Ақ күріші жайқалған аймақтың негізгі күнкөрісі дала қосының дүбірімен тікелей байланысты. Ерте көктемнен егінжайда еңбек көрігін қыздырған диқан қауымының берекелі күзде жер-анадан жиған еншісі тұтас елімізге азық болып тұр. Алайда соңғы жылдары қыспаққа алған қуаңшылықтың зардабы егінжайдағы еңбектің екпінін бәсеңдетіп тастады. Соған орай кейінгі жылдары өңірді индустрияландыру бағытына да басымдық беріле бастады. Яғни өңір экономикасының жаңа драйверлерін қалыптастыру маңызды міндетке айналды.
Негізінен, Сыр өңірінің табиғи ресурстық әлеуеті жоғары. Нақты айтқанда, аймақта мұнай, газ, уран секілді пайдалы қазбалармен қатар, құрылыс индустриясын дамытуға қажетті шикізат қоры да мол. Мұндай мүмкіндіктер жаңа өндіріс орындарын ашуға негіз бола алады. Сондықтан да соңғы жылдары облыста индустрияландыру саясатына ерекше басымдық берілуде.
Индустрияландыру бағытындағы ең ірі жобаның бірі – Қызылордадағы шыны өндіру зауыты. Бастапқы кезеңде бірқатар қиындыққа тап болғанымен, бүгінде кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп, құрылыс материалдары нарығын отандық өніммен қамтамасыз етуге үлес қосуда. Ең бастысы, осы зауыттың айналасында шыны кластерін қалыптастыруға мүмкіндік пайда болды.
Бұл бағыттағы жұмыстар биыл жаңа деңгейге көтерілді. Жақында Қызылордада бірден екі ірі өндірістік жобаның іргетасы қаланды. Оның алғашқысы – әлемдік деңгейдегі испандық Roca Group компаниясының санитарлық-техникалық бұйымдар шығаратын зауытының әлеуеті жоғары бағаланып отыр. Бұл жоба «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен жүзеге асырылып отырғанын да айта кеткен абзал.
Негізі, жүз жылдан астам тарихы бар бұл компанияның өнімдері әлемнің 170-тен астам еліне экспортталады. Қазақстандағы алғашқы өндіріс орнын дәл Қызылордада салу туралы шешімнің өзі өңірдің инвестициялық әлеуетін аңғартса керек.
Қызылорда облысы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, жалпы құны 44,1 млрд теңге шамасында қаржыға салынатын аталмыш зауыт жылына 500 мыңға дейін санитарлық-техникалық өнім шығаруға қауқарлы деп жоспарланған. Жоба аясында 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті мамандар халықаралық стандарттарға сәйкес даярланады деп күтілуде. Зауыт толық іске қосылса, аймақтың инвестициялық ахуалын арттыруға үлкен сеп болмақ.
– Мемлекет басшысы «Жаңа инвестициялар, ең алдымен, еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы керек» деген болатын. Кейінгі жылдары өңіріміздің инвестициялық әлеуеті артып, ірі жобалар табысты жүзеге асуда. Соның негізінде аймақ экономикасына 2,3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Алдағы үш жылда 1,9 трлн теңгеге 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Нәтижесінде, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Осы орайда кезекті ауқымды жобаны Сыр өңірінде жүзеге асырғаны үшін испандық Roca Group компаниясына ризашылығымды білдіремін. Бұл бастама өңір экономикасына жаңа серпін беріп, экспорттық әлеуетті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Біз отандық және шетелдік инвесторлармен әрдайым ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатып, нәтижелі жұмыс істеуге дайынбыз, – деді зауыттың капсула салу рәсімінде Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев.
Сол сияқты екінші маңызды жоба саналатын Seven Rivers компаниясының шыны ыдыстар шығаратын зауыты да жоғары маңызға ие. Жоба құны 60 млрд теңгені құрайтын кәсіпорын жылына 240 млн дана шыны ыдыс өндіреді деген жоспар бар. Бұл жоба өңірдегі шыны өндірісінің жаңа кезеңін бастап бермек. Зауытта 500-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып, ел аумағынан жиналған шыны қалдықтарын қайта өңдеу арқылы экологиялық әрі экономикалық тиімді өнім өндіру көзделіп отыр.
Бұл екі жоба да қосымша сервистік кәсіпорындардың, логистикалық орталықтардың және шағын өндірістердің дамуына жол ашады деген үміт зор. Сарапшылар тарапынан да мұндай кәсіпорындар төңірегінде тұтас өндірістік экожүйе қалыптасатынын жоққа шығармайды.
Сыр өңіріндегі индустрияландырудың тағы бір маңызды тетігі – арнайы экономикалық және индустриялық аймақтың қүрылуымен маңызды. Бұл мақсатта өңірде 550 гектар аумақты қамтитын «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрылғаны көпке мәлім. Қазір мұнда құрылыс материалдарын өндіру, машина жасау, химия өнеркәсібі, логистика, электр жабдықтарын шығару секілді 18 басым бағыт белгіленген.
Сонымен қатар облыста жалпы көлемі 515 гектардан асатын алты индустриялық аймақ жұмыс істейді. Бүгінде бұл алаңдарда 112 млрд теңгенің 37 жобасы жүзеге асырылып, мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Әсіресе, «Өндіріс» индустриялық аймағы шыны, керамика және құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындардың шоғырланған орталығына айналып келеді.
Бұл жайында аймақ басшысының China State Construction Engineering Corporation компаниясының өкілдерімен кездесуінде мәлім болды. Осы кездесуде тараптар өңірден индустриялық парктер салу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, өндірістік және логистикалық нысандарды жандандыру бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты. Яғни келешекте өзара тиімді әріптестікті дамыту және бірлескен инвестициялық жобаларды одан әрі жалғастыру жоспары нақтыланды.
Сыр өңірінде ірі өнеркәсіпке қарағанда құрылыс материалдарын өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, тамақ өнеркәсібі, химия өндірісі, жаңартылатын энергия көздері мен логистикалық қызметтерді дамытудың тиімділігі сарапшылар тарапынан бұрыннан айтылып жүр. Осы орайда бұл өңірдің аграрлы аймақ мәртебесінен толықтай бас тартатынын білдірмейді. Есесіне индустриялық секторды қатар дамыту арқылы аграрлы-индустриялық өңірге айналуға жол ашады деген көзқарас байқалады.
Жалпы, ежелден ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамыған өңірде соңғы жылдары қолға алынған өндірістік жобалар Сыр елінің жаңа индустриялық келбетін қалыптастырып келеді. Соның ішінде бұған дейін күріш пен мұнайға сүйенген аймақ бүгінде шыны өндірісі, құрылыс индустриясы, машина жасау және өңдеу өнеркәсібі бағытында жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы
