Бай азиялықтар миллиардтаған активтерін Біріккен Араб Әмірліктерінен үйлеріне жақын жерге аударуда. Бұған Иранның Дубайға зымыран және дрон арқылы шабуылдары әсер еткен.
Дубайдағы қазақтың миллиардтары елге қайта ма?
Абу-Даби мен Дубайда зымыран жарылған соң инвесторлар қаржыларын басқа аймақтарға аудара бастаған. Фото arthurmackenzy.com сайтынан алынды
174
оқылды

Reuters хабарламасына сілтеме жасаған Aikyn.kz активтер үшін тыныштық мекені саналатын Дубайдың тартымдылығын жарылған дрондар бұзғанын талдайды.

Азияның ауқатты тұрғындары Иранмен қақтығысқа байланысты Дубайға қатысты жоспарларын қайта қарап жатыр. Сингапурдың активтерді басқару секторында клиенттердің активтерін көшіруге қызығушылығы артқан. БАӘ-нің тұрақтылығы күмән тудырғанымен, кейбір инвесторлар әлі де сенімін сақтап отырғандар да бар.

Өткен аптада Иран Дубайға алғаш рет зымыран және дрон арқылы шабуыл жасағаннан кейін көп ұзамай, сол жерде тұратын екі үнді кәсіпкері тәуекелден сақтану үшін жергілікті банктік шоттарынан Сингапурға әрқайсысы 100 000 доллардан астам қаражат аударуға өтініш берген. Бұл туралы аты-жөнін атамауды сұраған кәсіпкерлер Reuters агенттігіне айтқан.

Олардың бірінің сөзінше, Иран шабуылдарынан кейін пайда болған технологиялық іркілістер қаржыны аударымына кедергі жасаған. Кейін ол БАӘ аумағындағы басқа банк арқылы сол соманы Сингапурдағы шотына аударып үлгерген.

Салалық кеңесшілер мен заңгерлердің айтуынша, тағы ондаған ауқатты азиялық Дубайдағы активтерін Сингапур мен Гонконг сияқты қаржы орталықтарына көшіру мүмкіндігін зерттеуде. Себебі АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы Парсы шығанағы елдерінің «қауіпсіз айлақ» ретіндегі беделін әлсіретіп, инвесторларды алаңдатып отыр.

Әдетте бай адамдар инвестицияларын аймақтар мен актив түрлері бойынша әртараптандырады. Дегенмен қаражатты орналастыру – салық, реттеу, құпиялық және операциялық ыңғайлылық сияқты факторларға тәуелді. Осы тұрғыдан соңғы жылдары Дубай Азияның ауқатты әулеттері үшін, оның ішінде Қазақ елінен жылыстаған капитал үшін тартымды орталыққа айналған.

Жылжымайтын мүлік пен инфрақұрылым бумының арқасында Парсы шығанағы өңірі инвестиция үшін қызықты бағыт болып келді. Алайда Дубай мен Абу-Дабиға жасалған шабуылдар БАӘ-нің тұрақты ел ретіндегі беделіне күмән келтірді. Сингапурлық жеке капиталды басқару жөніндегі заңгер Райан Лин осы аптада Дубайда тұратын 20 клиентінің 6-7-сі хабарласқанын айтады. Әрқайсысының активі орта есеппен 50 млн долларды құрайтын олардың үшеуі активтерін дереу Сингапурға көшірмек. Линнің айтуынша, бір клиент «барлық қаржысын Сингапурға қаншалықты жылдам аудара алатынын сұрастыруда».Anderson Global компаниясының басшысы Ирис Сюй де осы аптада 10-20 отбасылық кеңсе Таяу Шығыстан активтерді Сингапурға қайта көшіру жөнінде сұрау жасағанын айтқан. Отбасылық кеңселер – ауқатты клиенттердің инвестициялық портфелін толық басқарумен айналысатын құрылымдар. «Дубай әрдайым салықтық жеңілдіктерге сүйенді. Бірақ қазір салықтық артықшылық олар (байлар – авт.) үшін басты мәселе болудан қалуы мүмкін», – дейді ол.

Сингапурдағы активтерді басқару жөніндегі бір кеңесші (аты-жөнін атамауды сұрады) қазірдің өзінде БАӘ-дегі 13 клиентімен сөйлескенін, олардың жартысынан көбі активтерді Сингапурға көшіруді байыпты қарастырып отырғанын айтқан.

«Қақтығыс ертең тоқтаса да, ары-бері ұшу қиынға соғады. Бұл – сенім мәселесі», – дейді ол.

Phillip Private Equity компаниясының бас директоры Грейс Танг та клиенттері, көбіне азиялықтар, абайлап отырғанын, 10-20 адам қаражатын Сингапурға көшіруге қызығушылық танытып, капиталын сақтағысы келетінін айтады. GrandWay Family Office тең құрылтайшысы Джереми Лим Абу-Дабиде отбасылық кеңсе ашу процесінде екенін және жоспары өзгермегенін айтады. Бірақ бұл БАӘ қақтығысқа тікелей араласпаса және Иран шиеленісті одан әрі ушықтырмаса ғана.

«Бизнес үшін нағыз кедергі – БАӘ тараптардың бірінің жағында қақтығысқа тікелей араласса пайда болар еді», – деді Лим.

Бұл жағдайда "Қазақ елінен кезінде Абу-Даби мен Дубайға жылыстаған қаржы қайтып елге қайта ма?" деген сұрақ туындайды. Бұған сенім аз, біздің бұрынғы саясаттағы адамдардың өз еліне сене бермейтіні де бар. Сіз қалай ойлайсыз?