Фестиваль аяқталғаннан кейін «Қазанат» ипподромының аумағында экологиялық акция өтті. Бұл туралы Aikyn.kz Елорда әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Фестиваль қонақтары еріктілермен бірге аумақты тазалау жұмысына қатысып, қалған қоқысты жинап, іс-шара өткен орынды ретке келтірді. Бұл акция мерекелік бағдарламаның жалғасы ретінде ұйымдастырылып, қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңызын тағы бір мәрте көрсетті.
Қатысушылардың айтуынша, мұндай бастамалар көпшілік қатысатын іс-шаралардан кейін тазалықты сақтауға ғана емес, экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді.
Еске салайық, BaiQymyz-2026 халықаралық гастрономиялық фестивалі 11-12 шілде күндері елордадағы «Қазанат» ипподромында өтіп жатыр. Бағдарлама аясында ұлттық тағамдардың дәмін тату, көрмелер, мәдени және спорттық іс-шаралар, ат спорты шоулары, отбасылық алаңдар мен танымал өнерпаздардың концерттері ұйымдастырылған.
