Technical University of Denmark зерттеушілері жасаған құтқарушы дронның ерекшеліктерімен Aikyn.kz таныстырады.
Cruise Lines International Association деректеріне сәйкес, 2009-2019 жылдары кеме бортынан теңізге құлаған адамдардың 70%-дан астамы қаза тапқан. Осы мәселені шешу үшін Дания техникалық университетінің (DTU) зерттеушілері толық автономды құтқарушы дрон жасап шығарды. Жобаның жетекші әзірлеушісі, докторант Димостенис Ангелис технологияның басты мақсаты – теңіздегі іздеу-құтқару операцияларының тиімділігін арттыру екенін айтады.
Жаңа дрон кемеден адам суға құлағаны расталған сәтте автоматты түрде ұшып көтеріледі. Жүйе желдің бағыты, теңіз ағыстары және уақыт факторын есепке алып, адамның ықтимал орналасқан жерін болжайды. Осылайша, құтқару жұмыстарының алғашқы минуттарында ең маңызды аймақтар тексеріледі.
Дрон кәдімгі RGB камерасымен, инфрақызыл және жылу камераларымен жабдықталған. Дрон түнгі уақытта да, ауа райы қолайсыз жағдайда да адам денесінің жылуы арқылы теңіздегі адамды таба алады.
«Біздің әдістеме жел мен теңіз ағыстары туралы нақты уақыттағы деректерді пайдалана отырып, адамның орналасқан жерін жоғары дәлдікпен болжайды. Және дронның бір аймақты қайта-қайта тексеріп уақыт жоғалтуына жол бермейді», – дейді Димостенис Ангелис.
Жоба толық іске қосылған кезде дрон өзімен бірге үрлемелі құтқару кеудешесін алып жүреді. Кеудеше GPS таратқышымен жабдықталады. Бұл бір жағынан адамның суда тіршілік ету уақытын ұзартады, екінші жағынан құтқару қайықтары оның нақты орнын жылдам анықтайтын болады.Мамандардың айтуынша, 4-10 градус температурадағы суда құтқару кеудешесін киген адамның өмір сүру уақыты 30-60 минуттан үш сағатқа дейін ұзарады. Салмағы 24,8 келі болатын дронның диаметрі 2,4 метр. Ол 20 келі жүкпен 30 минутқа дейін ұшады және ауа райына байланысты бір шаршы шақырымға дейінгі аумақты бақылай алады.
Зерттеушілердің мәліметінше, жаңа жүйе төтенше жағдайға тап болған адамдардың 80%-дан астамын анықтауға қабілетті. Ғалымдардың пікірінше, болашақта бұндай дрондар жолаушылар тасымалдайтын барлық кемелерде орнатылып, теңіздегі қауіпсіздіктің жаңа стандартына айналатын болады.
«Егер біз адамға ондаған минут емес, бірнеше минут ішінде жете алсақ, оның аман қалуы ықтималдығын өзгертеміз», – дейді Димостенис Ангелис.
