Алдын ала мәлімет бойынша, Chery Cowin жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, қарсы бағытта келе жатқан Mazda 626 көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Қостанай облысындағы жантүршігерлік жол апаты: екі адам қаза тапты
237
оқылды

Қостанай облысында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам қаза тауып, төрт адам түрлі жарақат алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қайғылы оқиға Қостанай–Қарабұтақ автожолының Бейімбет Майлин ауданына қарасты Валерьяновка кенті маңында болған. Мұнда Chery Cowin және Mazda 626 автокөліктері соқтығысқан.

Алдын ала мәлімет бойынша, Chery Cowin жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, қарсы бағытта келе жатқан Mazda 626 көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.

Апат салдарынан Chery Cowin көлігінің жүргізушісі мен бір жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Сонымен қатар, осы көліктегі тағы үш жолаушы мен Mazda 626 жүргізушісі түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.

Аталған дерек бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

— Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Жол апатының барлық мән-жайы мен себептері анықталуда, — деп хабарлады Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тергеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.

Осыған байланысты полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдықты жол жағдайына сай таңдауға және қарсы қозғалыс жолағына шықпауға шақырды.