Алғаш көргенде «қиял-ғажайып әлеміндегі ғимарат» деп ойлап қаласыз. Бірақ бұл – болашақ Алатау қаласының символдық мұнарасы.
Алатауда салынатын ғимарат әлемді таңғалдырды
Алатау қаласының «иконасы» және қаланың экономикалық-әкімшілік орталығы. Иллюстрация newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Skidmore, Owings & Merrill (SOM)
104
оқылды

Aikyn.kz Алатау қаласында салынатын екі мұнаралы ғимараттың ерекшеліктерімен аустралиялық newatlas.com сайтына сілтеме жасап таныстырады.

Екі мұнара да 2029 жылдың соңына қарай беріледі. Иллюстрация newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Skidmore, Owings & Merrill (SOM)

Жоба Alatau Iconic Complex and Gateway District деп аталады. Оны Skidmore, Owings & Merrill (SOM) сәулет бюросы әзірлеген. Ол АҚШ-тағы ең биік және әлемдегі ең биік мұнараларды жобалаған танымал компания. Ерекше жобаланған 2 мұнара еліміздің жаңа Алатау қаласында орналасады және қаланың экономикалық әрі әкімшілік орталығы болмақ. Кешеннің жүрегінде бір-біріне ұқсас, бірақ ассиметриялы сына тәрізді екі мұнара салынады. Олардың пішіні Іле Алатауы маңындағы аңғарлар мен мұздықтардың бедерінен шабыт алған.

Аймақ сейсмикалық белсенділігі жоғары болғандықтан, мұнаралардың құрылымдық беріктігін қамтамасыз ету үшін қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Қазіргі кезеңде инженерлер екі шешімнің бірін таңдауды талқылап жатыр. Бірінші, жапондық сейсмикалық демпферлеу жүйесі (көлік амортизаторы сияқты жұмыс істейтін тәсіл). Екінші, америкалық тәсіл – кез келген ауа райында төзімді болу үшін жоғары берікті болат қаңқа қолдану.SOM мәліметінше, негізгі мұнараның биіктігі 272 метр болады. Мұнара Алматы облысы мен Оңтүстік Қазақстандағы ең биік нысанға айналмақ. Онда офистер мен элиталық пәтерлер орналасады. Оған қатар орналасатын 80 метрлік екінші мұнарада люкс қонақүй және брендтелген апартаменттер болады. Екі ғимаратта да күн сәулесінің артық қызуын азайтатын жоғары тиімді фасадтар мен көлеңкелеу жүйелері қарастырылған. Ал орталық атриумдар табиғи жарықты ішке терең өткізеді әрі тауларға қарай ашылатын панорамалық көріністерді кеңейтеді.

Кешеннің табанында үш деңгейлі, жасыл желекпен көмкерілген мінбер салынып, онда сауда нүктелері, мәдени орталықтар және іс-шара алаңдары орналасады. Қазір құрылыс алаңында дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр, ал толық көлемдегі жер қазу жұмыстары мамырда басталады. Екі мұнараны да 2029 жылдың соңына қарай аяқтау жоспарланған.