Қазақстанда бір жылдан кейінгі инфляцияға қатысты күтілімдер қайта қаралды.
Инфляция өседі, теңге әлсіреуі мүмкін – қаржыгерлер болжамы
221
оқылды

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, күтілетін орташа инфляция деңгейі 11,4%-дан 11,6%-ға дейін өсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сауалнамаға қатысқан қаржы нарығының кәсіби өкілдері айлық инфляцияның жеделдеуі (қаңтар айында – 1%), сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық қызметтер мен жанармай бағасының жоспарлы түрде қымбаттауын негізгі факторлар ретінде атады.

Респонденттердің басым бөлігі – 90%-ы Ұлттық банктің 6 наурызда өтетін отырысында базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырады деп есептейді. Сонымен қатар алдағы 12 айда мөлшерлеме 16,25%-ға дейін төмендеуі мүмкін деген болжам бар.

Теңге бағамына қатысты қысқа мерзімді күтулер салыстырмалы түрде тұрақты. Алайда бір жылдық перспективада доллар бағамы 544,7 теңге деңгейінде қалыптасуы ықтимал.

Мұнай нарығына қатысты болжам да қайта нақтыланды. Бір жылдан кейін Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы ұсыныстың артуы мен сұраныстың баяу өсуіне байланысты 62,2 доллардан 61,8 долларға дейін төмендейді деп күтілуде.

Сонымен бірге 2026 жылға арналған Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсімі бойынша болжам 4,7%-дан 5%-ға дейін жақсарды.