Биыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Кейінгі жылдары елде мемлекеттік қызметтен бастап, банк жүйесіне дейін көптеген сала онлайн форматқа көшті. Адамдардың жеке мәліметтері де көбіне цифрлық жүйелерде сақталады. Сондықтан жаңа Конституция жобасында азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылып отыр.
Жеке деректер – ең құнды ресурс
108
оқылды

Ең басты жаңалық – мұндай құқықтар Қазақстанда алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілмек. Бұған дейін азаматтардың жеке өміріне қатысты кейбір нормалар заңдар мен кодекстерде ғана жазылған еді. Ал егер жаңа Конституция жобасы жалпы халықтық референдумда қабылданса, бұл құқықтар елдің Ата Заңында тікелей көрсетіледі.

Жаңа норманың негізгі мақсаты – азаматтардың жеке өмірін цифрлық технологиялар арқылы заңсыз бақылаудан немесе мәліметтердің сыртқа тарауынан қорғау. Бұл жерде бірнеше маңызды мәселе қамтылған: жеке өмір мен отбасы құпиясының сақталуы; жеке деректердің заңсыз жиналуына немесе пайдаланылуына жол бермеу; электронды хат алмасу мен телефон сөйлесулерінің құпиясы; интернет пен цифрлық платформалардағы қауіпсіздік.

Бүгінде қазақстандықтардың деректері түрлі жүйеде сақталады: әлеуметтік желілерде, мемлекеттік қызмет порталдарында, банктерде. Сондықтан мұндай ақпараттың таралуы немесе заңсыз қолданылуы үлкен қауіп тудыруы мүмкін. 

Әділет министрлігіне қарасты Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілі Тимур Авенов дәл осы жаңа өзгерістің мәнін былай түсіндіреді:

«Бұрын Конституцияда жеке өмірге қол сұқпау, хат алмасу құпиясы сияқты жалпы құқықтар ғана көрсетілген болатын. Енді сол құқықтар цифрлық ортаға да тікелей қатысты екені нақты жазылады. Қазір азаматтардың жеке деректері әлеуметтік желілерде де, eGov сияқты мемлекеттік жүйелерде де сақталады. Сондықтан олардың таралуы – құқықбұзушылық болып саналады. Жаңа норма осы мәселелерді Конституция деңгейінде бекітпек», – деді ол.

Сарапшылардың айтуынша, цифрлық құқықтарды Конституцияда көрсету тек азаматтарды қорғап қана қоймай, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін де күшейтеді.

XXI ғасырда жеке деректер – ең құнды ресурстардың бірі. Сондықтан оларды қорғау нақты әрі түсінікті заңдық кепілдіктерді қажет етеді. Сонымен қатар жаңа нормалар әлеуметтік саладағы цифрлық өзгерістерге де қатысты. Мысалы: онлайн қызметтердің мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді болуы; мұғалімдердің цифрлық дағдыларын дамыту; мемлекеттік сервистердің қауіпсіз жұмыс істеуі.

Сарапшылар тағы бір маңызды мәселені атап өтеді: қауіпсіздік тек заңдармен ғана қамтамасыз етілмейді. Әр азаматтың өзі де цифрлық гигиенаны сақтауы қажет. Яғни, күмәнді сілтемелерге кірмеу, жеке деректерді бөгде адамдарға бермеу, күрделі құпиясөздер қолдану. Өйткені технология дамыған сайын киберқылмыс түрлері де көбейіп келеді.

Жаңа Конституция жобасында қазақстандықтардың жеке деректерін интернетте қорғау құқығы да нақты көрсетілген. Бұл норма азаматтарға өздері туралы ақпараттың қалай жиналып, қалай пайдаланылып жатқанын бақылауға мүмкіндік береді. Яғни,  адамның аты-жөні, мекенжайы, телефон нөмірі, медициналық деректері сияқты мәліметтерді біреу заңсыз жинап, сақтап немесе тарата алмайды. Мұндай ақпарат интернетте де, түрлі цифрлық сервистерде де қорғалуға тиіс. Бұл талап жаңа Конституция жобасының 21-бабында жазылған.

Сонымен қатар мамандар интернеттегі қауіпсіздік мәселесінде балалардың құқығын қорғау ерекше маңызды екенін айтуда. Цифрлық орта балаларға білім алуға, жаңа мүмкіндіктерді меңгеруге жол ашқанымен, оның өз тәуекелдері де бар. Мысалы, балалардың жеке деректерінің заңсыз қолданылуы немесе интернеттегі түрлі қысым мен қорлау жағдайлары жиілеп келеді.

Бұл бағытта БҰҰ-ның Балалар қоры – ЮНИСЕФ те Қазақстандағы мемлекеттік органдармен бірге жұмыс істеуде. Ұйым сарапшылары жаңа Конституция жобасын талдап, әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің құқықтарына қатысты нормаларға өз ұсыныстарын берген.

ЮНИСЕФ өкілдерінің пікірінше, Конституция – елдегі барлық заңның негізі. Сондықтан онда балалардың құқықтарын қорғауға қатысты нақты кепілдіктердің болуы әр бала үшін маңызды. Оның қай жерде тұратынына немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан, әрбір баланың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуге тиіс.

Әмина МҰХАНБЕТ