Ақмола облысының Щучинск қаласында биыл ақпан айының соңында болған «Центр плова Loft» дәмханасындағы газ баллонының жарылысына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Оқиға салдарынан 28 адам түрлі деңгейдегі жарақат алып, олардың 12-сі көз жұмды. Қазіргі таңда тағы үш адам ауруханада ем қабылдап жатыр.
Ақмола облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның қаза болуына әкеп соққан іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Тергеу барысында 2026 жылғы 20 сәуірде қосымша тағы екі адам ұсталды. Олар – автогаз құю стансасының директоры және газ баллондарын жеткізумен айналысқан тасымалдаушы. Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер газ баллондарын толтыру және жеткізу кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзған деген күдікке ілінген.
Аталған әрекеттер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306-бабы 3-бөлігі бойынша сараланып отыр. Бұл бап бойынша қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету нәтижесінде бірнеше адамның денсаулығына зиян келіп, адам өліміне себеп болса, кінәлі тұлғаларға 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сот санкциясымен күдіктілердің біріне қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылса, екіншісі үйқамаққа алынған.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құзырлы органдар істің барлық мән-жайын жан-жақты анықтауға кіріскен. Заң талаптарына сәйкес, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына байланысты өзге деректер жария етілмейді. Іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Қайғылы оқиға қоғамда қауіпсіздік талаптарының сақталуы мен газ жабдықтарын пайдалану саласындағы бақылаудың маңызын тағы бір рет күн тәртібіне шығарды.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
