Заманауи технологиялардың қарқынды дамуы нәтижесінде роботтардың күнделікті тіршілігімізге етене еніп үлгергеніне куә болып жүрміз.
Темірден түйілген серік
124
оқылды

Кезінде тек ғылыми-фантастикалық фильмдердің кейіпкері болған темір тұлғалар бүгінде адам баласы атқаратын сан алуан күрделі әрекеттерді еш қиындықсыз орындай алатын деңгейге жетті. Олардың қолданыс аясы үй шаруасынан бастап, жоғары технологиялық өндіріс орындарына дейін кеңейіп, адам еңбегін айтарлықтай жеңілдетіп келеді. Интеллектуалды машиналар адамзаттың даму жолындағы сенімді серігіне айналып, болашақтың жаңа келбетін қалыптастыруда.

Робот-өнерпаздар

Биыл ақпанда Қытайдың Шан­хай қаласында әлемде алғаш рет роботтардың гала-концерті өтті. Бұл ауқымды шараны Agibot компаниясы ұйымдастырып, бір сағатқа созылған шоуға 200-ден астам робот қатысты. Ерекшелігі – концерттің бүкіл әлемге тікелей эфирде көрсетілуі. Сахнада роботтар би билеп, подиуммен жүріп, синхронды хореография­лық қойылымдар, комедиялық миниатюралар, музыкалық нө­мірлер мен түрлі фокус көрсетті. Шынында, кеше ғана «робот жүрсе болды» деп таңғалсақ, бүгінде олар сахнада күрделі өнер көрсетіп жүр.

Қытайдың ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесіне арналған гала-концертте тағы бір ерекше көрініс көпшілікті таңғалдырды. Unitree Robotics компаниясының адамға ұқсас роботтары ұшу элементтерін орындап, күрделі акробатикалық трюктер көрсетті. Бағдарламада қарумен орындалатын қимыл­дарды еске салатын көріністер де ұсынылды. Ал «мас жұдырық» стиліндегі қойылым тіпті қы­зық­ты болды: роботтар теңселіп жүрсе де, тепе-теңдігін жоғалт­пай, кейде әдейі құлап, қайта шапшаң қозғалыспен орнынан тұрып жатты.

Компания өкілдерінің ай­туынша, мұндай өнер көрсетудің негізгі мақсаты – роботтардың беріктігі мен тұрақтылығын арт­тыру. Яғни, егер робот күрделі жекпе-жек қимылдарын сенімді орындай алса, онда ол күнделікті өмірдегі басқа да міндеттерді қауіпсіз әрі тұрақты атқара алады.

Үй күтуші де бола алады

Дәл осы уақытта АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында орналасқан Weave Robotics стартапы үй шаруасына арналған жаңа робот – Isaac 0 моделін таныстырды. Бұл құрылғының басты ерекшелігі – киімдерді бүктеуге мамандануы. Роботтың жұмыс істеу принципі қара­пайым: пайдаланушы жуылған киімдерді үстелге қояды, ал Isaac 0 оларды 30-90 минут ішінде рет­теп, бүктеп береді. Құрылғы футболка, шорты және ұзын жеңді жейде сияқты киім түрлерін толықтай өздігінен бүктей алады. 

Бағасына келсек, Isaac 0 роботын 7 999 долларға толық сатып алуға немесе айына 450 доллар төлеу арқылы пайдалануға болады. Сонымен қатар 250 доллар көлемінде қайтарымды депозит қарастырылған. Қазіргі уақытта алдын ала тапсырыс тек Сан-Франциско шығанағы тұрғындарына ғана қолжетімді. Компания бұл модельді алғашқы коммерциялық өнім әрі прототип ретінде ұсынуда. Яғни, сатып алушылар роботты пайдалану арқылы оның дамуына да үлес қосады – жиналған деректер болашақ нұсқаларды жетілдіруге бағытталады.

Психологтар азаюы мүмкін

Соңғы жылдары роботтар мен жасанды интеллект тек өндіріс пен технология саласында ғана емес, әлеуметтік және тұрмыстық бағытта да кеңінен қолданыла бастады. Әсіресе, қарттарға күтім жасау мен қызмет көрсету саласында олардың рөлі артып келеді. Былтыр жыл соңында Жапонияның Токио қаласындағы бірнеше қарт үйінде Pepper роботтары психологиялық қол­дау көрсету мақсатында енгізіл­ді. Бұл роботтар егде жастағы адам­дармен әңгіме­лесіп, олар­дың эмоциялық жағдайын бақы­лап, түрлі ойын арқылы кө­ңілін кө­те­реді. Жобаның негізгі мақсаты – қарттар ара­сын­дағы жалғыз­дық пен депрес­сия деңгейін төмендету. Алғаш­қы нәтижелер үміт күттірерлік: мамандардың айтуынша, робот­тармен тілдес­кен­нен кейін қария­лардың көңіл күйі жақса­рып, өздерін сер­гек сезіне бас­таған.

Ұқсас тәжірибе Аустралияда да жүзеге асырылуда. Мұнда Andromeda Robotics стартапы жасаған «Аби» атты робот қарттар үйінде қызмет етеді. Биіктігі шамамен 110 сантиметр болатын бұл құрылғы қариялар­мен сөйлесіп, олардың әңгімесін тыңдап, эмоциялық қолдау көр­сетеді. «Аби» адамның жүзін танып, мінез-құлқына бейімделе алады. Сонымен қатар ол әңгіме­лерді жадына сақтап, 90 тілде еркін сөйлейді. Қарттар оны жай құрылғы емес, дос ре­тінде қабылдай бастаған. Жоба автор­ларының айтуынша, қа­риялар роботқа өмірлік естелік­терін, отбасы тарихын, махаббат хикаяларын сеніп айтады. Бұл өз кезегінде күтім жасаушы маман­дардың жұмысын жеңілдетіп, олардың көмекшісіне айналуда.

Жаттықтырушының орнын басқандар

2026 жылдың қаңтар айында Оңтүстік Кореяның Сеул қала­сында әскери оқу орталық­тарында робот-жаттықтырушы­лар сынақтан өтті. Бұл тех­­­­­но­логия сарбаздардың фи­зика­­­лық дайындығын бақылап, жаттығу процесін тиімді ұйым­дастыруға бағытталған.

Робот-тренерлер әскери қызметкерлердің қозғалысын бақылап, жаттығуларды дұрыс орындауын қадағалайды. Соны­мен қатар олар жарақат алу қау­пін азайтып, әр сарбазға жеке бейімделген жаттығу бағдарлама­ларын ұсына алады. Маман­дардың пікірінше, мұндай жүйе әскери дайындық сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Жалпы, роботтар бүгінде адам өмірінің түрлі саласында маңызды рөл атқара бастады. Олар өнер мен мәдениетте шоу ұйымдастырып, кейде қоғамдық өмірде күтпеген жағдайларға да себеп болып жатады. Сонымен қатар тұрмыста күнделікті жұ­мыстарды жеңілдетіп, өндірісте күрделі міндеттерді атқарады.

Бұл үрдіс роботтардың тек тех­никалық құрал емес, қоғам­ның бір бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен олардың кеңінен қолданылуы қауіпсіздік, этика және адам мен машина арасындағы қарым-қатынас мәселелерін де алға тартады.

Сарапшылардың айтуынша, болашақта роботтармен өзара әрекет сапасы олардың адам өміріне қосатын пайдасы мен қауіпсіздігіне тікелей байла­нысты болады. Егер қоғам бұл технологияларды тиімді әрі жауапкершілікпен қолдана білсе, роботтар адамзат үшін жаңа мүмкіндіктер дәуірін ашуы мүмкін.

С.БЕГІМБАЙ