Кейінгі дүбірлі той Тоқтар Әубәкіровтің кіндік қаны тамған Қарқаралының қасиетті топырағында жалғасты. Қасиетті өлкенің баурайында бой көтерген Qarqaraly Go этноауылы ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтарды дәріптеген үлкен мәдени алаңға айналды. Елуге жуық ақшаңқан киіз үй тігіліп, әр шаңырақта ақ дастарқан жайылып, қазан көтерілді. Келген қонақтарға қымыз ұсынылып, қазақы қонақжайлықтың үздік үлгісі көрсетілді. Бір тұста күмбірлеген күй төгілсе, екінші бір алаңда ұлттық спорт сайыстарының қызуы байқалып жатты. Сал-серілік дәстүр мен ұлттық ойындар тоғысқан этноауыл күні бойы мерекенің басты ордасына айналды.
Мерейтойлық шараның ресми салтанаты бас сахнада жалғасты. Таңертеңнен жиналған жұртшылықтың қарасы күн өткен сайын көбейіп, сахна маңын халыққа лық толтырды. Сахна төріне мерейтой иесі Тоқтар Әубәкіров көтерілді. Елдің ыстық ықыласын ерекше сезінген батыр туған жерлестеріне қайта-қайта қол бұлғап, ризашылықпен тағзым етті. Қалың жұртшылық «Тоқтар аға!» деп қошемет көрсетіп, ұзақ қол соқты. Бұл – халқының сүйікті ұлына деген шынайы құрметтің көрінісі еді.
Салтанатты жиында алғашқы болып Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Нұркен Кобжанов сөз сөйлеп, мерейтой иесіне облыс жұртшылығының ыстық лебізін жеткізді.
– Тоқтар Әубәкіров – бір әулеттің немесе бір өңірдің ғана емес, тұтас қазақ халқының мақтанышы. Оның ғарышқа самғаған сәті халқымыздың тарихындағы ең жарқын белестердің бірі болып қалды. Бүгінгі мерейтойдың туған жерінде аталып өтуі – елдің перзентіне деген ерекше құрметінің белгісі. Батыр ағамыздың өмір жолы жас ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала береді, – деді Нұркен Кобжанов.
Мерейтойға Қазақстанның Халық қаһарманы, ғарышкер Айдын Айымбетовтің арнайы келуі шараның маңызын одан әрі арттыра түсті. Арқа жұрты Айдынға ат мінгізді.
Айта кету керек, мерейтойлық шаралар негізгі думаннан бір күн бұрын басталған еді. Қарқаралыдағы Шолпан Жандарбекова атындағы Мәдениет үйінде сахналанған «Ғасыр саңлағы» атты театрландырылған қойылым көрерменге Тоқтар Әубәкіровтің өмір жолын, азаматтық ұстанымын, қайсар мінезін көркем тілмен жеткізді. Батырдың балалық шағынан бастап ғарышқа дейінгі тағдырлы жолы сахнада әсерлі көрініс тауып, көрерменнің зор ықыласына ие болды.
Мерейтой аясында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Алқа» әдеби ұйымы дайындаған «Ұлт рухын асқақтатқан қаһарман» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Жинаққа Тоқтар Әубәкіровтің өмірі мен ерлік жолына арналған ғылыми мақалалар, естеліктер және жастардың танымдық ой-толғамдары енгізілген.

Сонымен қатар салтанатты рәсім барысында жерлес өнерпаздар – әнші Қазыбек Әдікей мен ақын Мирас Асанның шығармашылығынан туған «Тоқтар аға» әні алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды. Ал «Алтын домбыра» иегері Мақсат Аханов жүрекжарды жыр арнап, әнші Гүлбаршын Тергеубекова мерейтой көрігін қыздыра түсті.
Көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген мерейтой иесі Тоқтар Әубәкіров те жерлестеріне шынайы алғысын жеткізді.
– Туған жердің төрінде өз халқымның ықыласына бөленіп отырғаным – мен үшін зор бақыт. Осындай құрмет көрсетіп жатқан барша ағайынға, жерлестеріме, халқымның әрбір азаматына жүрекжарды алғысымды білдіремін. Менің барлық еңбегім – өз елім үшін жасалған еңбек. Халқымның сенімі мен қолдауы маған әрдайым күш-қуат берді. Елдің амандығы мен бірлігі мәңгі болсын, – деді Халық қаһарманы.
Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойы тек салтанатты жиынмен ғана шектелген жоқ. Ұлт рухын көтерген думан қазақтың байырғы спорт түрлерін дәріптеген үлкен мерекеге ұласты.
74 келі салмақтағы күрес өте қызу өтті. Финалдық белдесуде қарсыластарына дес бермеген Солтүстік Қазақстан облысының балуаны Нұрғали Тұрсынғазиев бас жүлдеге тігілген автокөліктің иесі атанды. «Түйе балуан» бәсекесінде Түркістан облысының өкілі Қайсар Шамшидинов өз шеберлігі мен қайратын дәлелдеп, екінші автокөлікті қанжығасына байлады. Күш пен төзімділікті талап ететін қол күресі сайысы да жанкүйерлердің назарынан тыс қалған жоқ.
Этноауылдың тағы бір алаңында садақ ату жарысы өтті. Түстен кейін мерекелік думанның қызуы Жаңанегіз ауылы маңындағы атшабарға ойысты.
Ә.ЖҰМАНОВ
