Фестиваль спорттық жарыстарды, шығармашылықты және жастардың белсенді демалысын біріктірді.
Көкшетауда JANA JAGALAU FEST фестивалі өтті
Фото: gov.kz
131
оқылды

Көкше  жағалауындағы Қопа көлінің маңында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен JANA JAGALAU FEST фестивалі өтті,  – деп хабарлайды Aikyn.kz. Іс-шара аясында қала тұрғындары мен қонақтары үшін тағы бір жайлы қоғамдық кеңістікке айналған жаңа скейт-парк ашылды.

Фестиваль қонақтарына арнаған сөзінде өңір басшысы бүгін Қазақстан жаңартылған Конституция қағидаттарына негізделген дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Онда адам құқықтарына, азаматтардың мүмкіндіктеріне және әр адамның ел болашағы үшін жауапкершілігіне ерекше мән беріледі.

«Бұл өзгерістерде жастарға ерекше рөл жүктеледі. Сондықтан мемлекет сапалы білім алуға, спортты дамытуға, шығармашылық тұрғыда өзін-өзі жүзеге асыруға жағдай жасауда. Облыс орталығында жыл сайын жас ұрпақ өз бастамаларын жүзеге асыра алатын орындар саны артып келеді. Соның бірі – осы скейт-парк», – деді Марат Ахметжанов.

Фестиваль спорттық жарыстарды, шығармашылықты және жастардың белсенді демалысын біріктірді. Бағдарламаның басты оқиғасы қатысушылар өз шеберліктері мен батылдығын көрсеткен Street Ride Contest турнирі болды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінен кейін танымал спортшылар өнер көрсетіп, көрсетілімдік нөмірлер ұсынды.

Фестивальдің мерекелік көңіл күйін ақмолалық орындаушылар мен шақырылған өнерпаздар қалыптастырды.

Айта кетейік, биыл жағалауды абаттандыру бойынша ауқымды жоба ұзындығы шамамен 2 шақырым болатын аумақта жүзеге асырылды. Спорттық инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылды. Аумақта жағажай аймағы, волейбол және баскетбол алаңдары, шахматқа арналған беседкалар мен фитнес-тренажерлер орналастырылды. Сондай-ақ ыңғайлы жаяу жүргіншілер бағыттары, функционалдық аймақтар арасындағы жайлы өткелдер және қозғалысы шектеулі азаматтарға, балалар арбасымен жүретін ата-аналарға, қарт адамдарға барлық абаттандыру нысандарына қолжетімділік қарастырылған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.