Жаз басталысымен туристік маусым тақырыбы алдыңғы қатарға шығады. Елімізде осы сала сөз болғанда көп айтылып жүрген Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалы алдымен ойға оралады. Талай тартыс әңгімеге арқау болған көрікті табиғат бүгінде нағыз туристік нысанға айналып келеді. Оны тамашалауға келетіндер қарасы да көбейген. Тек оны танымал орынға айналдыру үшін әлі біраз шаруаның басын қайыру керек.
Бозжыра – италиялықтарды таңырқатқан төр
116
оқылды

Облыс әкімдігінің мәліметінше, қазір Маңғыстауға келетін туристер саны тұрақты өсіп келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы қаңтар-наурыз айларында өңірге 67 793 адам саяхаттап келген, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2% (66 450 турист) болса да жоғары.

Келушілердің қарасы артқан сайын олардың сұранысы да көбейген. Соны қамтамасыз ету мақсатында өңірде туристік индустрия қарқынды дами бастаған. Бүгінде облыста 22 туроператор қызмет көрсетіп, табиғи, тарихи және мәдени нысандарды қамтитын 248 турбағыт әзірленген. Бұл Маңғыстаудың бірегей туристік әлеуетін тиімді таныстырып, өңірдің ішкі және халықаралық нарықтағы тартымдылығын арттыруға мүмкіндік бермек.

Соның ішінде басты тақырып – биыл Бозжыра визит-орталығы ашылған еді. Ол мамырда техникалық режимде жұмыс істей бастады. Әзірге күніне 45-50 саяхатшыны қабылдап, оларға сапалы сервис ұсынып, өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытуға үлес қосты.

Дегенмен оның туристік ағынға нақты әсерін бағалауға әлі ерте, себебі ресми ашылуы 2026 жылдың шілде-тамыз айларына жоспарланған. Соған қарамастан, оның іске қосылуы Бозжыра бағытының туристік тартымдылығын арттырып, келушілерге көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға, сондай-ақ Маңғыстау облысының туристік имиджін нығайтуға және өңірдің халықаралық деңгейде танымал болуына ықпал етері сөзсіз.

Жергілікті турагенттік өкілдерінің айтуынша, Маңғыстау табиғатына тамсанып келетіндер үшін Бозжыраның орны ерекше. Дегенмен Торыш жазығын, Көкала, Шерқала, Айрақты, Бозжыра мен Қызылкүп, Боқты шатқалдарын және Тұзбайыр сорын да қалдырғысы келмейді. Ол үшін үш күндік сапар таңдау қажет болады. Егер бір күнге ғана жолға шықса, онда әлбетте, Бозжыраны таңдайды. Бір аптаға дейін аралап шықса да, соңында Бозжыраға тоқтайды. 

«Туристер өте көп келіп жатыр, әсіресе соңғы 10 жылда жиіледі. Көбі Италиядан. Жапония, Қытай, Германиядан да келіп жатқандар бар. Бір қызығы, олар қалаға соқпайды. Кешке ұшақтан түсіп орныққан соң таңертең сапарға шығып кетеді. Қайтарда да солай, қалада бір күн тұрақтамайды. Тіпті сапардан оралғанда қалаға соқпай, әуежайға тура тартатындары да бар», – дейді Mangystau Overland туристік агенттігінің менеджер-консультанты Александра Новикова (тегі өзгертілді).

Оның айтуынша, туристік маусым сәуірге қарай басталып, қазанға дейін жалғасады. Одан әрі суытып кетеді. Көптеген турагенттік, жүргізушілер шілдеде демалысқа шығады. Өйткені ол уақытта өңірде күн өте ыстық. Ертерек хабарласып, брондаушыларға да бұл ескертіліп, шілде қолайсыз уақыт екені айтылып отырады. 

Басқа уақыттарда саяхаттап келетіндер үшін жолда этноауыл бар. Ондағы киізүйлерде кондиционер орнатылған, емін-еркін түнеп, жуынып-шайынып алуға болады. Ен далада аптап ыстықта судың орны қатты сезіледі. Сосын жанында кафеден тамақтанып шығады. Үш күндік сапарға шыққандар осы этноауылға кемі бір түнейді. Тек жолдың қиындығы қинайтынын айтады. 

«Туристер баратын мұндай орындарға әлі жол түспеген. Сондықтан біраз уақыттан соң көлік асфальттан қара жолға түседі. Мұндай сәттерде джип өте қолайлы. Сол үшін біз туристермен барарда қажетті ұсақ-түйекпен бірге шатырлар, маркиздер және үлкен көлемде су алып жүреміз, джипімізде осының бәрі қамтылған», – дейді Александра. 

Айта кетерлігі, Бозжырадан бөлек, тағы бірнеше инвестициялық жоба көзделіп отыр. Әсіресе сол визит орталықтың инфрақұрылымын жетілдіру көп сөз болған. Бұл жұмыстар жалғасын тапты. Мысалы, Бозжыраның жоғарғы шолу алаңына дейінгі 14,9 шақырым автожолдың құрылысы жүріп жатыр. Енді туристер үшін ғаламат пейзажға жету де осылай жеңілдей түспек. Одан өзге, тағы бір визит-орталық пен этнокофехана жобасы қолға алынған. Бұл жобалар да туристер үшін қолайлы жағдай жасап, сервисті жақсартуға және өңірдің туристік тартымдылығын күшейтуге бағытталған.

Жалпы, облыс аумағында 30 туристік орын жоба ретінде қарастырылып жатқаны да белгілі. Оларды әкімдік әлеуеті жоғары ТОП-30 туристік локация деп айқындап қойған. Бұл тізімге өңірдің табиғи, тарихи және мәдени нысандары енгізілген. Аталған орындарда инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамыту жұмыстары басталып кетті.

Әйтсе де, барлық 30 туристік нысанда визит-орталық салу жөнінде бекітілген жоспар жоқ. Мұндай инфрақұрылым нысандарын салу жағы туристік ағын, инженерлік желілердің дайындығы және инвестициялық мүмкіндіктер ескеріле отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.

Инфрақұрылым демекші, Кендірлі әуежайының іске қосылуы өңірдің туристік әлеуетін арттырары сөзсіз.  Бұл – туристік әлеуетті жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық жобалардың бірі. Ең бастысы, ол Кендірлі курорттық аймағының көлік қолжетімділігін едәуір жақсартып, Қазақстанның өзге өңірлерінен және шетелден келетін туристер үшін қолайлы жағдай қалыптастырады.

Әуежайдың пайдалануға берілуі Кендірліні халықаралық деңгейдегі заманауи курорттық аймақ ретінде дамытуға тың серпін береді. Бұл жаңа инвестициялық жобаларды тартуға, туристік инфрақұрылым мен сервистің сапасын арттыруға, туристер ағынын ұлғайтуға, өңір экономикасының дамуына және басқа да салаларда имиджін нығайтуға ықпал етпек. 

Осы орайда жерасты мешіттерін ЮНЕСКО қарамағына өткізу шаралары да ерекше атап өтерлік жаңалық. Қазір Маңғыстаудағы Бекет ата (Оғыланды), Қараман ата, Шақпақ ата, Шопан ата және Сұлтан үпі жерасты мешіттерін «Маңғыстау түбегінің жартас мешіттері» атауымен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу бойынша жүйелі жұмыстар жүріп жатыр.

Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан ғылыми-жобалық құжаттама әзірленіп, ұсыныстар ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтеріне жол­данды. Сонымен қатар нысандар бойынша ағылшын тіліндегі фотоальбом, ақпараттық брошюра және таныстырылым бейнематер­иалдары бар. Былтыр қыркүйекте сол нысандарға ИКОМОС-тың техникалық бағалау миссиясы келіп, тиісті бағалау жұмыстарын жүргізді. Енді бұл номинация 2026 жылдың шілдесінде Пусан қаласында өтетін ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра коми­тетінің 48-сессиясында қаралады.

Бекбол АМАНГЕЛДІ