Арықтауға арналған таблеткалар азық-түлік индустриясын өзгертеді. Адамдардың тамақ жеу дәстүрі де басқаша болады.
Ел тұрғындарының 40%-ы семіздікке шалдыққан, оларға тәбетті басатын жаңа таблеткалар шығарылды
АҚШ-та ересектердің шамамен 40%-ы семіздікке шалдыққан. Иллюстрация shedevrum.ai сайтынан алынды
110
оқылды

Reuters хабарламасына сүйенген Aikyn.kz миллиондаған адамға семіздіктен арылатын таблеткалардың азық-түлік нарығын қалай өзгерткенін талдайды. 

Қабылдауға жеңіл, бағасы арзан арықтауға арналған таблеткаларды тұтынатындар саны АҚШ-та артады деп күтілуде. Корнелл университетінің зерттеуі GLP-1 препараттары кең таралғаннан кейін азық-түлік дүкендері мен мейрамханаларда табыс азаятынын көрсеткен. Жаңа мақұлданған тәбетті басатын (GLP-1 тобына жататын) таблеткалар 2026 жылдың қаңтар айынан бастап қолжетімді бола бастайды. Сарапшылардың пікірінше, келесі жылы қаптамада сатылатын дайын өнім өндірушілер мен фастфуд мейрамханалары өз өнімдерінің тізімін қайта қарауға мәжбүр болуы ықтимал.

Бұған дейін семіздіктен арылғысы келетін миллиондаған америкалықтар GLP-1 препараттарын инъекция түрінде ғана қабылдауға мәжбүр болған еді. Осы препараттарды АҚШ нарығында таблетка түрінде сатуға рұқсат берілген соң ине салудан сақтанатын көптеген пациенттер таңдауы арзан әрі қабылдауға ыңғайлы формаға ауысады деп болжануды.

АҚШ-тың Азық-түлік пен дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы (FDA) жақында Novo Nordisk компаниясының препаратын мақұлдады. Дүйсенбі күні (22 желтоқсан) Wegovy атты GLP-1 препаратының шығарылуы сейсенбіде азық-түлік компаниялары акцияларының арзандауына әсер етті. Ал Wegovy-ге бәсекелес препарат келесі жылы реттеуші органдардан мақұлдау алуы мүмкін.

Conagra Brands пен Nestle секілді азық-түлік компаниялары қазірдің өзінде тұтынушы талғамының өзгеріп жатқанын байқауда. Арықтауға арналған инъекциялар танымал болғандықтан, адамдар ақуыз мөлшері жоғары өнімдерге көбірек бет бұрып, ас көлемін (порцияны) кішірейтуге ұмтылған. Сарапшылар GLP-1 препараттары кең қолданысқа енсе, сұраныс құрылымында ұзақмерзімді өзгерістер болуы мүмкін дейді.

Азық-түлік тұтынудың жаңа үрдісіне бейімделу үшін компаниялар ақуызы көбірек өнімдерді алға шығарып, таңбалауында олардың GLP-1 қолданушыларына сәйкестігін көрсете бастаған. Сонымен бірге, ірі бөлшек сауда желілерімен бірге өнімді тиімді ілгерілету жолдарын қарастыруда.

«Біз адамдардың тұзды тіскебасар, алкоголь, газды сусын, тәтті ішімдік пен пісірілген өнімдерді азайтып, ақуыз бен талшыққа (клетчаткаға) көбірек мән беріп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан азық-түлік компаниялары да, мейрамханалар да осы өсіп келе жатқан аудитория сұранысына бейімделеді деп күтеміз. Бұл препараттарға қолжетімділік кеңейіп, GLP-1 қолданушыларының қажеттілігін ескеретін өнімдер үшін әлеуетті нарық та ұлғаяды», – дейді Rabobank-тың тұтыну тауарлары бойынша талдаушысы Джей Пи Фроссард.

Zacks Investment Research компаниясының акция нарығы жөніндегі стратегі Эндрю Покко Novo-ның мақұлдануын «серпіліс» деп атаған. Оның айтуынша, таблетка инъекциялық Wegovy нұсқасына қарағанда арзанырақ болады және салмақ тастау көрсеткіштері де ұқсас деңгейде сақталмақ. 

«Ақуыздың жоғары болуы, ас мәзірі көлемінің (порцияның) кішіреюі және функционалды тағамдардағы инновациялар қажет болады», – дейді ол.

АҚШ үкіметінің деректеріне сәйкес, елдегі ересектердің шамамен 40%-ы семіздікке шалдыққан. Ал KFF зерттеу ұйымы өткен айда жариялаған сауалнама бойынша, ересектердің шамамен 12%-ы қазіргі уақытта GLP-1 деңгейін арттыратын препараттарды қабылдап жүр.

Өткен аптада жарияланған Корнелл университетінің зерттеуінде Numerator компаниясы шамамен 150 000 отбасынан жинаған сатып алу деректерін талдаған. Нәтижесінде GLP-1 әсерін күшейтетін препараттарды қолданатын отбасылардың азық-түлік дүкендеріндегі шығынды орта есеппен 5,3%-ға, ал фастфуд мейрамханаларындағы шығынды шамамен 8%-ға қысқартатыны анықталған. Алайда үй шаруашылықтары бұл дәріні тоқтатқанда, аталған қысқарулардың басым бөлігі жоғалып кеткен.

«Біз байқаған төмендеу таблетка түріндегі арықтау препараттары шыққан соң халықтың әлдеқайда кең бөлігіне таралуы мүмкін», – деп ойлайды зерттеу авторларының бірі Сильвия Христова. Ол сондай-ақ таблетканың бағасы төмен әрі қолдануға жеңіл болғандықтан, адамдар препаратты ұзағырақ қабылдауы ықтимал екенін айтады.

Корнелл зерттеуі йогурт пен жаңа піскен жемістер сияқты кейбір санаттарда шығынның аздап артқанын ғана көрсеткенімен, компаниялар бұл сигналға да мән беріп отыр. Жыл басында Conagra өздерінің Healthy Choice маркасындағы кейбір мұздатылған тағамдарын (ақуыз бен талшық мөлшері жоғары) «GLP-1 тапшылығы бар адамдарға қолайлы» деп таңбалай бастады. Компания өкілінің айтуынша, бұндай тағамдар дәл осындай таңбасы бар бәсекелес өнімдерден де жылдамырақ сатылып жатыр. Өкілдің мәліметінше, Conagra мамыр айында осыған ұқсас таңбалаумен жаңа Healthy Choice рецептерін ұсынуды жоспарлап отыр. Оларды Walmart пен Kroger сияқты дүкен желілерімен бірге нарықта белсенді түрде ілгерілетпек.

Францияның Danone сүт компаниясы (Oikos грек йогуртын өндіреді) өз хабарламасында ақуыз мөлшері жоғары өнімдерінің сатылымы екі таңбалы өсім көрсетіп отырғанын және бұл үрдіс GLP-1 препараттары енгізілгеннен бері жеделдей түскенін мәлімдеген.

Әлемдегі ең ірі азық-түлік өндірушісі Nestle де GLP-1 қолданушыларына арнайы әзірленген жаңа мұздатылған тағамдарды Vital Pursuit атауымен ұсына бастады. Chipotle мексикалық фастфуд желісі сейсенбі күні өз мәзіріне «Жоғары ақуызды мәзір» қосты. Оның ішінде, бір бөлік (порция) тауық еті немесе стейк бар. Соңғы айларда Olive Garden сияқты кейбір мейрамхана желілері де мәзірге көлемі кішірек әрі арзанырақ тағамдарды енгізген. Noodles & Company компаниясының маркетинг жөніндегі басшысы Стивен Кеннедидің айтуынша, мұндай өзгерістер қонақтарға «дәм талғамын қанағаттандыратын, бірақ ауырлық түсірмейтін» нұсқаларды ұсыну үшін жасалып отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.