Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
«Біз арнайы конституциялық нормаға сүйене отырып, табиғи байлықты азаматтардың бастапқы капиталы ретінде бекіттік. Қазақстан – осындай бірегей бастаманы іске асырған аймақтағы алғашқы мемлекет.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – соның айқын дәлелі. Бұл жобаның тиімділігі жоғары: үш жылдың ішінде 6,5 миллион баланың есепшотына 2,3 миллиард доллар аударылды.
Сондай-ақ біз қамқорлық шараларының нақты жалғасы ретінде «Келешек» жинақтау жүйесін іске қостық. Дарынды балаларға, соның ішінде халықаралық олимпиада жеңімпаздарына жүйелі түрде қолдау көрсете бастадық.
Болашаққа инвестиция салу дегеніміз де – осы. Ал айналамызда, яғни Еуразия құрлығында қай мемлекет әлеуметтік мақсаттарға осыншама қомақты қаражатты бөліп беріп жатыр? Жауап белгілі сияқты»,- дейді Президент.
