Алакөл жағалауында биылғы туристік маусым ресми ашылды. Соған орай «Алакөл алаулары – 2026» фестивалі ұйымдастырылды. Ауқымды шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысып, тұрғындар мен демалушыларды туристік маусымның ашылуымен құттықтады.
Алакөлде туристік маусым ашылды
170
оқылды

Аймақ басшысы Алакөлдің табиғи ерекшелігі мен тарихи маңызына тоқталып, көлдің бүгінде еліміздің ғана емес, шетел туристерінің де қызығушылық танытатын бірегей демалыс орнына айналғанын атап өтті.

«Сонау есте жоқ ескі замандардан сұлулықтың символы, даламыздың ең бір есте қалар көркем нүктесі ретінде ғалымдар мен саяхатшылардың, жиһангездердің жазбаларында тұтас Азия мен Еуропаға аты кеткен даңқты мекен – Алакөл. Бүгінде Алакөл елі­міз­дің түкпір-түкпірінен ғана емес, көршілес мемлекеттер мен алыс шет елдерден туристер ағылып келетін ұйық мекен, жан тыныштығын сыйлайтын қа­йырлы қонысқа айналды. «Алакөл алаулары» фестивалі биыл тұңғыш рет өткізіліп отыр. Бүгінгі шараға Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбек бастаған еліміздің маңдайалды өнерпаздары, бүгінгі жас толқынның дарынды дауылпаздары арнайы келді. Баршаңызды еліміздің інжу-маржаны, ауасы бал, суы ем қасиетті Алакөлдегі биылғы жазғы демалу маусымы бас­талуымен шын жүректен құт­­тықтаймын», – деді Берік Уәли.

Аймақ басшысы осындай концерттік бағ­дар­ламалар тамыз айына дейін жал­ғасып, аптасына екі рет, сәрсенбі, сенбі күн­дері ұсынылып оты­ратынын айтты. Өңір­дің қала-аудандарының өнер­паз­дары, сондай-ақ «Абай елі – өнер кеніші» облыс­тық байқауына қатысқан әнші, биші, күйшілер келіп, демалушылар­ға көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын болады. 

«Алакөл алаулары – 2026» фестивалі аясында Қазақстанның Халық әртісі, күйші-композитор Секен Тұрысбек, дәс­түрлі ән өнерінің өкілі Дінисламбек Жайлаубай, сондай-ақ қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары Дана Кентай, Еркеш Хасен, Қанай және Зарина Омарова өнер көрсетті. Өнерпаздардың әсем әндері мен күмбірлеген күйлері Алакөл жағалауына жиналған көрермендерге ерекше әсер сыйлап, мерекелік кештің сәнін кіргізді. Концертпен басталған іс-шара мерекелік отшашумен аяқталды.

Айта кетейік, туристік маусым қарсаңында Алакөл жағалауында инфрақұ­рылымды жаңарту және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Президент тапсырмасы аясында демалушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында жағалауға 50-ден астам санитарлық-гигиеналық торап орнатылып, 35 душ кабинасы, 110 киім ауыстыру орны, 100 қоқыс контейнері және 150 қоқыс жинауға арналған контейнер жаңадан қойылды. 

Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жағалауға ұзындығы 5 мың метр болатын қалқаншалар орнатылды. 224 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Соңғы екі жылда көл жағалауында 10 ша­қы­рым көше жолдарына асфальт төселді. Ерекше атап өтерлігі, биыл Үкіметтің қолдауымен ұзындығы 72 шақырым болатын «Көктал-Алакөл» электр желісінің құ­ры­лысы басталды. Бұл жоба Алакөл жаға­ла­уындағы электр қуаты тапшылығы мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік береді.

Омар ҰЛАРБЕКҰЛЫ