Реновация туралы сөз қозғалғанда, пәтер иелері көбіне жаңа пәтердің қай жерде орналасатынын, нешінші қабатта болатынын және ауданы қанша болатынын сұрайды. Алайда тағы бір маңызды мәселе бар: ескі үйдің астындағы жер учаскесі не болады?
Бұзылған үйдің астындағы жер кімге тиесілі және оның құны қанша?
Фото: Qazaq Expert Club-тан алынды
212
оқылды

Qazaq Expert Club-тың құрылыс саласындағы сарапшысы Диляра Сейітнұрованың айтуынша, жер учаскесі де жобаның экономикалық есебінде маңызды рөл атқарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Алайда тұрғындарды көшіру шарттары талқыланғанда, оларға жердің құны туралы сирек айтылады.

Үйдің астындағы жер пәтер иелеріне тиесілі ме?

Жер кодексіне сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйді орналастыруға және оған қызмет көрсетуге қажетті жер учаскесі кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінің құрамына кіреді. Бұл мүліктегі үлес пәтерге меншік құқығымен байланысты: меншік иесі оны пәтерден бөлек сата алмайды.

«Меншік иесіне тек пәтерінің қабырғалары ғана тиесілі емес. Пәтермен бірге ортақ мүліктегі, соның ішінде жер учаскесіндегі үлес те байланысты. Алайда ол бұл үлесті пәтерден бөлек иеліктен шығара алмайды», – деп түсіндіреді Сейітнұрова. 

Бұл ретте әрбір нақты үй бойынша жер учаскесінің қалыптастырылғанын және оған құқықтардың қалай рәсімделгенін тексеру маңызды. Егер учаскенің шекаралары анықталмаса немесе құжаттары болмаса, бағалау кезінде жер құнын есепке алу мәселесі күрделене түседі.

2026 жылдан бастап «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 116-1-бабында реновация бағдарламасына енгізілген үйлердегі пәтер иелеріне қолданыстағы баспанасының орнына «бөлмеге бөлме» қағидаты бойынша жаңа тұрғын үй беру көзделген. Жаңа пәтердегі тұрғын бөлмелердің саны бұрынғыдан кем болмауға тиіс.

Алайда меншік иесі пәтерін одан ажыратуға болмайтын ортақ мүліктегі үлесімен бірге беретін болса, мынадай сұрақ туындайды: жоба шарттарында жер учаскесінің құны қалай ескеріледі?

Үйдің астындағы жер қанша тұруы мүмкін?

Жер құнының ауқымын көрсету үшін сарапшы шартты есептеуді ұсынады.

Орташа ауданы 48 шаршы метр болатын 60 пәтерлі үйді елестетейік. Пәтерлердің жалпы ауданы 2 880 шаршы метрді, ал үй орналасқан жер учаскесінің ауданы 0,4 гектарды құрайды.

Мысал ретінде жердің бір шаршы метрінің құнын 160 мың теңге деп алсақ, бүкіл учаскенің бағасы шамамен 640 млн теңге болады. Бұл соманы 60 пәтерге жай бөлгенде, әр пәтерге шамамен 10,7 млн теңгеден келеді.

«Бұл әр тұрғынның жердегі үлесінің нақты бағасы да, реновация кезінде оған төленуге тиіс өтемақы мөлшері де емес. Есептеу жер учаскесінің құны пәтер иелері үйренген тұрғын үй сипаттамаларымен салыстырғанда қаншалықты елеулі болуы мүмкін екенін ғана көрсетеді». 

Нақты үйдің астындағы жердің нарықтық құнын жеке бағалау қажет. Ол учаскенің орналасқан жеріне, нысаналы мақсатына және басқа да сипаттамаларына байланысты.

Мысалы, Ерменсайдағы ауданы 0,9964 гектар жер учаскесі шамамен 1,65 млрд теңгеге бағаланған. Алайда сауда-саттық өтпегендіктен, бұл сома жердің нақты сатылған бағасы болып саналмайды. Сондай-ақ оны реновация бағдарламасына енген кез келген үйдің жерін бағалау үшін қолдануға болмайды. Дегенмен бұл мысал жер құнының қандай ауқымда болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Сарапшының айтуынша, тұрғындарды шатастыруы мүмкін тағы бір көрсеткіш бар.

Оның шартты есебінде жер салығының мөлшерлемесі бір шаршы метрге 0,96 теңге болған жағдайда, бүкіл учаске үшін жылдық салық шамамен 3 840 теңгені немесе бір пәтерге 64 теңгені құрайды. Алайда салық мөлшері жердің нарықтағы нақты құнын көрсетпейді.

«Жер учаскесінің құнын тұрғындардың ол үшін қанша салық төлейтініне қарап анықтауға болмайды. Сондықтан меншік иелері жердің нақты бағасын көріп, оның реновация шарттарында қандай рөл атқаратынын түсінуі маңызды». 

Жер учаскесі жобаның экономикасына қалай әсер етеді?

Сарапшы сол шартты жер учаскесіне инвестор тұрғысынан қарауды ұсынады.

Айталық, бұл жерде пәтерлерінің жалпы ауданы 10 мың шаршы метр болатын жаңа тұрғын үй салуға мүмкіндік бар. Оның шамамен 3 мың шаршы метрі бұрынғы меншік иелері алдындағы міндеттемелерді орындауға бағытталады.

Қалған 7 мың шаршы метрді бір шаршы метрі 746,7 мың теңгеден сатқан жағдайда, шамамен 5,3 млрд теңге жалпы түсім алуға болады.

«Бұл инвестордың таза пайдасы емес. Түскен қаражат есебінен құрылыс, инженерлік желілер, тұрғындарды көшіру және басқа да шығындар өтелуі тиіс. Бірақ осы мысал жер учаскесінің жоба үшін неге маңызды екенін түсінуге көмектеседі. Реновация кезінде жердің өзіндік құны бар. Тіпті тұрғынға қол қоюға ұсынылған құжаттарда оның бағасы жеке көрсетілмесе де», – деп түсіндіреді сарапшы. 

Бұл есептеу шартты сипатқа ие. Нақты учаскеде осындай көлемдегі тұрғын үй салу мүмкіндігі қала құрылысы талаптары мен жобаның параметрлеріне байланысты анықталады.

Нені өзгерту қажет?

Алматының реновация бағдарламасында жобаларды жүзеге асырудың бірнеше тетігі қарастырылған.

Кейбір жағдайларда тұрғын үйлерді сатып алу мен бұзуды қала ұйымдастырады. Басқа жағдайларда тұрғындарды көшіруді уәкілетті құрылым қамтамасыз етеді, ал жер учаскесін инвесторға нарықтық бағамен сату көзделеді. Инвестициялық тұрғыдан тартымды жобаларда тұрғындарды көшіру мен жаңа құрылыс жұмыстарын инвестор қаржыландырады.

Сейтнурованың пікірінше, құжаттарға қол қойылғанға дейін меншік иелеріне осы тетіктердің айырмашылығын түсіндіру маңызды.

«Бір жағдайда жер учаскесінің нақты сату бағасы пайда болады. Екінші жағдайда оның құны құрылыс жобасының экономикалық есебіне кіреді, бірақ меншік иесі өзіне ұсынылған шарттарда оны жеке көрсеткіш ретінде көрмеуі мүмкін. Сондықтан реновацияны тек жаңа пәтердің ауданы мен бөлмелер саны тұрғысынан талқылау жеткіліксіз», – деп есептейді сала сарапшысы. 

Ол бағалау есебіне де назар аударады. Жер учаскесінің орналасқан жері мен ауданы жылжымайтын мүліктің құнына әсер етуі мүмкін. Алайда меншік иесі жердің бағалау кезінде нақты қалай ескерілгенін түсінуі керек.

Сейітнұрова реновацияны қаланы жаңарту үшін қажетті үдеріс деп санайды және жобалардың экономикалық жағын тұрғындарға түсініктірек етуді ұсынады.

Оның пікірінше, бағалау есебінде жер учаскесіндегі үлестің құнын бөлек көрсету, ал жоба құжаттарында жаңа құрылыс шарттарын анықтау кезінде жердің қалай ескерілгенін түсіндіру қажет.

«Реновацияның маңызды әлеуметтік міндеті бар – адамдарды ескі тұрғын үйлерден көшіру. Сонымен қатар жер учаскесі қатысатын жобаның экономикалық жағы да бар. Меншік иесі осы екі мәселені де түсінуі тиіс: үйге қандай жер учаскесі тиесілі, оның құны қалай анықталған және бұл құн ұсынылып отырған шарттарда қалай ескерілген», – деп түйіндейді сарапшы.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.