7 мамыр күні «Қазақстан Республикасы Президентінің «Bolashaq» Халықаралық стипендиясы стипендиаттарының Қауымдастығы» өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Осыған орай Қауымдастық Кеңесінің төрағасы Жәнібек Катренов халықаралық тәжірибенің ел дамуына қосқан үлесі, «Болашақ» түлектерінің бүгінгі рөлі және түлектер Қауымдастығының миссиясы туралы пікір білдірді.
««Болашақтықтар қайда жүр?» деген сұрақ қоғамда жиі қойылады. Әсіресе халықаралық “Болашақ” бағдарламасына қатысты «шетелде қалып қояды», «мемлекет қаржысы сыртқа кетіп жатыр» деген пікірлер де айтылып келді. Дегенмен, 33 жыл ішінде қалыптасқан тәжірибе мен статистика бұл мәселеге кеңірек қарауға мүмкіндік береді.» — дейді Жәнібек Катренов.
Оның айтуынша, бағдарлама жүзеге асқан уақыт ішінде әлемнің үздік жоғары оқу орындарында 13,2 мыңнан астам маман даярланған. Бүгінде 10 922 түлек келісімшарттық міндеттемелерін толық орындаса, еңбекпен өтеу мониторингінде тұрғандардың 98,4 пайызы Қазақстан ішінде еңбек етіп жүр.
«Бұл — адам капиталына салынған мемлекеттік инвестицияның нәтижесі. Болашақтықтар тек өз саласында табысқа жетіп қана қоймай, елдің стратегиялық дамуына үлес қосып келеді. Инвестиция қайтарымының нақты деңгейін өлшеу оңай емес, бірақ ол жұмсалған қаражаттан кем дегенде ондаған, тіпті жүздеген есе асып түседі. Жаңа өндірістер, жұмыс орындары мен салықтар арқылы экономикаға қосылатын тікелей үлестен бөлек, құтқарылған өмірлер мен жүйелі реформалардың құны баға жетпес жоғары. Мәселен, қазіргі күнделікті өмірімізді онсыз елестету қиын болатын ХҚКО (ЦОН) сияқты жаңашылдықтарды дәл осы стипендияның алғашқы түлектері енгізген болса, күн тәртібіндегі өзекті жасанды интеллект, цифрландыру жұмыстарының көшбасында кейінгі буын түлектері тұр», — деді Қауымдастық Кеңесінің төрағасы.
Қазіргі таңда түлектердің 45 пайызы жеке сектор мен кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді. 25 пайызы мемлекеттік құрылымдарда қызмет етсе, 18 пайызы ұлттық компанияларда еңбек етеді. Қалған 12 пайызы білім, ғылым және медицина саласында жұмыс істейді.
Оның айтуынша, соңғы 25 жыл ішінде «Bolashaq» түлектер Қауымдастығы білім беру, әлеуметтік қолдау, жастар саясаты, кәсіпкерлік және мәдениет бағыттарында 150-ден астам жобаны жүзеге асырған. Қауымдастық гранттары арқылы 25 жаңа кәсіпорын ашылған. Бүгінде Қауымдастық қатарында 3 мыңға жуық мүше бар.
Жәнібек Катреновтың айтуынша, Қауымдастықтың «Біздің білім – елімізге» жобасы аясында еліміздің жоғары оқу орындарында 700-ге жуық дәріс ұйымдастырылып, Bolashaq Medicine Club бастамасымен үш өңірде тегін көшпелі медициналық қабылдаулар өткізілген. Соңғы айда ғана Түркістан облысында жүзеге асқан «Bolashaq Qadam» онлайн жобасы аясында 28 мыңға жуық жоғарғы сынып оқушылары кәсіби бағдар беру дәрістерімен қамтылған.
Сонымен қатар, болашақтықтардың бастамасымен Disney және Hollywood студияларының мультфильмдері алғаш рет қазақ тіліне дубляждалып, еліміздің 26 қаласында инклюзивті білім беруді қолдайтын 71 арнайы кабинет ашылған. Қазіргі таңда бұл бағыттағы қайырымдылық және әлеуметтік жобаларды «Bolashaq Charity» қоғамдық қоры жалғастырып келеді.
Бүгінде Қауымдастық жанынан бизнес, IT, медицина, білім, ғылым, медиа және құқық салаларын қамтитын 20-ға жуық бейінді клуб жұмыс істейді. Олардың қатарында Business Support Club жобасы аясында биыл «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп қазақстандық бизнеске сараптамалық қолдау көрсету жұмыстары басталған.
«Біздің басты миссиямыз — білім мен ғылымның, халықаралық тәжірибенің әлеуетін ел игілігіне бағыттап, Әділетті және Прогрессивті Қазақстанды дамытуға үлес қосу», — деді Жәнібек Катренов.
