БАҚ қызметкерлері алдымен әуежайдың кинолог мамандарының жұмысына куә болып, күнделікті қызметі жайында ақпар алды. Қатысушылар практикалық бөлімде екі топқа бөлінді. Бірінші топ кинолог пен қызметтік иттің әрекетін бақыласа, екінші топ оқу-жаттығу мақсатындағы жарылғыш заттың баламасын жасырды. Белгі берілгеннен кейін қызметтік ит аумақты тексеруге кірісіп, шартты қауіпті затты қысқа уақыт ішінде тауып, тапсырманы мүлтіксіз орындады. Кинолог Темірлан Оспановтың айтуынша, бүгінге дейін әуежай аумағында қауіпті жағдайлар болмаған.
– Жұмысымыз ойдағыдай жүріп жатыр, халықтың қауіпсіздігі үшін жұмыс істейміз, әуежай аумағын бақылап, тәртібін қадағалаймыз. Кейде жолаушылар затын қалдырып кетеді, біз тексеріп, иесіне жеткізуге көмек береміз. Итімнің аты – Бен. Бірге бес жыл жұмыс істеп келемін, қызметімдегі алғашқы сенімді серігім десем болады. Итім жарылғыш заттарды тексереді, бір ит екі түрлі затты анықтай алмайды, әрқайсыcының өз бағыты бар, – дейді кинолог.
Одан соң журналистер экскурсия аясында перронға шығып, әуе кемелерінің жанында фото және бейнетүсірілім жасауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар әуежайдың апаттық-құтқару қызметі мамандарының дайындықтарын көріп, құтқарушылар жұмысының маңызды бір бөлігіне куә болды. Апаттық-құтқару қызметіне қарасты заманауи Rosenbauer өрт сөндіру автокөлігінің мүмкіндіктерін көрудің де осы кезде сәті түсті. Rosenbauer әзірге еліміздегі қуатты қызметтік көліктердің бірі де бірегейі болып отыр. Мамандардың айтуынша, қазір әлем елдері осы көлік түрін қолданады. Арнайы техника төтенше жағдай орнына қысқа уақытта жетіп, қуатты сорғылары мен өрт сөндіру заттарының мол қорының арқасында өртті тиімді сөндіре алады. Бір қуаныштысы, әуежайда бүгінге дейін апаттық жағдайлар болмаған, сол себепті қызметтік көлік тек игі шараларда ғана қолданылып келеді.

Баспасөз турының тағы бір маңызды кезеңі – Qazaqstan Catering Solutions өндірістік кешенін аралау. БАҚ өкілдері борттық тағамның дайындалуынан бастап оны әуе компаниялары үшін жинақтауға дейінгі өндірістік циклмен танысты. Сонымен қоса халықаралық сапа стандарттары, санитарлық қауіпсіздік талаптары, тағамды сақтау және әуе кемелеріне жеткізу технологиялары туралы жан-жақты ақпар жинай алды.
Экскурсиядан кейін Астана халықаралық әуежайы басқарма төрағасы Бекен Сейдахметовпен кездесу өтті. Жиында әуежайдың негізгі өндірістік көрсеткіштері таныстырылып, бағыттар желісін кеңейту, инфрақұрылымды жаңғырту, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, жүк тасымалын ұлғайту, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру сынды мәселелер талқыланып, жұмыстың нақты жоспары ұсынылды.

Елордамыз күн сайын өркендеп, туристік қала ретінде де танымалдығы арта түсті. Қала тұрғындары мен қонақтарының саны артуына байланысты қызмет көрсету сапасы жетілдіріліп, әуежай аумағы да алда кеңейтілмек.
Айсұлу СЪЕЗХАН
