Жобаны іске асыру аясында вокзал ғимаратының шатыры орнатылып, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді.
Боранды мен Орал вокзалдары жаңартылды
155
оқылды

Жамбыл облысындағы Боранды станциясының теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жобаны іске асыру аясында вокзал ғимаратының шатыры орнатылып, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар кәріз,су, жылу және электрмен жабдықтаудың сыртқы және ішкі инженерлік желілері жаңғыртылды, жолаушылар платформасы қайта жөнделіп, іргелес аумақ абаттандырылды. Вокзалға жаңа жиһаз бен заманауи жабдықтар орнатылды. Қайта жаңғырту барысында отандық өндірістің сапалы әрі ұзақ мерзімге төзімді материалдары пайдаланылды.

1905 жылы салынған Боранды станциясының теміржол вокзалы қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін жалпы аумағы 309,65 шаршы метрді құрайтын заманауи бір қабатты ғимаратқа айналды. Станция арқылы Алматы, Астана, Қарағанды, Көкшетау, Бурабай курорты, Павлодар, Семей, Петропавл, Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан, Шымкент және Қызылорда қалаларына, сондай-ақ Ресей Федерациясына қатынайтын 20 жолаушылар пойызы жүреді.

Вокзалды қайта жаңғырту жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға, сондай-ақ теміржол инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңартылған вокзал көлік инфрақұрылымына қойылатын заманауи талаптарға толық сәйкес келеді және Жамбыл облысының тұрғындары мен қонақтары үшін жоғары деңгейдегі жайлылықты қамтамасыз етеді.

Орал қаласында ауқымды жаңғырту жұмыстарынан кейін толықтай жаңартылған теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің және Батыс Қазақстан облысының басшылығы, теміржол саласының ардагерлері, жастар өкілдері, құрылысшылар мен жобаны жүзеге асыруға атсалысқан мамандар қатысты.

Орал теміржол вокзалы Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын жаңғырту және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жаңа келбетке ие болды. Бүгінде еліміз бойынша Тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды жобалардың бірі – 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның 70-і пайдалануға берілді. Оралдағы вокзал кешенінің ашылуы – осы жүйелі жұмыстың кезекті нәтижесі.

1983 жылы салынған вокзал ғимараты толық жаңғыртылып, жолаушыларға арналған кеңістіктер кеңейтіліп, заманауи талаптарға сай жабдықталды. Платформаларға апаратын жаңа жаяу жүргіншілер өткелі салынды, заманауи навигация және қауіпсіздік жүйелері орнатылды. Вокзалдың өткізу қабілеті 700 адамға дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттарға және балалы отбасыларға қолайлы әрі кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді.

Бүгінде вокзал тәулігіне 1,8 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетіп, өңіраралық және халықаралық бағыттар бойынша қатынайтын 8 пойыздың қозғалысына қызмет көрсетеді. Жаңартылған вокзал кешені Батыс Қазақстан облысының заманауи көлік қақпасына айналып, жолаушылар тасымалының сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ өңірдің еліміздің басқа облыстарымен және көршілес мемлекеттермен көлік байланысын нығайтуға ықпал етеді.