Aikyn.kz электр энергиясын үнемдеу жолдарын slashgear.com сайтына сілтеме жасап баяндайды.
Электр қуатын аз тұтынамын дегенмен ай сайынғы төлем шотыңыз өсе беруі мүмкін. Бағаның өсуіне байланысты электр шығынын азайту үшін энергия үнемдейтін технологиялар мен тәсілдерді білген дұрыс. Олар өте қарапайым. Алдымен үйіңізде желіге қосылған тұрмыстық техниканы мұқият қарап шығыңыз. Ұдайы қосуға болатын, қолданылмаған кезде өшіріп қоятын техникалар бар. Өзіңіз байқамай энергия жоғалтатын басқа да жағдайларды анықтау керек.
Көптеген электронды құрылғылар мен тұрмыстық техника өшірілген күйде тұрса да, желіден энергия тұтынуды жалғастырады. Бұл құбылыс «елес жүктеме» деп аталады. Тіпті «ақылды» розеткалардың өзі өшірулі тұрған кезде аз да болса (1-2 ватт) энергия жейді. Сонымен қатар тұрмыстық техниканы дұрыс қолданбау да электр шығынын арттыруы мүмкін. Мысалы, ескі кір жуғыш машинаны күн сайын пайдалану немесе қолданғаннан кейін құрылғыларды желіден ажыратуды ұмыту.
Энергияны ысырап ету мәселесімен күресуді бастау үшін пайдаланылмай тұрған кезде міндетті түрде желіден ажырату керек үш құрылғы бар. Сонымен бірге «елес жүктемеден» қорықпай, желіге қосулы күйінде қалдыруға болатын екі құрылғы да бар.
Міндетті түрде желіден ажыратылуы тиіс үш құрылғы
Теледидарды өшірсеңіз, ол толығымен сөнеді деп ойлайсыз ба? Шын мәнінде, олай емес. Қазіргі смарт-теледидарлар әдетте сағатына 100 ватт немесе одан аз қуат тұтынады, бірақ өшірілгеннен кейін бұл көрсеткіш бірден нөлге түспейді. Ең жаңа әрі ең қымбат теледидарлардың өзі күту режимінде энергия тұтынуды жалғастыра береді.
TCL компаниясының мәліметінше, теледидарлар өшірілген күйде 0,5 ваттан 3 ватқа дейін энергия тұтынады. Егер теледидардағы индикатор шамының тәулік бойы жанып тұрғанын байқасаңыз, энергия қайда кетіп жатқанын түсінесіз. Ұйқы режимін белгілі бір уақыттан кейін автоматты түрде қосу секілді баптаулар жалпы тұтынуды азайтуы мүмкін. Дегенмен теледидардың өшірулі күйде мүлде энергия тұтынбауына кепіл беретін жалғыз жол – оны желіден ажырату.
Интернет-маршрутизаторлар
WiFi-роутерлер – үйдегі энергия тұтынудың айқын көздерінің бірі. Көп адамдар интернетті үнемі қосулы қалдырады. Себебі қашан қажет болатынын ешкім білмейді. Оның үстіне көптеген тұрмыстық құрылғылар интернетке тұрақты түрде қосылып тұруды талап етеді.
Алайда бұл роутерді тәулік бойы қосулы ұстау керек дегенді білдірмейді. Модельге байланысты роутер сағатына 5-тен 20 ваттқа дейін энергия тұтынады. АҚШ-та электр энергиясының орташа бағасы бір киловатт-сағат үшін шамамен 13 цент екенін, Астанада 20-30 теңге екенін ескерсек, түнде роутерді өшіріп қою арқылы жылына бірнеше мың теңге үнемдесіз. Ал баға 20 центтен асатын Калифорния секілді штаттарда шығын одан да көп болады. Сондықтан демалысқа кеткенде немесе бір күнге үйден шыққанда Wi-Fi роутерді өшіру арқылы қосымша энергия үнемдеуге болады.
Қуаттағыш құрылғылар
Қуаттағыштар – сіз ойлағаннан да көп энергия тұтынатын айлакер құрылғылардың бірі. Телефон қуаты толы болса да, желіге қосылған қуаттау құралының өзі электр энергиясын тұтынуды жалғастыратыны сізді таңғалдыруы мүмкін. Бұл – оларды пайдаланбаған кезде желіден ажыратудың маңызды себептерінің бірі. Әрине, белсенді емес қуаттағыштардың қуат тұтынуы аз, бірақ олар үнемі қосулы тұрса, уақыт өте келе шығын жиналады. Ал құрылғы толық зарядталғаннан кейін де розеткада қала берсе, батареяны 100% деңгейде ұстап тұру үшін аз мөлшерде энергия жұмсалатын баяу зарядтау жүреді.
Тағы бір себеп – қауіпсіздік. Электр сымдарының жануы сирек болса да, әсіресе сапасыз құрылғыларда мұндай жағдайлар кездеседі. Тіпті қуаттамай тұрған кезде де сапасыз кабельді желіде қалдыру аса қауіпті. Олар қызып, еріп өрт шығаруы мүмкін. Жай ғана ажыратып қою – әрі энергияны үнемдейді, әрі ықтимал қауіптің алдын алады.
Желіге қосулы күйінде қалдыру қажет екі құрылғы
Желілік сүзгілер (сетевой фильтр) мен кернеуден қорғайтын құрылғылар үйдегі энергияны басқаруға көмектеседі. Әсіресе олар қымбат электрониканы қорғауда пайдалы. Егер желілік сүзгіңіз кернеуден қорғайтын функцияға ие болса, қосымша қауіпсіздік бар деген сөз. Бірақ бәрібір оны желіден ажыратудың қажеті жоқ.
Қосқышы бар сүзгілер құрылғылардың өшірулі күйде энергия тұтынбауын қамтамасыз етеді. Дегенмен жарық индикаторы бар қосқыштар өздері энергия тұтынады. Сондықтан мұндай сүзгілерді өшіру немесе желіден ажырату дұрыс. Қосқышы бар сүзгілерді үнемі желіде қалдыруға болады. Бірақ қатты қызатын, моторы немесе компрессоры бар құрылғыларды қосулы қалдырмаңыз.
Сенімді тостеріңіз
Көптеген заманауи тұрмыстық құрылғылар энергия үнемдейтін саналады. Бірақ бұл оларды пайдаланбаған кезде желіде қалдыру керек дегенді білдірмейді. Мысалы, цифрлық экраны бар кез келген құрылғы өшірулі тұрса да энергия тұтынады. Алайда бір ерекше құрылғы бар – оны желіде қалдыру қауіпсіз.
Тостер – дәл сондай құрылғы. Оны әр таңғы астан кейін міндетті түрде ажыратудың қажеті жоқ. Ескі үлгідегі тостер электр тізбегі тек батырма басылғанда ғана тұйықталатындықтан, ол нан қуырмаған кезде мүлде энергия тұтынбайды. Сондықтан тостердің электр шотыңызды өсіріп жатқанына алаңдамасаңыз болады. Үнемдеп үйреніңіз, бай болыңыз!
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.