Жаңа сайланған Зоран Мамдани ант беру рәсімін 80 жыл бұрын жабылған метроның станциясында өткізді. Ол антын қолын Құранға қойып берді.
Нью-Йорктің жаңа сайланған әкімі қолын Құранға қойып ант берді
«Ескі ратуша» метро станциясы осы Нью-Йорк қалалық әкімдігі ғимаратының астында 1904 жылы салынған. Фото newyorklatinculture.com сайтынан алынды
310
оқылды

Businessinsider.com материалына сүйенген Aikyn.kz әлемдік қаржы орталығы саналатын қаланың басшысы қызметке кірісу антын неге жабық станцияда бергенін түсіндіреді.

Нью-Йорк қаласының жаңа сайланған мэрі Зоран Мамдани 1 қаңтар күні «Ескі ратуша» (The Old City Hall) метро станциясында ант берді. Бір кездері ұмыт қалған бұл метро бекеті сол күні қайтадан жұрт назарына ілікті. Қала метросының қаңырап тұрған бұл станциясы қысқа уақытқа болса да қоғамдық өмірге қайта оралды. Дәл осы жерде, плиткамен қапталған күмбездің астында, Зоран Мамдани өзінің ресми ант беру рәсімін өткізді.

«Ескі ратуша» станциясы ХХ ғасырдың басында, «алтын ғасыр» кезеңінде салынған және Нью-Йорк метросының алғашқы 28 станциясының бірі болған. Ол 1945 жылы жабылған. Өз сөзінде Мамдани бұл орынды «еңбек адамдарының өмірін жақсартуға ұмтылған, сұлулық пен батылдықты қатар ұстанған қаланың физикалық ескерткіші» деп атады. Салтанатты рәсімнен кейін қала әкімдігінің алдындағы алаңда ашық шара өткізілді.

«Ескі ратуша» метро станциясы Нью-Йорк қалалық әкімдігі ғимаратының астында 1904 жылы салынған. Ал әкімдік ғимаратының өзі 1812 жылдан бері үздіксіз пайдаланылып келе жатқан АҚШ-тағы ең көне ғимараттардың бірі саналады. Қазіргі таңда бұл станцияға тек Нью-Йорк көлік музейі ұйымдастыратын экскурсиялар арқылы ғана кіруге болады. Экскурсияға тек музей мүшелері қатыса алады. Жылдық мүшелік құны – 65 доллар, ал станцияға жеке экскурсия билеті 50 доллар тұрады.

Экскурсия барысында гидтер пойыз бен платформа арасындағы үлкен аралықты арнайы пандус арқылы өтеді. №6 пойызы Бруклин-Бридж – Сити-Холл станциясынан кейін осы бекеттің жанынан өтіп кетеді, сол сәтте туристер пойыздан түседі. Станцияның жабылуына басты себеп – платформа мен пойыз арасындағы қауіпті алшақтық болды. Уақыт өте келе пойыздар ұзарып, ал иілген платформа есіктермен дәл түйіспей қалды.

Business Insider журналисі Грэм Рапиер 2019 жылы бұл жерге барып, экскурсия жетекшілерінің жолаушыларды арнайы тұтқасы бар пандус арқылы қауіпсіз түсіріп жатқанын байқаған. Станция ішіндегі жарық түсетін күмбездер мен аркалар испандық инженер Рафаэль Гуаставиноның жобасы бойынша салынған. Оның қолтаңбасын Нью-Йорктің Гранд-Сентрал вокзалы, Куинсборо көпірі, Эллис аралы және Әулие Иоанн соборы сияқты басқа да әйгілі нысандарынан көруге болады.

Гуаставино плиткалары метро станциясының касса залында да сақталған. Бұрын жолаушылар метроға бар-жоғы 5 цент төлеген. 2026 жылы жолақы 2,90 доллардан 3 долларға дейін өскен. Станцияда метроға апаратын жалғыз баспалдақ бар, ал оның жоғарғы жағындағы есік үнемі құлыптаулы тұрады.

Мэрияның түпнұсқа атауы жазылған маңдайшасы әлі күнге дейін сақталған, бұл оның Нью-Йорк метросының алғашқы 28 станциясының бірі екенін дәлелдейді. Осылайша 80 жыл бойы жабық болған бұл станция 1 қаңтар күні қайтадан тарихқа енді. Былтыр сайланған Зоран Мамдани Нью-Йорктің 112-мэрі болып ант қабылдап, қаланың алғашқы мұсылман мэрі атанды. Сонымен қатар, ол 1892 жылдан бергі ең жас мэр. Оның жасы небәрі 34-те.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.