Шолуда 1896 жылғы есеп пен 1909 жылғы баяндама туралы айтылады.
Бір ғасыр бұрын Торғай даласындағы ән мен күй туралы не жазылды?
188
оқылды

Өткен тарихты қайта қарау кейде бұрыннан белгілі оқиғаларға басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді. Әсіресе, ескі жазбалар мен сапарнамаларда, ғылыми қоғамдардың есептерінде, газет-журнал беттерінде сақталған деректер бүгінгі күн үшін ерекше мәнге ие. Олардың ішінде бір бөлігі жай естелік ретінде ғана көрінуі мүмкін. Ал кейбірі сол дәуірдің тірі куәсіндей болып, бізге бұрынғы қоғамның тұрмысы, дүниетанымы, өнері туралы нақты мәлімет береді. Музыкаға да қатысты мұндай деректердің орны бөлек. Себебі дыбыс жоғалады, орындаушы өмірден өтеді, дәстүр өзгеріске түседі. Бірақ бір ғасыр бұрын қағазға түскен қысқа ғана байқау, аспап туралы сипаттама немесе ән айту дәстүріне қатысты жазба кейде тұтас бір кезеңнің музыкалық өмірін түсінуге көмектеседі.

Әрине, бүгінгі көзқараспен қарағанда, қазақ даласына келген зерттеушілердің бәрін жай ғана саяхатшы немесе бейтарап бақылаушы деп қабылдау қиын. Олардың арасында миссионерлік мақсатпен жүргендер де, империялық мүддеге қызмет еткендер де, барлау сипатындағы мәлімет жинағандар да болуы мүмкін. Мұндай күмәннің негізі бар. Бірақ бұл жерде бізді ең алдымен сол адамның кім болғаны немесе қандай ниетпен келгені емес, оның артында қалдырған дерегі қызықтырады.

Сондықтан бұл мақалада біз С.Г.Рыбаковтың Торғай өңіріндегі қазақтар туралы жазбаларына назар аударып, сол ескі деректерді қайта қарап, олардың қазақ музыка тарихы үшін нені аңғартатынын сөз етпекпіз.

Алдымен Рыбаковтың өзі жайлы аз-кем сөз. Ол ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Ресей империясы құрамындағы түрлі халықтардың тұрмысы, ауыз әдебиеті және музыкалық мәдениеті туралы дерек жинаған зерттеушілердің бірі. Рыбаковтың есімі көбіне этнографиялық сапарлармен, халық әндерін жинаумен, музыкалық аспаптар туралы байқауларымен байланысты аталады. Ол тек қазақтарға ғана емес, басқа да түркі және шығыс халықтарының мәдениетіне назар аударған.


Сергей Гаврилович Рыбаков (1867—1921)

1896 жылы Рыбаков Торғай облысына сапарлайды. Бұл сапардың нәтижесінде ол қазақтардың тұрмысы, наным-сенімі, ауыз әдебиеті, бақсылық дәстүрі және музыкалық өмірі туралы деректер жинайды. Кейін осы материалдардың бір бөлігі баспасөзде жарияланып, ғылыми ортада талқылана бастайды.

Әрине, Рыбаковты қазақ музыкасын арнайы зерттеген кәсіби музыкатанушы деп айту қиын. Бірақ ол қазақ музыкасы туралы ерте жазба деректер қалдырған адамдардың бірі ретінде маңызды. Оның еңбектерін бүгін қайта қарау арқылы біз ХХ ғасыр басында қазақтың әні мен күйі сырт көзге қалай көрінгенін, қалай сипатталғанын және қандай ұғымдар арқылы түсіндірілгенін байқай аламыз.

Сапар мен есеп. 1896 жылы С.Рыбаков Императорлық Географиялық қоғамның тапсырмасымен Торғай облысындағы қазақтар арасына сапарға шығады. Сол кезеңдегі ресми құжаттар мен орыс баспасөзінде қазақтар көбіне «киргиз» деп аталғаны белгілі. Сондықтан оның еңбектерінде де осы атау қолданылады. Бұл сапардың нәтижесінде Рыбаковтың көлемді есебі 1897 жылы «Живая старина» журналында жарияланды. Есептің толық атауы — «Отчет члена-сотрудника С. Рыбакова о поездке к киргизам летом 1896 по поручению Императорского Географического Общества».

Бұл есепте Торғай өңіріндегі қазақтардың тұрмысы, шаруашылығы, діни түсініктері, әдет-ғұрпы, қоғамдық өмірі туралы жалпы этнографиялық байқаулар берілген. Яғни, Рыбаков бұл жерде музыканы жеке зерттеу нысаны ретінде емес, қазақ өмірінің бір бөлігі ретінде ғана байқайды. Соған қарамастан, 1897 жылғы есепті назардан тыс қалдыруға болмайды. Өйткені дәл осы сапар Рыбаковтың кейінгі музыкалық деректеріне негіз болды. Ол қазақ даласындағы ән, ауыз әдебиеті, бақсылық дәстүр және музыкалық аспаптар туралы материалды осы ортадан жинай бастады.

Есепте бақсы және қобыз туралы да мәліметтер кездеседі. Әсіресе, қобыздың бақсылармен байланысы, оның емшілік және ғұрыптық тәжірибедегі орны туралы деректер кейінгі музыкалық жазбаларды түсінуге көмектеседі. Сондықтан 1897 жылғы есеп қазақ музыкасы туралы тікелей еңбек болмаса да, маңызды бастапқы дерек ретінде қаралады. 

1909 жылғы 15 мамырда Санкт-Петербор қаласындағы Императорлық Географиялық қоғамның Этнография бөлімшесінде С.Рыбаков Торғай облысы қазақтарының халық әдебиеті мен музыкасы туралы баяндама жасады. Баяндама жай ғана оқылып қоймаған: онда қазақ әндері мен әуендері Н. И.Приваловтың оркестрі және әртістердің орындауымен сүйемелденген.

Кейін осы баяндаманың мазмұны «Киргизы и их музыка» деген атпен «Этнографическое обозрение» журналында қысқаша жазба түрінде жарияланды. Бұл жерде бір нәрсені нақтылап өткен жөн. Рыбаков бұл кезде қазақ даласына сырттан келген жай саяхатшы ғана емес еді. Ол Торғай облысында шенеунік ретінде қызмет атқарып, жергілікті өмірді жақыннан бақылаған адам болды.

"Императорлық Географиялық қоғамның мәжілісінде Ресей мен Түркістандағы шығыс халықтарының тұрмысы, поэзиялық және музыкалық шығармашылығы туралы бірнеше құнды зерттеудің авторы С. Г.Рыбаков «Торғай облысының қазақтары және олардың әншілік әрі музыкалық шығармашылығы» атты қызықты баяндама жасады", – деп басталады.

Торғай облысында ұзақ уақыт крестьянский начальник қызметін атқаруы С. Г.Рыбаковқа қазақтардың тұрмысы мен шығармашылығын тереңірек танып-білуге және 100-ден астам ән жинауға мүмкіндік берген. Оның айтуынша, бұл материалды біздің этнографтарымыз әлі пайдаланбаған. Қазақ әндерінің алғашқы жазбасы XIX ғасырдың басында жасалып, бірнеше ән әуендерімен бірге 1816 жылы Астрахандағы «Азиатский Вестник» басылымында жарияланған. Кейін тағы бір рет 11 әуен Пфеннинг мырза тарапынан 1889 жылғы «Этнографическое Обозрение» журналында басылған. Біздегі сол уақытқа дейін бар болғаны – сол ғана деп жүрдік.

Баяндамашы қазақтардағы ән шығармашылығының өте өнімді екенін атап өтіпті. Әр ауылда өзінің әнші мен күйші болғанын айтады. Және баяндамашы бір ауылға барған кезде, оның құрметіне әйелдер арнайы ән шығарып, орындаған екен.

Бір жағдайға Рыбаков қатты таңғалыпты:

Кейде қазақтар өз шығармашылығында өміріндегі сол кездегі оқиғаларға да үн қосқан. 1908 жылы олардың арасында орыстарға қарсы толқулар болып, бір орыс мұғалімі өлтірілген кезде, отызға жуық қазақ тұтқындалған. Сол тұтқындалғандардың бірінің қарындасы ағасының тағдырын жоқтап ән шығарған. Осы екі ән де мәжілісте Боярова және Рейман ханымдардың орындауында бір дауыспен айтылды.

Ары қарай ән түрлеріне тоқтап, өз көргенін баяндайды. Ол ән түрлері әр алуан деп, лирикалық әндер өте кең тараған, олар қара өлең деп аталады. Мұндай әндерде қыз сұлулығы, махаббат жырланады. Әншілер кейде мұндай әндерді Рыбаков мырзаның алдында айтуға қысылып, оларды жігерлендіріп, орындауға көндіруге тура келген екен. Әндермен қоса, эпикалық жырлар да болыпты. Көбіне көлемді болып келіп, кейбір жырды түні бойы отырып тыңдапты. "Олардың басым бөлігінде дүниеден өткен ата-бабалар дәріптеледі" дейді. Арасында айтыскерлерді де кездескенін айтады. Әдетте төреші қыздар болып, кейде қыз жеңіске жеткен әншіге тұрмысқа шығады деп жазған.

Музыкалық шығармашылық ән әуендерінде – әнде және аспаптық пьесаларда, күйде көрінеді. Негізгі музыкалық аспаптар: домбыра және қобыз. Домбыра — шанағы, ұзын мойны және екі ішегі бар аспап. Оның ішектері квинталық дыбыс қатарлары шегінде квартаға келтіріледі; дыбыс ішекті саусақпен шерту арқылы шығарылады. Қобыз — тұтас ағаштан ойылып жасалған тостаған тәрізді резонаторы, ұзын мойны және жылқы қылынан тағылған екі ішегі бар ысқышты аспап. Оның ішектері де квартаға келтіріледі.

Әнді жиі сүйемелдейтін аспаптардың құрылысына байланысты қазақ музыкасының үндестігі екі дауысты сипатта болады. Оның ерекшелігі — біздің музыкалық теориямыз тыйым салатын параллель квинталар мен кварталардың өте жиі қолданылуы. Олар музыкаға өзіндік сипат беріп, оны әсемдіктен айырмайды. Әуендер, біздің Шығыстың көптеген халықтарындағыдай, квинталық және кварталық дыбыс қатарлары жүйесіне құрылған. Олар негізінен диатоникалық сипатта, дегенмен жарты тонға жоғарылату да кездеседі. Зерттеуші ширек тондарды бірде-бір әуеннен кездестірмегенін айтады. Ол мұндайды тек қазақтардан ғана емес, Шығыстың басқа халықтарынан — парсылар мен ауғандардан да байқамаған.

Рыбаков бақсылар өнері туралы айтқан екен. Мұсылман дінбасылары бақсыларға қарсы көзқараста болғанымен, халық арасында олар кездесіпті. Олардың әндерінде қорқынышты жабайылық пен адамды баурайтын әсемдік алма-кезек ұшырасады дейді. Әндердің арасында сипаттау және дыбысқа еліктеу үлгісіндегі әндер де бар. Мысалы,  көкектің үніне еліктейді. Осындай бір шығарманы Гольтисон есімді азамат баяндамада орындаған екен.

Орындалған көптеген әндердің көркемдік маңызы даусыз. Мысалы, соқыр қыздың әні, сондай-ақ Янова ханым шебер орындаған минордағы «Айша» және «Не болды-у, еркем» әндері ерекше аталады. Домбырада орындалған  шығарма да қызықты. Оны әнге осы аспаппен сүйемелдеу жасаған Глушков мырза орындады.

Қорытындысында баяндамашы қазақ музыкасын зерттеу орыс музыкасына жаңаша серпін бере алады деген ой айтты. Оның пікірінше, данышпан Бородин өзінің «Князь Игорь» операсында біздің шығыс халықтары музыкасының ерекшеліктерін таңғаларлықтай дәл аңғарған.

Кейде тарихтың өзі үлкен еңбектерден емес, осындай қысқа ғана жазбалардан сөйлейді. Рыбаков қалдырған деректер де сол қатарға жатады. Онда бүгінгі көзқараспен келісе бермейтін тұстар болуы мүмкін, бірақ бір ғасырдан астам уақыт бұрынғы қазақ музыкасының қалай естіліп, қалай қабылданғанын аңғартатын мәліметтер бар. Әсіресе, Торғай өңіріндегі ән, күй, домбыра, қобыз, бақсы және айтыс туралы айтылған деректер біз үшін өткеннің үніне қайта құлақ түрудің бір мүмкіндігі.

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп,  Аikyn.kz  сайтына  белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.