Жүйелі жұмыс жетістікке жетелейтіні хақ. Бұл орайда әлеуметтің әлеуетін көтеріп, тұрғындардың тұрмысын түзеуде аудандарға артылған міндет орасан. Міне, осы сенім үдесінен шығып келе жатқан Жамбыл облысы Талас ауданындағы тындырымды тірліктер мен жемісті жобалар көз сүйсіндіреді.
Өлкенің өндірісі өрістеп келеді
142
оқылды

Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүніс­бековтің айтуынша,  елді мекенде негізгі салаларда атқарылған жұмыстар мен қол жеткізген жетістіктер толайым екен. 

–  Жыл басынан өндірілген өнеркәсіп өнімдері 11 998,8 млн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 96,6 пайызға орындалды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көл­емі 2 532,7 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 21,2 пайызға орындалды. 

Аудандағы әлеуметтік мәселелердің бірі – азаматтарды тұрғын үймен қамту. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жал­пы көлемі 7 182 шаршы метрді құрап, был­тырғы жылдың тиісті кезеңімен салыс­тырғанда 101,9 пайызға артығымен орын­далды. Жалпы алғанда, құрылыс жұмыстары­ның көлемі 5 347,9 млн теңгеге жетіп, нақ­ты көлем индексі 197,4 пайызға орын­далды.

Ауыл шаруашылығы саласында өндіріс көлемі артып, бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде. Есепті мер­зімде, ауыл шаруашылығы өнімі 4 757,9 млн теңгеге өндіріліп, нақты көлем индексі 102,4 пайызға орындалды. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар аясында шаруаларға қолдау көрсету шаралары жалғасуда, – дейді Нұрбол Әбдімажитұлы.

Ауданда 2026-2029 жылдарға 315,65 млрд теңгенің 12 ірі жобасы жоспарланған. Аталмыш жобалар толығымен іске асқан күнде 1 320 адам жұмыспен қамтылмақ. Оның ішінде 2026 жылға 4 жоба жоспар­ланып отыр. Атап айтсақ, Talas Investment Company ЖШС натрий цианиді өнімінің өндіріс көлемін жылына 15 мың тоннадан 30 мың тоннаға дейін ұлғайтуды көздеуде. Ол үшін индустриялық аймақтан 6 гектар жер берілген. Жобаның жалпы инвести­ция­лық құны 25 838 млн теңгені құрайды. Мемлекеттік қолдау шеңберінде кәсіпорынға қажетті инфрақұрылымдар – газ, электр энергиясы, ауыз және техникалық су желі­лері тартылған. Қазір құрылыс жұмыс­тары қарқынды жүргізілуде. Зауыт іске қосыл­ғаннан кейін 300 жаңа жұмыс орны ашылып, ауданның өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және инвестициялық тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді. Кәсіпорынды пайдалануға беру ағымдағы жылдың шілде айына жоспарланған.

Ал Karatau Lime ЖШС қуаттылығы жылына 75 мың тоннадан 150 мың тоннаға дейін 1 және 2-сортты әктас өндіретін зауыт­тың құрылысын жүргізуде. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 2 млрд теңге. Бүгінде 1,7 млрд теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынып, оларды орнату жұмыстары толықтай жүргізілген. Жоба толық іске қосылғанда 60-90 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. 

– Биылға жоспарланған инвестициялық жобаның бірі – «Құлтай Ата» шаруа қожалығының ARTAZA брендімен субли­мацияланған сүт өнімдерін өндіру кәсіпорны. Қуаттылығы жылына 120-360 тоннаға жететін инвестжобаның құны 850 млн теңг­е. 15 адамды тұрақты жұмыспен қамти­тын кәсіпорынның қазір құрылыс жұмыс­тары жүргізілуде. 

Сол секілді «Зерхат» ЖШС-ның қуаттылығы жылына 1 000 тонна көкөніс сақтайтын қоймасы да биыл жүзеге асыры­латын жобалардың қатарында. Жоба құны – 336,1 млн теңге. 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Инфрақұрылым бойынша электр энергиясы 49,4 млн теңгеге мемлекет тарапынан толықтай жүргізілген, – дейді Талас ауданының әкімі. 

Бұдан бөлек, келер жылы да ауқымды жұмыс жүргізу жоспарда бар екен. Мәселен, Qazaq Energy ЖШС-ның жоба құны 87 млрд теңге болатын зауыты болашағынан көп үміт күттіріп отыр. Өндіріс ошағында жылына 30 мың тонна сары фосфор, 20 мың тонна глифосат, 10 мың тонна гексаф­торфосфат өндіріледі. 200 адамды жұмыспен қамтиды деп күтіліп отырған жобаның іске асыру мерзімі 2027-2029 жылдар аралы­ғын қамтымақ.

Ал тарихы терең Талас ауданында туризмді тіктеуге бағытталған «Этноауыл» жобасы жылына өңірге қонақ болып келген 12 мыңға дейін адамға қызмет көрсетуге арналған. Жоба құны 100 млн теңгені құрайды. 

Сонымен қатар Үшарал ауылы маңында су үнемдеу технологияларын енгізіп, тамшылатып суарумен айналысатын швейцариялық Harvest Group SA холдингіне кіретін «Харвест Агро Холдинг» ірі агроөнеркәсіп нысаны салынбақ.

Ауданда әлеуметтік сала, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын жаңғырту жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Сондай-ақ  инфрақұрылымды дамыту мақсатында өңірде жол жөндеу, ауызсу және газдандыру бағытындағы жұмыстар да жүйелі жалғасын табуда.   

Міне, осылайша қойнауына құт қонған қарт Қаратау бөктеріндегі Талас ауданы тындырымды тірлігімен тамсандыруда. Кезінде фосфор өндірісімен Одаққа даңқы дүркіреген елді мекен 90-жылдардағы тоқыраудан кейін еңсесін тіктей алмай қалған еді. Енді, міне, тәуелсіздік таңының жаңа шуағымен ауданның ажары ашылып, Қаратаудай моноқала құлпырып, Таластың тынысы кеңейе түсуде. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жемісті жалғасын тауып, әлеуметтің әлеуеті артып, өлке өрістей түсетініне бек сенімдіміз.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы