Quartz хабарламасына сүйенген Aikyn.kz миллиардерлер клубының жаңа мүшелерімен таныстырады.
2025 жылы жасанды интеллект миллиардерлер «жасайтын» станокқа айналды. Crunchbase аналитикалық компаниясының мәліметінше, биыл инвесторлар жасанды интеллект стартаптарына 200 миллиард доллардан астам қаржы құйған. Бұл – әлемдік венчурлық инвестициялардың шамамен жартысы, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш небәрі 34% болған.
Forbes мәліметі бойынша, жасанды интеллектке арналған инфрақұрылым, модельдер мен қосымшалар жасаған 50-ден астам адам миллиардер атанды. Бұл байлықтың географиясы жаһандық сипатқа ие болды. Жаңа миллиардерлердің көбі АҚШ-та пайда болғанымен, Қытайдағы есептеу қуатын аз қажет ететін ашық кодты модельдер жасаған ЖИ компаниялары да өз негізін қалаушыларын миллиардерлер қатарына қосқан. Жас миллиардерлер тізімнің көшбасшыларын төменгі тізімде ұсынамыз.
Эдвин Чен – Surge AI бас директоры
Деректерді белгілеумен айналысатын Surge AI компаниясының бас директоры Эдвин Чен – жаңа миллиардерлер арасындағы ең байы. Оның байлығы шамамен 18 миллиард доллар деп бағаланады. Соңғы бес жылда Surge AI компаниясының құны 24 млрд долларға жетті. Оның клиенттері қатарында Google, Meta, Microsoft, Anthropic және Mistral бар. АҚШ-та тұратын Чен компания акцияларының 75%-ына иелік етеді, бұл оны Forbes 400 тізіміндегі ең бай жаңа есімге айналдырды. 37 жасында ол тізімдегі ең жас миллиардер атанды.
Брет Тейлор және Клей Бавор – Sierra негізін қалаушылар
Америкалық кәсіпкерлер Брет Тейлор мен Клей Бавор ірі компаниялар үшін (The North Face, Rivian және басқалар) тұтынушыларға қызмет көрсетуді ЖИ агенттерімен алмастыруды мақсат еткен Sierra стартапының негізін қалаушылар. Әрқайсысының байлығы шамамен 2,5 млрд доллар деп бағаланады. Олар 2025 жылдың қыркүйегінде 350 миллион доллар инвестиция тартып, компанияны 10 млрд долларға бағалатқаннан кейін миллиардер атанды.
Брендан Фуди, Адарш Хиремат және Сурья Мидх – Mercor
Mercor стартапының негізін қалаушылар Брендан Фуди, Адарш Хиремат және Сурья Мидхтің әрқайсысының байлығы шамамен 2,2 млрд доллар. 2023 жылы құрылған бұл компания ЖИ жүйелерін оқыту үшін деректерді бағалайтын ғалымдар мен сарапшыларды жалдайды. Meta, OpenAI және Anthropic сияқты алпауыттармен жұмыс істейді. 22 жасында бұл үштік өз еңбегімен миллиардер атанған ең жас кәсіпкерлер болды.
Антон Осика мен Фабиан Хедин – Lovable
Келесі орында – швед стартапы Lovable-дың негізін қалаушылар Антон Осика мен Фабиан Хедин. Әрқайсысының байлығы шамамен 1,6 млрд доллар. Lovable – «вайб-кодинг» деп аталатын технологияны ұсынады. Бағдарламалау білімі жоқ адамдарға қарапайым мәтіндік нұсқаулар арқылы сайттар мен қосымшалар жасауға мүмкіндік береді. 2024 жылдың желтоқсанында компания 330 миллион доллар инвестиция тартып, құны 6,6 млрд долларға жетті.
Люси Го – Scale AI негізін қалаушы
АҚШ-тағы Scale AI компаниясының теңқұрушысы Люси Го тұр. 31 жасында ол өз еңбегімен байыған ең жас миллиардер әйел атанып, Тейлор Свифті басып озды. Бұл Meta компаниясының Scale AI акцияларының шамамен жартысын сатып алуынан кейін жүзеге асты.
Ірі технологиялық алпауыттар да байлығын еселей түсті
Financial Times дерегіне сәйкес, АҚШ-тағы ең бай он технологиялық компания басшыларының байлығы биыл 550 млрд долларға өсіп, жалпы көлемі 2,5 трлн долларға жетті. Бұл кезде S&P 500 индексі 18%-ға ғана өскен.
Тізімнің басында – Tesla мен SpaceX басшысы Илон Маск. Оның байлығы 2025 жылға қарай шамамен 50%-ға өсіп, 645 миллиард долларға жетті. Биыл Маск Tesla акционерлерімен тарихтағы ең ірі – 1 трлн долларлық сыйақы келісімін жасады. Ал оның SpaceX компаниясының құны 800 млрд долларға дейін өсті.
Қазақ стартаптары және unicorn
Жас миллиардерлердің қатарында өзінің ақылымен мультимиллионер атанған қазақ жастары да бар. Калифорнияның Кремний алқабында әлемге кеңінен танылған, бағасы 1 млрд доллардан асатын, unicorn (единорог) деңгейіндегі қазақ жастары құрған тұңғыш компания – Higgsfield AI. Бұдан басқа көптеген қазақ жастары АҚШ-тағы стартап экожүйесіне белсенді қатысып, ЖИ, финтех, data science, SaaS және киберқауіпсіздік салаларында жұмыс істеп жүр.
Қазақ елінде жасалған Nommi, Clockster жобалары жаһандық нарыққа жол ашып үлгерді. Дегенмен венчурлық капиталдың шектеулілігі, стартап экожүйесінің жастығы және таланттардың шетелге көшуі «қазақ unicorn-ының» пайда болуын баяулатып отыр. Соған қарамастан, сарапшылар алдағы 5-10 жылда бірнеше қазақ unicorn-ының пайда болуын болжауда.
Unicorn ұғымы – бұл биржаға әлі шықпаған, бірақ нарықтық құны 1 млрд доллардан асатын жеке компанияны білдіреді. Бұндай компаниялар бұрын сирек кездескендіктен, осылай (бірмүйіз, единорог) аталған. OpenAI, Stripe, SpaceX, ByteDance сияқты алпауыттар осы unicorn (единорог) стартаптарға жатады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.