Алматыда жол қауіпсіздігін қадағалау күшейтілді.
Автобус, мотоцикл, мопед жүргізушілерін бақылау күшейді
Фото: Open Almaty-ның ресми парақшасынан алынды
111
оқылды

11-16 шілде аралығында Алматы қаласында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысына қатысушылардың құқықтық мәдениетін арттыру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында республикалық «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Бұл туралы Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Алты күнге созылатын іс-шара барысында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарып, Жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзу деректерін анықтауға ерекше назар аударады. Атап айтқанда мас күйінде көлік басқару, қарсы қозғалыс жолағына шығу, белгіленген жылдамдықты асыру, қауіпсіздік белдігін тақпау, жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы қағидаларын бұзуы, сондай-ақ қоғамдық көлік, мотоцикл және мопед жүргізушілері тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтар қатаң бақылауға алынады. 

«Жолдағы қауіпсіздік – әрбір жол қозғалысына қатысушының жауапкершілігінен басталады. Біздің басты міндетіміз – құқық бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, қайғылы оқиғалардың алдын алып, адам өмірін сақтап қалу. Барлық жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді Жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға шақырамыз. Заң мен тәртіптің негізі – өзара құрмет. Мұны әрдайым есте ұстаған жөн», – деді Алматы қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.

Полиция жол жүрісі қағидаларын сақтау – жол қозғалысына қатысушылардың барлығы үшін қауіпсіздіктің басты кепілі екенін тағы бір мәрте еске салады.