Орал қаласында «AMANAT» партиясының «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» тақырыбында өңірлік форум өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Кездесу барысында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, ашықтықты арттыру, тұрғындармен кері байланысты күшейту, сондай-ақ МИБ пен ПИК жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Форум жұмысына «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының басшысы Мәди Оспанов, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй, мәслихат депутаттары, мемлекеттік және коммуналдық қызмет өкілдері, сондай-ақ өңірдегі МИБ пен ПИК төрағалары қатысты. Форум алдында өткен панельдік сессияда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелер жан-жақты қаралып, ұсыныстар пысықталды.

Өз сөзінде Мәди Оспанов партия азаматтардың нақты сұраныстарына негізделген және практикалық нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіп отырғанын атап өтті.
«Осылайша партия әрбір азаматтың өтініш-тілегін ескеретінін іс жүзінде көрсетіп отырмыз. «Халықпен бірге!» жай ғана Сайлауалды бағдарламаның атауы емес, бұл – шын мәнінде партия жұмысының қағидасы. Бүгінде бізге азаматтар тек өтінішпен емес, ұсыныстарымен де жиі келеді. Бұл «AMANAT»-тың нақты шешімдер сұрайтын емес, оны ұсынатын тиімді алаңға айналғанын дәлелелдейді. Сондықтан тұрғындармен күнделікті жұмыс істейтін, жергілікті жағдайды жақсы білетін азаматтармен тұрақты диалог жүргізу партия үшін аса маңызды», – деді ол.
Сондай-ақ ол бүгінде Батыс Қазақстан облысында 2 498 көппәтерлі тұрғын үйдің 1,5 мыңы кондоминиум нысаны ретінде заңдастырылғанын жеткізді. Мәди Оспановтың айтуынша, негізгі міндет – өңір тұрғындары үшін қауіпсіз, жайлы және сапалы тұрғын үй ортасын қалыптастыру.
Бұдан бөлек Мәди Оспанов МИБ пен ПИК төрағаларының рөліне ерекше тоқталып, олардың белсенділігі мен жауапкершілігі жергілікті жердегі нақты нәтижеге тікелей әсер ететінін жеткізді. Осыған байланысты жоба аясында бірқатар практикалық шара көзделген. Атап айтқанда, «OSI-SKILLS» форматында оқыту, депутаттармен кері байланысты күшейту, тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізу, әкімдіктермен өзара іс-қимылды дамыту және тиісті меморандумдар жасау, сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы мен «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында абаттандыру жобаларын іске асыру қарастырылған.

Өз кезегінде Екатерина Смышляева тұрғын үйді басқару жүйесін реформалау ісіне кешенді көзқарас қажет екеніне назар аударды.
«Тек ереже мен заңның болуы жеткіліксіз. Себебі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы, әсіресе тұрғын үй қорын басқару бағыты – өте күрделі және адамдар арасындағы қарым-қатынаспен тығыз байланысты. Бізде белсенді тұрғындар да, тұрғын үй қоры да әртүрлі, сондықтан бұл икемді тәсілді талап етеді. Сол себепті аталған салада өзара түсіністік, кәсіби тұрғыда дайындықтан өткен кадрлар және қолайлы реттеуші жағдай болуы маңызды. Өйткені тұрғын үй қорын басқарудағы кез келген қиындық әрбір тұрғынның өміріне тікелей әсер етеді», – деді депутат.
Облыс әкімінің орынбасары тұрғын үй-коммуналдық саласын жаңғыртудың стратегиялық маңызын және оның халық тұрмысына әсерін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, энергетика және инфрақұрылымды басқарудың жаңа моделін қалыптастыруды нақты міндет ретінде айқындады. Бұл – уақыт талабы. Себебі халықтың өмір сапасы олардың күнделікті тұрмыс жағдайына, баспанасының жайлылығы мен қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Осы тұрғыда «TURGYNDAR AMANATY» жобасының маңызы зор», – деді Мирас Мүлкәй.

Орал қаласы ПИК қауымдастығының төрағасы Нұрлан Чабдаров тұрғындардың қатысуы және кадрлық қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты саладағы негізгі түйткілдерді атап өтті.
«Заң талаптарына сәйкес кез келген шешім қабылдау үшін тұрғындардың басым бөлігі қолдау білдірген хаттама қажет. Алайда тұрғындардың көпшілігі жиындарға қатыспайды, ал келгендерінің өзі басқару жауапкершілігін алуға дайын емес. Соның салдарынан бірқатар мәселені шешу қиынға соғып отыр. Бүгінде сала қызметкерлерінің басым бөлігі – зейнет жасындағы немесе зейнеталды жастағы мамандар. Осы жағдайда қызметтік тұрғын үй беру мүмкіндігін қарастыру жас әрі заманауи білімі бар мамандарды тартуға ықпал етер еді», – деді Нұрлан Чабдаров.
Форум аясында «TURGYNDAR AMANATY» жобасын іске асыру бағыттары жан-жақты қаралды. Атап айтқанда, МИБ және ПИК төрағаларын оқыту, депутаттармен және әкімдіктермен өзара іс-қимылды күшейту, аулаларды абаттандыру және тұрғындардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу тетігін дамыту мәселелері талқыланды.

Форум жұмысы ашық диалог форматында жалғасты. МИБ және ПИК өкілдері спикерлерге тарифтік саясат, тұрғын үйлерді басқару, коммуналдық қызметтермен өзара іс-қимыл және құқықтық реттеу мәселелеріне қатысты өзекті сұрақтарын қойды. Кездесу қорытындысы бойынша қолданыстағы тетіктерге түсініктеме беріліп, көтерілген мәселелерді шешу жолдары айқындалды.

Жалпы «TURGYNDAR AMANATY» жобасы азаматтардың күнделікті өміріндегі нақты өзгерістерді қамтамасыз ететін тиімді, ашық әрі тұрғындарға бағдарланған көппәтерлі тұрғын үй қорын басқару жүйесін қалыптастыруды көздейді.
