Ал осыған дейін өткізілген төрт құрылтай қоғам өміріне көптеген өзгеріс алып келді. Мәселен, қазірге дейін Ұлттық құрылтайда айтылған бастамаларды іске асыру аясында 26 заң қабылданған. Бұған қоса, құрылтай Мемлекет басшысының Жарлықтарына, маңызды тұжырымдамаларға негіз болды.
Мәртебеден бастау алған мәміле
Өткенге сәл шегініс жасайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрылған консультативтік-кеңесші органның ең алғашқы жиыны 2022 жылдың маусымында Ұлытауда өткені белгілі. Ұлытау жері тектен-тек таңдалмады, ежелден қазақ мемлекеттілігінің саяси орталығы саналады, яғни тарихи-символдық себебі бар қадам десек болады. Міне, осы әуелгі құрылтайда 25 қазан – Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі берілді.
Келесі кеңес араға бір жыл салып, Түркістан өңірінде өтті. Мұнда талқыланған мәселелердің ауқымы кеңейгені анық білінді. Айтылған бастамалар негізінде көп өтпей оннан астам заң жобасы әзірленді. Мысалы, «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң; «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару; «Кинематография туралы» заңға түзетулер; ономастика жұмысын жүйелеу туралы құжаттарды атай аламыз.
Бұл қатарда қоғамның түйткілді мәселелерін реттеуге бағытталған жобаларды да қосар едік. Жастарды желіктірген вейптерге, шегуге келмейтін темекі өнімдеріне тыйым салу туралы түзетулер енгізілді. Құмар ойын бизнесі, лотерея қызметі мәселелері реттелді.
Ең назар аударар тұс – жұмысшы мамандықтар үшін жаңадан 9 құрметті атақ енгізілді. Белгілі бір салаларға жылдар бойы еңбек сіңірген қарапайым азаматтар еленіп, көпке үлгі саналды. Бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын бір ізге түсіретін Масс-медиа мәселелері туралы заңнамаға түзетулер қосылды. «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң; Мемлекеттік наградаларға ұқсас қоғамдық наградаларды дайындауға және марапаттауға тыйым салатын заң; Ғылым және білім беру мәселелері туралы заңнамаға түзетулер енгізілді. Соңғысы педагогтердің мәртебелі маман атануына септесті.
Үшінші құрылтай Атырау жерінде болды. Алдымен «Айбын» орденіне аңызға айналған қаһармандар – Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының, Рахымжан Қошқарбаевтың есімін беру туралы түзетулер енгізілді. Көбіне қоғамдық түйткілдерге баса назар аударылды. Вандализмге қарсы күрес және табиғи нысандарды қорғау туралы түзетулер; Лицензиялауды ретке келтіру және заңсыз археологиялық қазбаларға қатысты жауапкершілікті күшейту туралы түзетулер қосылды. Әлеуметтің бір дертіне айналған есірткі тақырыбы елеусіз қалмады. Есірткі тасымалдаушылар мен есірткі өндірушілердің жауапкершілігін саралау туралы түзетулер пайда болды.
Әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалар қауіпсіздігі мәселелері туралы түзетулерді ерекше атап өту керек. Соның негізінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қылмыстық жауапкершілік көзделіп, балаларға қатысты зорлықтың барлық түріне жаза қатаңдатылды. Бұған қоса, өңірлік рәміздердің бірыңғай стандарты туралы түзетулер; «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға түзетулер; Креативті индустрияны қолдауға бағытталған заңнамалық шаралар пакеті енгізілді.
Былтырғы құрылтай Бурабай өлкесінде өтті. Осы тұста жыл сайын құрылтай қоғамдық құбылыстардың әр деталін тереңінен саралап жатқаны байқалады. Мәселен, былтыр қоғамдық орындарда бет-бейнені тануға кедергі келтіретін киім киюге қатысты әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Құқыққа қайшы келетін контентті, яғни ұлтаралық, діни араздықты қоздыратын материалдар таратқандарға әкімшілік жаза қолданылатын болды. Жұрт арасында пікірталасты көбейтетін кейбір тақырыптар назардан тыс қалмады. ЛГБТ мен педофилияны насихаттауға қатысты жауапкершілік енгізілді.
Жалпы, мемлекет әйелдер құқы мен балалардың қауіпсіздігіне көңіл бөлуді күшейтті. Екінші жыл қатарынан құрылтай әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалар қауіпсіздігі мәселелері туралы түзетулерге арқау болды. Қамқоршылық органдарын күшейту, балалардың құқықтарын қорғауды насихаттайтын шаралар жүзеге асты. Бұдан бөлек, Ономастика саласындағы жұмысты ретке келтіру; Қазақстандағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының мәртебесін қайта жандандыру туралы жайттар реттелді.
Қызылордада өтіп жатқан кезекті құрылтайдың ауқымы да үлкен болып жатқаны даусыз. Осыған дейін өткізілген құрылтайдың нәтижесінде 26 заң қабылданғанын айттық. Қазір тағы 10 заң жобасы бойынша жұмыс істеліп жатыр.
Тұжырымдамалардың жаңа тарауы
Жыл сайын құрылтайда айтылатын идеялар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен талқылатыны белгілі. Кейбір маңызды бастамалар нормативтік-құқықтық актіге айналып, ел Президентінің Жарлықтарында көрініс табады. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлық пен «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлықты осы тұста ерекше атауға болады.
Мемлекеттің алдағы уақытқа құрған кешенді жоспарлары мен тұжырымдамалық құжаттар да – құрылтайдың бір бөлігі. Жалпы, осы кезге дейін есірткіге қарсы күрес, ойын бизнесін реттеу, өңірлік даму, инфрақұрылым, еңбек идеологиясы, тіл саясаты, волонтерлік, балалар, ғылым қалашықтары тақырыбын қамтыған жоспарлар мен тұжырымдамалар қабылданыпты.
Әділетті Қазақстан қағидаттары мен құндылықтарын орнықтыруға бағытталған Президент бастамаларын жүзеге асыру ісі де құрылтайда көрсетілген маңызды бағыт. Мысалы, Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекітті. Жалпыұлттық құндылықтар тізімінде бұл бірінші болып көрсетіліп, отаншылдық ұғымын алға шығарды. 2024 жылдан бері мектептерде жалпыұлттық құндылықтарға негізделген «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы енгізілді. Балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы шараның барлығын біріктіретін «Қазақстан балалары» біртұтас бағдарламасы әзірленді.
«Заң және тәртіп» қағидаты күшейді. Жаңа қоғамдық этикалар қалыптасты, Вандализмге қарсы күрес және табиғи нысандарды қорғау туралы заңнамалық түзетулер енгізілді, онлайн-платформаларда жала жабу, яғни басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін немесе беделіне зиян тигізетін жалған ақпарат таратуға қатысты әкімшілік жауапкершілік белгілеу бойынша жұмыс атқарылуда.
Президент бастамасы бойынша 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланды. Үкіметтің 2024 жылғы 29 маусымдағы қаулысымен 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып белгіленді. Былтыр жалпыұлттық сауалнама жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша қазақстандық авторлардың танымал шығармалары арасынан «100 кітап» тізімі айқындалды. «AMANAT» партиясының желісі бойынша «Оқитын ұлт» жобасы іске қосылды.
Қоғамда теңдік идеясының мәні артты. Қазір ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдауды реттейтін «Мүмкіндігі шектеулі балаларды (тұлғаларды) кешенді қолдау туралы» заң жобасы әзірленуде. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға әдістемелік қолдау көрсету мақсатында Арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі ұлттық ғылыми-практикалық орталықта зертхана ашылды. Бұл жерде аутизмі бар балаларды оқыту және тәрбиелеу саласында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Ұлтымыздың рухани келбеті назардан тыс қалмады. 2025 жылғы наурызда қазақ халқының ұлттық ән және фольклорлық мұрасына арналған «Асыл мұра» аудиожинағының тұсаукесері өтті. Жоғары оқу орындары мен мектеп оқулықтарына негіз болатын Қазақстан тарихының академиялық көптомдығы әзірленуде. ЮНЕСКО-мен өзара іс-қимыл аясында XVIII ғасырдың бірегей қолжазбасы – «Хандар шежіресі» «Әлем жады» бағдарламасының халықаралық тізіліміне енгізілді. Қытайда Қазақстанның мәдени орталығы ашылды. Алматы облысындағы ғылыми қалашықтың бас жоспары бекітілді. Осылайша, құрылтайда айтылған ойлар елеусіз қалмай, нақты жоспар ретінде іске асып жатыр.
Мадияр ТӨЛЕУ