Жиынды Мансап орталығының басшысы Рақымберді Жетібай модератор ретінде жүргізді.
Абай университетінде педагогикалық практиканың нәтижесі қорытындыланды
134
оқылды

Бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Теориядан тәжірибеге: болашақ мұғалімдердің педагогикалық практика нәтижелері» атты бітіруші курс білім алушыларының қорытынды конференциясы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ауқымды жиынға педагогикалық мамандықтардың студенттері, өндірістік іс-тәжірибе жетекшілері, орта білім беру ұйымдарының директорлары мен мұғалімдері, сондай-ақ университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Жиынды Мансап орталығының басшысы Рақымберді Жетібай модератор ретінде жүргізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – 2025-2026 оқу жылының екі семестрін қамтыған ұзақмерзімді өндірістік іс-тәжірибенің нәтижелерін саралау, болашақ мұғалімдердің кәсіби құзыреттілік деңгейін анықтау және университет пен мектеп арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту. Жиын барысында Абай университетінде педагогикалық тәжірибелердің бекітілген академиялық күнтізбе негізінде жоғары деңгейде жүзеге асырылғаны ерекше атап өтілді.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылдың қыркүйегінде өткен педагогикалық практикаға 3-курс студенттерінен 2 561 білім алушы қатысып, Алматы қаласының 94 білім беру ұйымында тәжірибе жинақтаған. Осы кезеңде студенттерге бағыт-бағдар берген 1 176 мектеп мұғаліміне нормативтік талаптарға сай төлем жүргізілді. Ал 4-курс студенттерінің негізгі өндірістік іс-тәжірибесі 22 аптаға созылып, 2025 жылдың қазанынан 2026 жылдың сәуіріне дейінгі кезеңді қамтыды. Бұл маңызды кезеңде барлық факультеттен 2 215 білім алушы мектептерде кәсіби тәжірибеден өтті.

Тәжірибенің географиялық ауқымы да кеңейіп келеді. Мәселен, соңғы үш жылдағы дәстүр бойынша 95 студент елордадағы 17 білім беру ұйымында дағдыларын жетілдірсе, Алматы қаласында 1 535 білім алушы 91 мектепке бөлінді. Жалпы алғанда, практика жұмыстарына 108 білім беру ұйымы жұмылдырылды. Студенттер 7-8 семестр аралығында 8 860 ашық сабақ өткізіп, теориялық білімдерін нақты оқу процесінде нәтижелі ұштастыра білді.

2019 жылдан бері Абай университеті енгізген бұл бірегей бастаманың тиімділігі мектептер тарапынан жүргізілген сауалнамалармен расталды. Тәжірибенің алғашқы кезеңінде студенттер мектеп ортасына бейімделсе, кейінгі айларда сабақ беру әдістемесін, БЖБ мен ТЖБ құрастыруды, сондай-ақ бағалау жүйесін толық меңгеріп шықты. Осылайша, үш тоқсанды қамтыған тәжірибе болашақ мұғалімдерді еңбек нарығына дайын, бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптастыруға мүмкіндік берді. Практика базаларындағы жетекшілердің 80 пайызы педагог-зерттеуші, педагог-шебер және педагог-сарапшы, 10 пайызы педагог-модератор санатындағы білікті мамандар болғаны студенттердің кәсіби өсуіне оң ықпал етті. Аталған ұстаздардың жетекшілігімен 5 000-нан астам ашық сабақ өткізілді.

Сонымен қатар  дуальды оқыту жүйесі де нақты жемісін беруде. Биылғы оқу жылында 139 білім алушы осы жүйе арқылы ресми жұмысқа қабылданса, 446 студент сұраныс хат негізінде тәжірибеден өтті. Конференция соңында Басқарма төрағасы-ректордың кеңесшісі Хайрулла Жанбеков, департамент директоры Алмас Найманбаев және мектеп директорлары сөз сөйлеп, педагог кадрларды даярлаудағы жаңа форматтың маңыздылығын қорытындылады.

Жиын барысында Кәсіби бағдар және мансапты дамыту департаментінің директоры Алмас Найманбаев практиканың стратегиялық маңызына тоқталып: «Ұзақмерзімді педагогикалық практика – тек академиялық талап емес, бұл – болашақ маманның мектеп өміріне толыққанды енуіне мүмкіндік беретін кәсіби көпір. Біздің мақсатымыз — диплом алған түлек жұмыс орнында бейімделуге уақыт жоғалтпай, алғашқы күннен бастап сапалы білім беруіне жағдай жасау», – деп атап өтті.

Іс-шара «Менің тәжірибедегі бір күнім» байқауының жеңімпаздарын марапаттаумен және «Үздік тәжірибе жетекшілеріне» алғысхаттар табыстаумен аяқталды. Бұл шара Абай университетінің білім мен тәжірибені сабақтастырудағы жүйелі жұмысының айқын айғағына айналды.