 орынға ие болып, Азияның үздік 260 университетінің қатарына енді.

ASIA-2026 рейтингінің әдіснамасы университеттердің қызметін негізгі алты бағыт бойынша бағалайды: оқыту (30%), бедел (20%), ғылыми-зерттеулер (20%), түлектердің жұмысқа орналасуы (10%), қоғаммен өзара іс-қимыл (10%) және интернационалдандыру (10%). Бұл тәсіл университеттің рейтингтегі орнын айқындап қана қоймай, оның стратегиялық артықшылықтары мен даму әлеуетін де анықтауға мүмкіндік береді.

Seifullin University түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші ерекше жоғары бағаланды: 57,2% көрсеткіші Excellent (өте жоғары) деңгейімен белгіленіп, Азия бойынша орташа мәннен (46,9%) және өңірдің ТОП-10 университеттері көрсеткішінен (47,7%) айтарлықтай асып түсті. Бұл әлемдік жетекші университеттер деңгейіне сай келіп, білім беру бағдарламаларының практикалық бағыттылығын және олардың еңбек нарығының заманауи талаптарына сәйкестігін айғақтайды.

Халықаралық мойындаудың тағы бір маңызды дәлелі – Seifullin University-дің 2025 жылғы қорытынды бойынша, әлемнің ТОП-1 000 университеті қатарына енуі. TОП-1 000 рейтингі – ашық деректерді талдау мен алгоритмдік өңдеуге негізделген тәуелсіз коммерциялық емес бастама. Ақылы қатысудың, коммерциялық ықпалдың және қолмен сараптамалық шешімдердің болмауы нәтижелердің ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етеді. Университеттің TОП-1 000 тізіміне енуі оның жаһандық деңгейдегі тұрақты беделі мен бәсекеге қабілеттілігін растайды.

Жалпы алғанда, қол жеткізілген нәтижелер Seifullin University дамуының сапалы жаңа кезеңін көрсетеді. Халықаралық мойындау, беделді рейтингтік құрылымдарға мүшелік және жаһандық әрі өңірлік рейтингтердегі сенімді позициялар университеттің Қазақстандағы жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайтып, әлемдік академиялық кеңістікке одан әрі интеграциялануға және ауқымды стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыруға берік негіз қалайды.