Жаңа әкімді қала активіне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев таныстырып, алдағы кезеңдегі негізгі міндеттерді айқындады.
Теміртауға жаңа әкім тағайындалды
344
оқылды

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен және Теміртау қалалық мәслихаты депутаттарының қолдауымен Сапар Сатаев Теміртау қаласының әкімі болып тағайындалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жаңа әкімді қала активіне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев таныстырып, алдағы кезеңдегі негізгі міндеттерді айқындады.

Облыс әкімінің айтуынша, Сапар Сатаевтың мемлекеттік басқару саласында мол тәжірибесі бар. Ол әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін жақсы меңгерген әрі өнеркәсіптік кәсіпорындармен тиімді әріптестік орната білген басшы.

– Сапар Қайыркенұлы Балқаш қаласын басқарған кезеңде жылу және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту, жол инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жобаларды жүзеге асырды. Бұл тәжірибе Теміртаудағы қала құраушы металлургиялық кәсіпорынмен өзара ынтымақтастықты нығайтуға және қаланың дамуына оң ықпал етеді деп сенемін. Ендігі басты міндет – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, жайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру және Теміртаудың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сапар Сатаев еңбек жолын 2002 жылы «Қазақавтожол» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында бастаған. Кейін «Ботақара су қожалығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында директордың орынбасары және директордың міндетін атқарушы қызметтерін атқарды.

Мемлекеттік қызметте 2010 жылдан бері еңбек етіп келеді. Әр жылдары Бұқар жырау ауданындағы Ботақара кентінің әкімі, Абай қаласының әкімі, Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары және Приозерск қаласының әкімі болды. 2023 жылдың мамыр айынан бері Балқаш қаласының әкімі қызметін атқарды.