Бүгінде тасты қашап, одан түрлі тұрмыстық заттарды жасайтын дизайнерді табу мүмкін емес сияқты. Бірақ осы бір сирек кәсіпті игерген Данияр Удербеков жасаған бұйымдар далалық модернизмнің манифесі ретінде бағаланып жатыр.
Далалық модернизмнің үлгісі
92
оқылды

Олардың артықшылығы сол – өздігінен биоыдырайды. Ол дегеніміз – бірнеше жыл өткеннен кейін қалдық қалмай, табиғатқа зиянын келтірмейді. 

Дизайнерлер туралы сөз болғанда, ма­териал мәселесі көбіне екінші, тіпті үшінші орынға ысырылып қалады. Алайда Данияр Үдербековтің шығармашылығына үңілсек, жұмысы әуелі материалдан басталатынын аңғарамыз. Дизайнер шикізат ретінде сонау неолит дәуірінен бері келе жатқан өзен жонып қалыптастырған тастарды пайда­ланады. Мың­даған жылдық тарихы бар тас пен цифр­лық құралдардың тандемінен пайда болған бұйымдар Fab-lab стиліне тән. Дайын табиғат өнімінен жасалатын бұйымдар он­жылдық­тарға дейін қызмет ете алады.

«Маған салмағы 100 келіден асатын, бір жағы тегіс, екінші жағы домалақ тас керек болды. Алматыда мұндай валундар өзен арналарының бойында жатады. Құюдың не өңдеудің орнына, табиғаттың өзі жасап қой­ғанын тауып, оны қызметіне сай қолда­на­мын», – дейді.

Мәселен, 10 Nodes креслосында киіз тас орындық қаңқаны тұтас бір бөлшек күйінде, тігіссіз, қаптамасыз көрпедей орап тұрады. Сондықтан ол берік, ажырап кететін жері жоқ. Дизайнердің жұмысы алдымен функ­ционалдық тапсырмадан басталады. Егер ағаш ұстаханасы жоқ болса, қажетті элемент­терді 3D-принтермен шығарады. Ал тігін цехы болмаса, өзін-өзі ұстайтын материал іздейді, ол – киіз. Осылай жасалған бұйым­дар­дың саны бүгінде онға жетіп, өз алдына жаңа визуалды кодқа айналды.

Данияр Удербековтің тағы бір ерекше бұйымы – «Қой басы» үстелі. Үстелді жасау үшін ол арнайы Ұлттық музейге барып, сако-сармат археологиясын зерттеп, кейін Пушкин музейіндегі «Сарматтардың алтыны» көрме­сіне барып қайтқан. Бұл үстел Бельгиядағы көрмеде көрсетілген. Көрмеде ол тек экзотика ретінде емес, далалық модернизмнің мани­фесті ретінде бағаланған бұйым ретінде си­патталады.

«Бұл жұмысты былтыр Еуропада, Брюс­сель қаласында (Бельгия) таныстырдым. Сол кезде байқағаным, адамдар үстелді алғаш көргенде қатты таңғалды. Себебі үстелдің астыңғы бөлігі – массивті, геометриялық, текше пішінді, қой басына ұқсас құрылым. Ол стилистикалық тұрғыда тарихи мұраға, дәстүрлі форма мен заманауи өңдеуге сүйеніп жасалған. Мен үшін дала модернизмі – бұл көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты ұғым. Ол ең алдымен минимализмді, табиғат­пен үндестікті, мобильділікті білдіреді. Көшпелі­лер белгілі бір затқа қатты тәуелді болмаған. Ертеде біздің өмір салтымыз сондай еді. Бүгінде осындай қағидалар бүкіл әлемде өзекті болып отыр. Заманауилыққа бет бұрсақ та, табиғи материалдарды қол­дануға ұмтылыс күшейіп, қалдықтарды мүм­кіндігінше пайдаға асыруға тырысып жүрміз. Бұйымдарды жа­сауда өздігінен биоыдырайтын немесе табиғи материалдарды таңдаймын. Мысалы, табиғи тас, мәрмәр, гранит, кейде ағаш сияқты ма­териалдар», – деді ол.

Жалпы, футуро-архаизм деген не? Ол қандай бұйымдар деген сұраққа кейіпкеріміз өт­кен мен болашақты тоғыстыра­тын көр­кемдік әрі дүниетаным­дық ұғым, яғни бола­шақта көне дүниелерді пайдалану деп түсіндірді. Дизай­нердің пайымдауынша, болашақта адамзат ежелден келе жатқан, ата-бабаларымыздан қалған материалдарға қайта оралады. Ағаш, саз балшық, өсімдік тектес материалдар және табиғи тас сияқты материал­дар жұрттың қа­жетіне жарап, кеңінен қол­данылатын болады. Бұл өз кезегінде құрылыста және бұйым жасауда металды немесе улы қоспаларды, мысалы ПВХ пластикті, ағаш жаңқалы тақта, ағаш талшықты тақта және басқа да синтетикалық материал­дарды қол­данбауға деген әрекетті білдіреді.

«Қазір де, болашақта да бұл табиғи мате­риалдар органикалық ортада пайдаланылатын болады. Себебі заманауи материалмен жұмыс істеу энергияны өте көп қажет етеді. Елестетіп көріңіз, мысалы Мәскеуде жасалып, кейін тасымалданып жеткізілетін тұрмыстық бұйымға қыруар ақша төленеді. Мұндай жүйе ұтымсыз, өйткені тасымалдауға көп энергия жұмсалады, ал ол энергия қайта қалпына келмейтін ресурс. Сондықтан болашақта жергілікті, табиғи әрі энергияны үнемдейтін тәсілдер әлдеқайда ұтымды болады. Мен өз бағытымды осы көзқарасқа негіздеймін», – дейді Данияр Удербеков.

Кейіпкеріміздің шығармашылық жолы кез келген мамандықты игеруге алдымен кәсіби білімнің болуы керек деген түсінікке өзгеріс әкелгендей. Өйткені ол дизайнды 40 жасында таңдаған. Осы жасында оқуын оқып, сирек кездесетін кәсіпті дамытып келеді. Айтуынша, бұл салаға келмей тұрып, хард, софт скиллдерді де жетілдірумен айналысып, Қазақстанның халықаралық көрмелердегі павильондарын жасайтын компанияда тәжірибесін шың­даған. Жапония, Корея, Қытай, Еуропа елдері дүниетанымын кеңейткенін мақ­танышпен еске алады. Қазір көпшілік интерь­ер-дизайн үшін маманды іздеп әуре болмай, Pinterest қосымшасына жүгінеді. Дәл осы платформа­дағы суреттерге қарап жасалған дизайнердің попсалық үстелі қазір жеке қолтаңбасын қа­лыптастырыпты. Яғни, мұнда Данияр Удер­бековтің әртүрлі стильдегі футуро-архаикалық туындылары жұрттың әуесін оятып, үлгі ре­тінде пайдалануда. 

Әңгіме барысында кейіпкерден басқа да бұйымдары туралы айтып беруін сұрадық. Солардың ішінде ең қызықты тербелмелі орындық  бар. Оны жасау үшін Алматыға жақын тауда орналасқан өзен тасын қолданған. Бұл – табиғаттың өзі өңдеп, домалатып, жылдар бойы тегістеген тасы.

«Менің жобама дәл осындай пішіні дөңгеленген, сопақша қимасы бар тас қажет еді. Себебі тербелу, шайқалу қозғалысы пайда болуы үшін тастың формасы ерекше маңызға ие. Табиғи түрде қалыптасқан осындай «форш-тас» сол қозғалысты дәл беруге мүмкіндік берді. Бұл жобаның философиясы мен үшін өте маңызды. Жүздеген мың жыл бойы табиғаттың өз күшімен, өзен аңғарында қа­лып­тасқан материалды сол күйінде пайдалан­дым. Яғни, бұл – адам мен табиғат арасындағы тікелей диалог.

Екінші жобам – Low Table деп аталатын қатты биік емес үстел. Оның беткі бөлігін қоңыр түсті кальциттен жасадым. Бұл – тегіс, дөңгелек пішінді тас тақта. Тастың сыртын киізбен орап, қошқармүйіздің пішініне келтірдім. Мұндай форма ерте заманда, ата-бабаларымыз қолданған көне үнді ағаш үстелдеріне тән болған. Мен сол дәстүрлі форманы сақтай отырып, үстелдің беткі бөлігін таспен жасадым, ал астыңғы тірек бөлігін металдан жасадым. Кейін оны көрмеге ұсындым. Көрмеге келген адамдар тек үстелдің формасына ғана емес, қолданылған тастың өзіне де ерекше назар аударды. Табиғи тас өзінің сұлулығымен, салмағымен және терең мағынасымен көрерменге әсер етті», – деп түсіндірді Д. Удербек. 

Осылайша, шағын шеберханада әлемді таңғалдыратын бұйым жасаған шебер «Көшпелілер мәдениетінің мұрагері» болуды қалайды. Айтуынша, бұл тарихи қызығу­шылықтан басталады. Қазақстан аумағында өмір сүрген көне тайпалардың, сақтардың, ғұндардың, басқа да ежелгі көшпелі халық­тардың тарихын, әсіресе Алматы өңірінде мекендеген қауымдарды зерттеу «мұрагер» болуға жетелейтін қадамдардың бірі саналады.

Дизайнердің туындыларының ішінде 3D-баспа технологиясын Орталық Азия халықтарының дәстүрлі аяқкиім эстетикасы­мен ұштастыратын UDRB модульді кроссовка­лары да бар. Классикалық модельге балама ретінде жасалған бұл аяқкиім толықтай бөл­шектелетін формада тігіліпті. Д. Удербековтің айтуынша, мұндай шешім әрбір элементті жеке ауыстыруға, жөндеуге және қайта өңдеуге мүмкіндік беріп, аяқкиімнің қызмет ету мер­зімін ұзартып, оны экологиялық тұрғыдан тиімді етеді.

«Жобаны әзірлеу барысында жұмсақ табаны бар жеңіл былғары етіктер – мәсі мен ішіктің эстетикасына жүгініп, оны заманауи қолданысқа бейімдедім. UDRB үш негізгі бөліктен тұрады: термопластикалық поли­уретаннан (TPU) 3D-принтерде басылған иілгіш табан, былғарыдан жасалған ішкі бөлік және Алматының таулы ландшафттарын еске салатын альпинистік арқаннан құралған бау­лау жүйесі. Қатты фурнитурадан айырма­шылығы, арқан аяққа жұмсақ әрі жеңіл қо­нып, сонымен қатар сенімді бекітуді қам­тамасыз етеді. Болашақта аяқкиімнің табанын жер бедері мен маусымға қарай ауыстыруға мүмкіндік туады. Дәл осындай жұмыстар қолөнер дәстүрлерін тереңірек енгізуге жол ашады, – деп сөзін түйді ол.

Үйдің интерьері үшін әдемі бұйымдарды таңдау жеткіліксіз. «Сырты бүтін, іші түтін» деген сөздің астарына үңілсек, алатын бұйымның қандай шикізаттан жасалатынын да ескерген жөн. Кейіпкеріміз жасаған бұйым­дарды қазір көбіне Еуропа елдері тапсырыспен алдырады екен. Бұл бір жағынан қазақ қолөнеріне, қазақ маманына деген сұраныстың артып тұрғанының көрсеткіші. Табиғатқа зиян келтірмей, мәні мен мағынасы терең дүние­лерге сұраныс артқан бүгінгі ке­зеңде мұндай жұмыстар эстетикалық құнды­лық емес, уа­қыттың да талабына айналып келеді.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ