Елдегі мұнай қоры аса мол болғанына қарамастан, Венесуэла соңғы жылдары мұнай өндіру көлемін қысқартқан. Америкалық мұнай компаниялары билік ауысқан соң осы ресурстарды иемденеді деп болжануда.
Дональд Трамптың Венесуэла мұнайын игеруге шақыруын америкалық компаниялар селқос қабылдады
Президент Мадуро мен жұбайын тұтқындаған Дональд Трамп америкалық компаниялар Венесуэланың «орасан зор байлығын» игеретінін жариялады. Фото globalnation.inquirer.net сайтынан алынды. Авторлығы: AFP / Kamil Krzaczynski and Federico Parra
569
оқылды

Financial Times талдауына сүйенген Aikyn.kz АҚШ-тың Латын Америкасы еліне әскери шабуылының себебін түсіндіреді.

3 қаңтарда Каракасқа зымыранмен шабуылдаған америкалық әскерилер Венесуэланың заңды сайланған президенті Николас Мадуро мен оның әйелін тұтқындап, Құрама Штаттардың территориясына алып кеткен. Бүкіл әлемде үлкен дүрбелең тудырған төтенше оқиғаға әлем елдері әртүрлі баға беріп, АҚШ президенті  шешімінің себебін іздеуде. Дональд Трамп болса еш қысылмастан, америкалық энергетикалық компаниялар Венесуэлаға «миллиардтаған доллар» инвестициямен қайта оралады деп мәлімдеді. Саясаткерлер мен сарапшылар бұны мұнайға бай елдегі билікті күштеп ауыстыру жоспарының негізгі себебі деп қабылдауда.

Сенбі күні (3 қаңтар) президент Трамп америкалық компаниялар (олардың басым бөлігі Венесуэладан ондаған жыл бұрын кетіп қалғанына қарамастан) Венесуэланың «орасан зор байлығын» игеретінін жариялады.

«Біз Америка Құрама Штаттарының ең ірі, әлемдегі ең қуатты мұнай компанияларына миллиардтаған доллар жұмсауға, қатты бүлінген мұнай инфрақұрылымын жөндеуге және елге табыс әкеле бастауға мүмкіндік береміз», – дейді Трамп.

Бұл мәлімдеме Вашингтон Каракасқа соққы жасап, президент Николас Мадуроны тұтқындағаннан кейін бірнеше сағат өткен соң айтылды. Мұнайдың негізгі уәж болғанын АҚШ көшбасшысының ашық білдіруі бұл қадамды одан әрі шиеленістіріп жіберді.

АҚШ қолдаған Ливия мен Ирак сияқты мұнайға бай елдерге соғыс ашу сол мемлекеттерде ұзақ жылдарға созылған тұрақсыздыққа алып келгені белгілі. Венесуэлада әлемдегі ең ірі мұнай қоры бар. Көп жылдар бойы Қытай оның басты сатып алушысы болды, ал Ресей мұнай саласындағы негізгі серіктестердің бірі саналды. Енді АҚШ президентінің айтуынша, Венесуэлада мұнай өндіру америкалық мұнай компанияларының еншісіне өтпекші. Сарапшылар Вашингтонның бұл қадамы бүкіл әлемге әсер етеді деп есептейді.

«Егер біз активтерді тәркілеу, ұлт меншігіне тартып алу сияқты бірқатар төтенше шараларға барып, америкалық компанияларға бұны орасан зор пайда табу құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік берсек,  бұл АҚШ пен америкалық мұнай компанияларын әлемнің қалай қабылдайтынын түбегейлі өзгертеді», – дейді Колумбия университетіндегі Жаһандық энергетика саясаты орталығының негізін қалаушы директоры Джейсон Бордофф.

Венесуэланың дәлелденген мұнай қоры 300 млрд баррельден асады, бұл Сауд Арабиясының мұнай қорынан да көп. Бір кездері Венесуэла Ориноко аймағындағы қою, ауыр мұнайды өңдеуге арналған Мексика шығанағындағы мұнай өңдеу зауыттарының басты жеткізушісі болған. Алайда жаппай жемқорлық, АҚШ санкциялары және тиімсіз басқару салдарынан соңғы онжылдықтарда мұнай өндіру тәулігіне 900 мың баррельден сәл ғана асатын деңгейге төмендеген. Бұл АҚШ-тағы мұнай өндірісінің оннан біріне де жетпейді. Каракас экономиканың негізгі секторларына мемлекеттік бақылауды күшейткен соң, шетелдік инвесторлар елден кетіп қалған.

Трамп мұнай өнеркәсібін қайта жандандырудан түсетін табыс Венесуэланың жаңа билігін қолдап, «алдауға ұшыраған» ірі мұнай инвесторларының шығындарын өтейді деп мәлімдеді. Алайда мұнай саласының басшылары мен олардың кеңесшілерінің ұстанымдары әлдеқайда байсалды.

«Әлемдегі ең ірі мұнай қорына ие көрші елге қайта оралу мүмкіндігі америкалық компанияларды сөзсіз қызықтырады. Алайда бұл жерде маңызды бір «бірақ» бар. Ол – өткен тарих пен белгісіздік факторлары бар, сондықтан олар шешім қабылдамас бұрын бәрін өте мұқият таразылайды», – дейді Rapidan Energy компаниясының президенті әрі Джордж Буш кіші әкімшілігінің бұрынғы кеңесшісі Боб МакНэлли.

Венесуэлада жұмыс істеп тұрған жалғыз америкалық мұнай компаниясы Chevron заңдар мен ережелерге толық сәйкес қызметін жалғастыратынын айтты, бірақ әзірге кеңею жоспарларына қатысты пікір білдірмеді.

«Chevron компаниясы қызметкерлерінің қауіпсіздігі мен әл-ауқатын, сондай-ақ активтерінің сақталуын басты басымдық ретінде қарастырады», – дейді компания өкілі.

Chevron Трамп әкімшілігі берген арнайы лицензия негізінде Венесуэлада жұмыс істеп келеді және серіктестерімен бірлескен кәсіпорындар арқылы шамамен 3 000 адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Қазіргі таңда инвестиция салудың ең қолайлы нұсқасы – Chevron. Өйткені олар қазірдің өзінде сол жерде. Оларда инфрақұрылым да, кадрлар да бар, ал басқа компанияларда бұл жоқ», – дейді Chevron-ның бұрынғы басшысы, қазір Венесуэланың мұнай секторына инвестиция тартумен айналысып жүрген Али Мошири.

Басқалары ондаған жылдарға созылған тұрақсыздық пен Венесуэлада ауыр мұнайды дәстүрден тыс өндіру секторын дамыту үшін қажет инвестициялардың ауқымын ескеріп, инвесторлар елге ағылмайды деп күмән келтірді.

«Бұл – аса ірі капитал салымдары. Қазіргі өндіріс деңгейін 2040 жылға дейін ұстап тұру үшін шамамен 65 млрд доллар қажет. Ал Венесуэлада өндірісті тәулігіне 2 млн баррельге дейін қалпына келтіру үшін 100 млрд доллардан астам қаржы керек. Америкалық компаниялар бірнеше сағат ішінде-ақ бұндай қадамға бармайды», – дейді Rystad Energy консалтинг компаниясының сарапшысы Шрайнер Паркер.

АҚШ-тың ең ірі мұнай компаниясы ExxonMobil 2007 жылы Венесуэланың бұрынғы президенті Уго Чавес экспроприациялаған батыстық компаниялардың қатарында болды. 2014 жылы халықаралық арбитраждық комиссия Ориноко мұнай белдеуіндегі Серро-Негро жобасын мемлекет меншігіне қайтаруға байланысты ExxonMobil-ге 1,6 млрд доллар өтемақы тағайындады.

Өткен жылы Дүниежүзілік банк жанындағы арбитраждық трибунал Венесуэланың ConocoPhillips пайдасына шығарылған 8,37 млрд долларлық шешімді жою туралы өтінішін қабылдамады. Бұл шешім Хамака, Петросуате және Корокоро жобаларының экспроприациясына қатысты болған. Exxon мен Conoco тағайындалған өтемақының басым бөлігін әлі де өндіріп алғысы келеді. Трамп бұл күресті Мадуроны биліктен шеттетуді ақтау үшін пайдаланып, бірнеше рет «ұрланған мұнайға» сілтеме жасады. Ал мұнай компаниялары әзірше үнсіз отыр.

Мұнай нарықтары жексенбі күні ашылғанда халықаралық трейдерлер Трамптың шешіміне реакция білдіреді. Алайда әлемдік мұнай қорының молдығы президенттің қолын біршама босатып отыр. Жұма күні Brent маркалы мұнай барреліне 60 доллардан сәл жоғары деңгейде жабылған. Бұл 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіргеннен кейінгі 120 доллардан едәуір төмен.

Трамптың айтуынша, Венесуэла сенбі күні де эмбарго астында қалуда. Бұл елден жеткізілімдегі кез келген іркіліс мұнай бағасының өсуіне әкелуі мүмкін. Алайда қосымша өндірісті іске қосу үшін көп уақыт қажет, ал оның көлемі бастапқыда мардымсыз болуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, елеулі инвестициялар салынған жағдайда Венесуэлада мұнай өндіру алдағы онжылдықта екі есеге жуық артып, тәулігіне 2 млн баррельден асуы мүмкін. Дегенмен, бұл әлі де Техастағы өндірістің жартысынан аз.

«Көпжылдық құлдырауды ескере отырып, Венесуэланың мұнай секторына қатысты «миссия аяқталды» деген мәлімдемеге біз әлі де сақтықпен қараймыз. Және қалпына келу жолы ұзақ болады деп есептейміз», – дейді бұрынғы Орталық барлау басқармасының сарапшысы Хелима Крофт. 

Әлемдік тәртіп қалай өзгеруі мүмкін?

АҚШ-тың Венесуэлаға шабуылы халықаралық қауымдастықтың Вашингтонға деген сенімін едәуір әлсіретеді. Егемен елге қарсы әскери күш қолдану, оның президентін жұбайымен тұтқындау және табиғи ресурстарды ашық түрде стратегиялық мүдде ретінде жариялау АҚШ-тың халықаралық құқықты елемей, күшке негізделген саясатқа бет бұрғанын аңғартады. Бұл жағдай АҚШ-тың дәстүрлі одақтастарының да «ертең бұндай қысым бізге жасалмай ма?» деген алаңдаушылығын күшейтеді.

Егер бұндай әрекеттер жауапсыз қалса, басқа ірі державалар мен аймақтық ойыншылар да күш қолдануды заңды әрі тиімді құрал ретінде қабылдай бастайтыны анық. Нәтижесінде, әлемдік тұрақтылық әлсіреп, көптеген елдер доллардан бас тартып, АҚШ-тан тыс қауіпсіздік кепілдіктерін іздеуге және аймақтық одақтар мен екіжақты келісімдерді күшейтуге ұмтылады.

Осы үдерістер екі полюсті әлемдік жүйеден көпполюсті әрі тұрақсыз тәртіпке өтуді жеделдетеді. Осындай жағдайда ережелер мен келісімдерден гөрі, ресурс пен әскери күш шешуші факторға айналады. Трамптың Венесуэлаға қатысты саясаты бір елдің ғана емес, бүкіл әлемдік сенім архитектурасын шайқалтып, ұзақ мерзімде АҚШ-тың ықпалын әлсіретуі мүмкін.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.