Бұл акция азаматтар арасында экологиялық мәдениетті нығайтуға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталып отыр.
«Таза бейсенбі»: Ел азаматтары жұдырықтай жұмылды
169
оқылды

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында елімізде «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өткізілуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл акция азаматтар арасында экологиялық мәдениетті нығайтуға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталып отыр.

Мәселен Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек би ауылында ұйымдастырылған акцияға аудан әкімі, партия мүшелері, мәслихат депутаттары және ауыл тұрғындары қатысты. Акция барысында елді мекен аумағында қоқыс жиналды. Сонымен қатар ағаш түбін қопсыту, жасыл желек суару жұмысы қолға алынды. Азаматтар демалыс орындарын тазалап, қурап қалған бұтақтарды жинады. Нәтижесінде 250-ге жуық адам 12 гектар аумақты қоқыстан тазартып, шамамен 35 тонна қалдықты арнайы полигонға жөнелтті. Іс-шараға 10 арнайы техника жұмылдырылды.

«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Серік Нұрқадыровтың айтуынша, экологиялық мәселелерді шешу – партияның сайлауалды бағдарламасында айқындалған маңызды басымдықтардың бірі.

«Жыл басынан бері партиялық жоба аясында 5 мыңнан астам тұрғын экоакцияға қатысып, 250 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық жиналды. Сонымен қатар 3 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды. Бұдан бөлек, сайлауалды бағдарлама аясында өңірдегі рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін толық жою жоспарланып отыр. Сондай-ақ барлық ауданда қоқысты сұрыптауға және құрамында сынабы бар қалдықтарды жинауға арналған кемінде 1000 контейнер орнатылады», – деді ол.

Ал Абай облысы Семей қаласындағы Бейбітшілік аралында тазалық жұмысы жүргізіліп, акцияға барлығы 60 адам қатысты. Олардың қатарында партия мүшелері, мәслихат депутаттары және белсенді азаматтар бар. Іс-шара барысында Бейбітшілік аралында 2 тоннаға жуық қоқыс жиналып, арнайы орындарға шығарылды.

 «Таза бейсенбі» акциясы тұрғындардың жауапкершілігі мен ауызбіршілігін көрсетуде. Оған партия мүшелері мен депутаттар белсенді атсалысып, қала тұрғындарын табиғатты қорғауға шақырды. Мұндай бірлескен жұмыс туған жерімізді таза ұстауға жол ашады», – деді Абай облыстық мәслихатының депутаты Саят Танатаров.

Шымкент қаласы Қаратау ауданы Нұртас шағын ауданында 80 түп ағаш егілді. Іс-шараны «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы ұйымдастырды. Оған Жалпы саны 50-ден астам азамат қатысты. Олардың қатарында партияның қалалық және аудандық филиалдарының қызметкерлері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері, сондай-ақ коммуналдық қызмет саласының жұмысшылары бар. Сондай-ақ тазалық жұмысын жүргізуге арнайы техникалар да тартылды.

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында ұйымдастырылған игі бастамаға ауыл тұрғындары мен партия мүшелері белсенді қатысып, ортақ іске атсалысты. Акция барысында көшелер мен қоғамдық орындар тазаланып, абаттандыру жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде шамамен 4 тонна қоқыс шығарылды.

Түркістан облысы Сауран ауданы Бабайқорған ауылдық округіне қарасты Абай елді мекеніндегі Көк тас әулие бұлағынан бастау алатын су арнасына жиегінде экологиялық акция өткізілді. Оған партияның аудандық филиалының қызметкерлері, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, еріктілер мен жергілікті тұрғындар қатысты. Олар су арнасы бойында ауқымды тазалық жұмысын жүргізді. Нәтижесінде аумақ қоқыстан тазартылып, су арнасының айналасы ретке келтірілді.

«Көк тас әулие бұлағы – халықтың рухани дүниесімен, сенімімен, тарихымен тығыз байланысты киелі мекен. Мұндай орындардың тазалығын сақтау – баршамызға ортақ міндет. «Таза бейсенбі» акциясы арқылы біз тек қоршаған ортаны тазалап қана қоймай, қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыруды көздейміз», – деді «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының консультанты Рамзиддин Ремет.

Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласында Бейбітшілік көшесі тазаланды. «AMANAT» партиясы Сарысу аудандық филиалы ұйымдастырған акцияға «С.Мұқанов» бастауыш партия ұйымының мүшелері мен «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері қатысты. Олар бір шақырымға жуық аумақты қоқыстан тазартып, қоршаған ортаны ретке келтірді. Сонымен қатар іс-шара барысында аула маңы күл-қоқыстан тазартылып, ағаштар әктелді.

«Тазалық – игі істің бастауы, табиғатқа деген жанашырлықтың жарқын үлгісі. Бүгінгі іс-шараның мақсаты – табиғатты аялау, жастарды қоғамдық жұмыстарға тарту және туған жердің көркеюіне үлес қосу», – деді «Жастар Рухы» жастар қанатының белсендісі Назира Шалғынбаева.

Ақтөбе облысында экологиялық акцияға «Казхром», «Қандыағаш», «Мұғалжар аудандық аурухана», «Комуналшы» және «Самал» бастауыш партия ұйымдары жұмылды. Олар кәсіпорын аумақтары мен көшелерді тұрмыстық қалдықтардан тазартып, шамамен 5 тонна қоқыс шығарды.

«Хром кені мен ферроқорытпа өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі «Қазхром» ТҰК Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жанындағы бастауыш партия ұйымы мүшелері экологиялық акцияға белсенді қатысты. Осы жолы шамамен 30 адам атсалысты. Біз көлік тұрақтарын, зауыт басқармасы маңындағы аумақты және өндірістік нысандарға жақын орындарды тазаладық. Осындай акциялар азаматтардың бойында экологиялық мәдениет қалыптастырады», – деді «Қазхром» бастауыш партия ұйымның төрағасы Ержан Абдулабеков.

Жетісу облысы Алакөл ауданына қарасты Екпінді және Көлбай ауылдық округтерінде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштердің айналасы абаттандырылып, ауыл саябақтары мен демалыс орындары қоқыстан тазартылды. Нәтижесінде 3,5 шақырым жол жиегі тазаланып, жиналған 3 тонна тұрмыстық қалдық арнайы полигонға шығарылды. Акцияға «AMANAT» партиясының мүшелері, жергілікті тұрғындар, белсенді жастар мен еріктілер қатысты.

«Біздің мақсатымыз – экологиялық жауапкершілікті әр азаматтың күнделікті әдетіне айналдыру. «Таза бейсенбі» – қоғамды ортақ игілікке жұмылдыратын аса маңызды акция. Осындай жүйелі іс-шаралар арқылы біз елді мекендеріміздің санитарлық ахуалын жақсартып қана қоймай, қоршаған ортаға деген жаңа көзқарас қалыптастырамыз», – деді AMANAT» партиясы Алакөл аудандық филиалының төрағасы Қайрат Көкебаев.