Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, жастар өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырып, қала тұрғынынан ақша талап еткен. Кінәсі дәлелденсе, оларға 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
«15 жылға дейін сотталуы мүмкін»: Словакияда төрт қазақстандық ұсталды
213
оқылды

Словакияның Тренчин қаласында қазақстандық студенттер адам ұрлау және ақша бопсалау ісіне қатысы бар деген күдікпен ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, жастар өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырып, қала тұрғынынан ақша талап еткен. Кінәсі дәлелденсе, оларға 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Словакиялық TV JOJ және TN Live таратқан ақпаратқа сәйкес, оқиғаға 18 бен 21 жас аралығындағы бес жігіттің қатысы болуы мүмкін. Тергеу нұсқасы бойынша, олар өздеріне қарыз деп санаған ақшаны өндіріп алу үшін жергілікті тұрғынды іздеген.

Күдіктілер бетін тұмшалап, Словакияның Ұлттық қылмыс агенттігінің (NAKA) атауы жазылған қара киіммен ер адамның әжесінің үйіне барған. Өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырған олар үйді тінтіп, әйелден немересінің қайда екенін сұраған.

Кейін іздеген адамын тауып, оны соққыға жыққан деген болжам бар. Егде жастағы әйел өзін полиция қызметкерлері ретінде таныстырған адамдардың әрекетіне шағымданбақ болған кезде олардың құқық қорғау органдарына еш қатысы жоқ екені анықталған.

Осы оқиғадан кейін полиция төрт күдіктіні ұстады. Бесінші адамның қашып кеткені хабарланды. Жергілікті ақпарат құралдары бастапқыда ұсталғандардың үшеуі Қазақстан азаматтары екенін жазған. Бірақ Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Словакияда төрт қазақстандықтың ұсталғанын ресми растады.

Күдіктілер Тренчин қаласындағы Александр Дубчек атындағы университетте білім алады. Олардың төртеуі 18 жаста, ал ең үлкені 21 жаста.

Университет ректоры Йозеф Габаник оқу орнына оқиғаға қатысты ресми ақпарат әлі түспегенін мәлімдеген. Оның айтуынша, студенттердің қылмысқа қатысы дәлелденсе, олар оқудан шығарылуы мүмкін.

Ұсталғандардың бірінің адвокаты Мартин Бурай қорғауындағы азаматқа адамдар тобымен бірлесіп, ақша бопсалау мақсатында адам ұрлады деген айып тағылғанын хабарлады. Дегенмен қорғаушы тергеу ұсынған оқиға нұсқасымен келіспейді. Оның сөзінше, алдын ала тергеу барысында айыптау құжаттарында көрсетілген мән-жайларға қайшы келетін дәлелдер пайда болған.

Прокуратура күдіктілердің қашып кетуі немесе қайта қылмыс жасауы мүмкін екенін алға тартып, оларды қамауға алуды сұраған. Бұл мәселе 20 қарашада сотта қаралуы тиіс болған. Әзірге соттың қандай шешім қабылдағаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ұсталған азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.

«Ұсталған азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр. Олардың туыстарымен байланыс орнатылды. Бұл жағдай Сыртқы істер министрлігінің бақылауында», – деп хабарлады ведомство.

Қазір істің мән-жайы анықталып жатыр. Күдіктілердің кінәсі сот үкімімен дәлелденген жоқ.