Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдегі ауызсу мәселесіне жауапты сала мамандарын қатаң сынға алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Аймақ басшысы аптап ыстық кезінде ауызсуға қатысты ешқандай сылтау қабылданбайтынын айтып, жауапты тұлғалардың жұмысын сынға алды.
«Жаз айларында "бүйткен едік", "істеуіміз керек еді" деген сылтаулар болмауы керек. Бұл сылтауды халыққа барып айтып көріңіздер. Осы жерде Маңғыстаудың ауызсуына жауапты мамандар отыр. Не сендердің жандарың ашымайды, не бастарың істемейді. Екеуінің біреуі», – деді әкім.
Нұрдәулет Қилыбай өңірдегі ауызсу мәселесін «қолдан жасалған проблема» деп бағалап, жауапты мекемелерге мәселені қысқа мерзімде шешуді тапсырды.
«Терең талдау жасау керек. Кім өз жұмысын атқармағаны анықталса, соған қатысты шешім қабылдаймыз. Бір-екі күннің ішінде осы мәселелердің бәрі шешілсін. Не істесеңдер де, істеңдер», – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Ақтау тұрғындары қаладағы ауызсу мәселесіне назар аударту үшін әлемге әйгілі актер Джеки Чанға әлеуметтік желі арқылы үндеу жасаған.
