36 млрд доллар көлеміндегі инвестиция – былтыр жасалған маңызды сауда келісімінің алғашқы траншы. Мұнай, газ және аса маңызды пайдалы қазбалар саласындағы жобалар Жапон-Америка қарым-қатынасын нығайтатыны айтылуда.
Америкаға ағылған жүздеген миллиард инвестицияны Дональд Трамп бір сөзбен түсіндірді: «ТАРИФТЕР»
Дональд Трамп: «Жапониямен ауқымды сауда келісіміміз енді ғана іске қосылды!». Фото chathamhouse.org сайтынан алынды. Авторлығы: AFP / Brendan Smialowski
197
оқылды

CNBC телеарнасының материалына сүйенген Aikyn.kz мол инвестицияның АҚШ-қа ағылу себебін талдайды.

АҚШ президенті Дональд Трамп Жапонияның Техас, Огайо және Джорджия штаттарындағы мұнай, газ және аса маңызды пайдалы қазбаларға қатысты жобаларға 36 млрд доллар инвестиция салуға берген уәдесін құптады. Бұл міндеттеме екі ел арасындағы «ерекше» сауда келісімінен кейін Жапония тарапынан бөлінетін инвестицияның алғашқы траншы саналады. Аталған келісім аясында Токио АҚШ-та іске асатын жобаларға 550 млрд доллар инвестиция салуға келіскен болатын. Ал Трамп жапондық импорттың көп бөлігіне салынатын тарифтерді 15%-ға дейін төмендеткен.

«Жапониямен ауқымды сауда келісіміміз енді ғана іске қосылды! Бұл жобалардың ауқымы соншалық – оларды аса маңызды бір сөзсіз жүзеге асыру мүмкін болмас еді: ТАРИФТЕР», – деп жазды Трамп сейсенбі күні (17 ақпан) әлеуметтік желідегі жазбасында.

Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичи бұл жобалар Жапон-Америка одағын нығайтып, жапондық компаниялардың сатылымын арттыруға және бизнесін кеңейтуге ықпал етеді деп мәлімдеді.

«Біз бұл бастамалар Жапония мен АҚШ арасындағы өзара тиімділікті ілгерілету, экономикалық қауіпсіздікті күшейту және экономикалық өсімді ынталандыру сияқты стратегиялық мақсаттарды іске асырады деп есептейміз», – деп жазды Такаичи X (Twitter) желісіндегі жазбасында.

Ең ірі инвестициялық жоба – Огайодағы газ электр станциясы. Ол 9,2 ГГвт электр энергиясын өндіреді деп күтілуде. АҚШ-тың Сауда министрі Говард Лютник SB Energy (жапондық SoftBank-тың еншілес компаниясы) басқаратын, құны 33 млрд доллар болатын Portsmouth Powered Land Project жобасын «табиғи газбен жұмыс істейтін тарихтағы ең ірі электр стансасы» деп атады.

Бұдан бөлек, Жапония Техас жағалауында құны 2,1 млрд доллар болатын тереңсулы шикі мұнай экспорттау терминалының құрылысына да қаржы бөлетін болды. Жоба толық қуатында жұмыс істесе, АҚШ-тан жыл сайын 30 млрд долларға дейін шикі мұнай экспортын қамтамасыз етуі мүмкін. Texas GulfLink жобасын Даллас қаласында орналасқан Sentinel Midstream энергетикалық инфрақұрылым тобы іске асырады.

Сауда министрлігінің хабарлауынша, үшінші ірі жоба – Джорджия штатында синтетикалық алмас ұнтағы өндірісін жолға қою жоспары. Бұл жобаға Жапония шамамен 600 млн доллар инвестиция салуды көздейді.

Жоба әлемдегі жетекші алмас компаниясы саналатын De Beers Group құрамындағы Element Six компаниясының басқаруымен іске асады. Сауда министрлігі алмас қиыршықтары, шаңы мен ұнтағы ерекше қаттылығы және тозуға төзімділігі арқасында АҚШ-тағы өндіріс үшін аса маңызды шикізат екенін, сондықтан оның АҚШ-тың экономикалық әрі ұлттық қауіпсіздігі үшін де мәні зор екенін атап өтті.