Осы бағытта бүгін Абай университеті Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Абай атындағы ҚазҰПУ басшылығы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Ахметов Елнұр Мұхамеджанұлымен кездесті. Кездесу барысында «Таза Қазақстан» жобасы аясында бірлесе атқарылатын жұмыстар жайы айтылып, ортақ ұсыныстар мен жоспарлар талқыланды. Жалпыұлттық жоба шеңберінде екіжақты әріптестікті арттырып, жастар арасында экологиялық тазалықты насихаттауға назар аударылды.

Талқылау барысында университет басшылығы «Таза Қазақстан» жобасы бойынша қолға алынған білім алушылар мен оқытушы-профессорлар құрамының экологиялық ғылыми зерттеулеріне тоқталды. Олардың басым көпшілігі еліміз үшін ғана емес, жаһандық экология үшін маңызды десек болады. Қос тарап адамзат үшін маңызды тақырып аясында ғылыми-тәжірибелік зерттеу жұмыстарын алдағы уақытта бірлесе атқаруға уағдаласты.

Ұлттық паркті болашақ мамандарды даярлауда тәжірибе алаңына айналдыру мәселелері қозғалды. Табиғи нысандар, биоалуантүрлілік пен экожүйелерге қатысты мәліметтерді талдау арқылы студенттердің зерттеу қабілеттерін арттыру, бірлескен оқу құралдары мен әдістемелік еңбектер әзірлеу жайы сөз болды. Ұлттық парктің деректер қорын ғылыми айналымға енгізіп, оқу үдерісінде пайдалану мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.

Сонымен қатар, Іле-Алатау ұлттық паркінің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған жобалар да қаралды. Атап айтқанда, студенттердің жаңа технологияларды пайдалана отырып, экологиялық, танымдық және туристік бағыттағы бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылды. Мұндай цифрлық жобалар жастардың қызығушылығын тудырып, ұлттық парк қызметін кеңірек насихаттауға септігін тигізеді.

Кездесу соңында тараптар ортақ шешімге келіп ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл келісім алдағы екіжақты бірлескен жұмыстардың берік негізіне айналмақ.