Айнадай жалтырап, күмістей мөлдіреген өзен арнасын қуалай белуардан келетін көк майса шалғын жайқалып, арқыраған арнасында аққу-қазы қиқулап жататын бұл өңір бүгінде ауыр техниканың табанына тапталып, қою қара шаң мен түтінге тұншығып барады. Елорданың айналасындағы агломерациясындағы құм мен қиыршық тасқа деген құрылыс нарығының тойымсыз сұранысы табиғатты ғана емес, заң үстемдігін де сынаққа салғандай. Түйткіл ондаған жыл бойы халықтың ащы базынасын тудырғанымен, еш өзгеріс көрінбейді. Тіпті, күн өткен сайын жағдай күрделеніп, ең бастысы экологиялық ахуалдың ушыға түскені анық байқалады.
Көзі қарақты қырағы оқырман осыған дейін жазылған мақалалардан құм мен қиыршық тас өндіретін зауыттардың бұл аймақта жыл санап еселеп өсіп кеткенінен хабардар. Салдарынан Елордаға іргелес қоныс тепкен бірнеше аудан шұрық-шұрық карьерлерге айналып шыға келген. Мәселе бұл өңір тұрғындарының күнделікті дертіне айналды десек қателеспейміз. Қираған жолдар, шаңға тұншыққан ауылдар, бүлінген жайылымдар мен табиғи ландшафттардың жойылуы – көзге көрінетін зардаптар ғана. Ал көзге көрінбейтін шығын, өкінішке қарай әлдеқайда ауыр. Бұл орайда мемлекеттік бақылаудың әлсіреуі, заңнамалық шикіліктің салдарынан болатын олқылықтар мен жергілікті биліктің сылбыр әрекеті мен жауапсыздықтың қалыпты құбылыс болып отырғанын атап өткен жөн.
Карьер көбейді, бақылау жоғалды
Жуырда бұл мәселе Ақмола облыстық мәслихатының экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында тағы бір мәрте кеңінен талқыға түскен еді. Облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асхат Ахмедьяновтың мәліметінше, аймақта кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге 69 лицензия беріліп, 112 бірдей келісімшарт жасалған. Алайда статистиканың арғы жағында табиғатқа аса зор қатер төндіретін алаңдатарлық көрініс жатыр.
Тек былтырдың өзінде ғана жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан 155 заңбұзушылық анықталған. Жеті келісімшарттың күші тоқтатылып, екі лицензия қайтарылып алынған. Соған қарамастан, бүлінген жерлерді қалпына келтіруге қатысты соттарда соңғы екі жыл ішінде 49 іс қаралып жатқаны мәлім болды. Кәсіпкерлердің басым бөлігі табиғатқа келтірген залалды өтеуге еш асығар емес.
Мәселені әріден қозғасақ, түйткілдің туындауына себепкер болған түп-тамыр 2017-2018 жылдары қабылданған заңнамалық өзгерістерге барып тіреледі. Бұрын жер қойнауын пайдалану құқығы конкурс немесе тікелей келіссөздер арқылы беріліп келген. Ал кейін лицензия алу тәртібі жеңілдетілген. Нәтижесінде, лицензия алған кез келген субъект өндірісті бастап кетуге мүмкіндік алған. Сондай-ақ бұдан да маңыздысы – 2017 жылы күшіне енген «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс мемлекеттік бақылау жүйесінің негізін әлсіретіп жіберген. Бұрын заңсыз өндірудің жолын кесумен айналысқан экологиялық органдардың құзыреті қысқартылған. Бақылау функциялары жергілікті атқарушы органдарға берілгенімен, оны жүзеге асыратын нақты құқықтық және кадрлық тетіктер қарастырылмай қалған. Яғни, заң жүзінде бақылау бар сияқты көрінгенімен, іс жүзінде елдегі жер қойнауын пайдалануды қадағалау жүйесі күйреген.
«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегендей, мемлекеттік бақылау әлсіреген тұсында көлеңкелі бизнес күшейетіні анық. Ақмола облысында кейінгі жылдары заңсыз карьерлер санының күрт артуы соның айқын дәлелі болып отыр. Өткен жылы облыс әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылып, заңсыз өндіру фактілері тағы бір мәрте тексерілген-ді. Нәтижесінде, Аршалы, Целиноград және Бурабай аудандарында бірнеше еш құжатсыз әрі заңсыз карьерлер жұмыс істеп келгені анықталған. Алдын ала есеп бойынша, олардың табиғатқа келтірген залалы 200 миллион теңгеден асып жығылған болып шықты.
Мәселен, Целиноград ауданы әкімдігі тағы 11 заңсыз өндіру фактісі бойынша есеп жүргізіп, шығын көлемін 257 миллион теңге деп бағалаған. Бірақ қоғамды таңғалдырғаны осы фактілер бойынша қозғалған қылмыстық істердің тоқтатылуы болып отыр. Сонда миллиондаған текше метр топырақ қазылып, табиғат бүлінсе де, жауапқа тартылатын ешкім болмағаны ма деген сауал өз-өзінен туындайды. Өкінішке қарай, мәселе дәл осы тұста кілт үзілген. Құмға сіңген судай ізі де қалмай жұрт көзінен жасырын күйде қалған.
Қылмыстық іс бар, бірақ кінәлі жоқ
Ақмола облыстық Полиция департаменті анықтау басқармасы бастығының орынбасары Жеңіс Мұқышевтың түсіндіруінше, заң бойынша жер қойнауын заңсыз пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау үшін нақты залал көлемі бұлтартпас дәйек-деректермен дәлелденуге тиіс. Ал залалды есептеу үшін арнайы маркшейдерлік зерттеу жүргізу қажет. Онсыз да басқа шаруалары шаш-етектен артылып жататын аудан әкімдіктерінде мұндай мамандар жоқ. Сондықтан конкурс өткізу керек. Ол үшін әрине жеке компания жалдап, бюджеттің қоржынынан қаржы бөлу керек. Оның өзіне бірнеше ай уақыт кететіні айдан анық. Бірақ мәселе мұнымен де бітпейді.
Көп жағдайда маркшейдерлер әр жылдары түсірілген геодезиялық суреттерді пайдаланады. Ал карьер нақты қашан қазылғанын тап басып дәл анықтау қиын. Сотта мұндай есептердің дәлдігіне күмән туындайды. Ал құқықтық қағида бойынша кез келген күмән күдіктінің пайдасына шешілмек. Мұның нәтижесінде нақты дәлелді фактілердің жеткіліксіздігінен қылмыстық іс тоқтатылады. Тіпті, кей жағдайда карьер басында ұсталған адамдардың өзі: «Біз бүгін ғана келдік, бұл жерді бұрын кім қазғанын білмейміз» деп те жауап беретінін құқық қорғау органдары жиі айтады.
Тағы бір айта кетер тұс, тергеушілердің экология, құрылыс немесе жобалау саласындағы арнайы білімі жоқ болғандықтан, заңсыз өндіру көлемін дәлелдеу одан сайын қиындай түсетіні байқалған. Осының бәрі құқық қорғау жүйесін тұйыққа тіреген. Яғни, табиғаттың тағдыры қағаз жүзіндегі тартыстың құрбанына айналды.
Кейінгі жылдары Қазақстанда құрылыс индустриясы қарқынды дамып келеді. Астана төңірегінде жаңа тұрғын үй кешендері, жолдар, әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Ал құрылыс материалдарына сұраныс еселеп өскен. Сондықтан сұраныс артқан сайын заңсыз өндіру де көбейе түскен. Сарапшылардың айтуынша, елорда маңындағы құм мен қиыршық тас нарығы миллиардтаған теңгемен өлшенеді. Осындай қаржы айналымы бар салада бақылаудың әлсіреуі көлеңкелі бизнестің тереңірек тамыр жаюына жол ашқаны анық. Ең өкініштісі, табиғатқа келтірілген зиянның орнын толтыру оңай емес.
Дабыл қағып жатқан экологтардың сөзіне сүйенсек, карьер қазылған аумақтарда ең біріншіден жер бедері бұзылады. Өсімдік жамылғысы жойылып, жерасты суларының табиғи айналымы өзгереді. Сала ғалымдарының пікірінше, мұндай аумақтардың экожүйесін толық қалпына келтіруге ондаған жыл қажет болуы бек мүмкін.
Дегенмен түйткілдің түйінін тарқатуда шыбық басы сынбады деп те айту қиын. Ақмола облысының әкімдігі мәселені шешу үшін ел заңнамасына өзгерістер енгізу бастамасын көтерген. Ұсыныстың мәні түсінікті әрі қисынды. Құжатқа зер сала қарасақ, ондағы бірнеше ұсыныс көзге бірден жылы ұшырайды. Атап айтқанда, аталған заңға алғашқы кезекте жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды қайтару, заңсыз өндіруді анықтау және тоқтату функцияларын уәкілетті мемлекеттік органдарға беру, сондай-ақ мемлекетке келтірілген залалды есептеу тетігін жеңілдету сияқты нақты шарттар ұсынылыпты.
Былтыр қазан айында Премьер-министр Олжас Бектенов бұл мәселеге байланысты жауапты министрлікке нақты шаралар қабылдауды тапсырғандығы белгілі. Бірқатар БАҚ-та жарияланған деректерге сенсек, қазір заңнамалық түзетулер әзірленіп жатыр. Алайда заң қабылданғанға дейін табиғаттың тағдыры бұрынғыдай қағаз жүзіндегі талқылаулардың құрбаны болып қала бермек. Себебі құқықтық вакуум сақталып қалған.
Өңірдің мәслихат депутаттарының мәліметінше, биыл Аршалы, Целиноград және Ерейментау аудандарында заңсыз өндіру жұмыстары табиғатқа орасан залал келтірген. Бұл тек бұлтартпас дәлелдермен екшеліп, қағазға түсіріп, хаттама толтырылып, анықталған фактілер ғана. Ал анықталмағандарының саны қанша екені белгісіз.
P.S.
Бұл орайда жергілікті құзырлы органдардың жауапкершілік жүгін тереңірек сезініп, ел үшін аса өзекті болып отырған экологиялық ахуалға назар аударғаны жөн болатыны түсінікті. Сонымен қатар жауапкершіліктен де жоғары болып отырғаны – солқылдақ заңның мәселесін түпкі төркінінен бастап шешу.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
