Telegraph таратқан ақпаратқа сүйенген Aikyn.kz америкалық ұйымның саяси ұстанымдарымен таныстырады.
1982 жылы құрылған Американың демократиялық социалистері (DSA) Демократиялық партияның сол қанаты саналады. 2015 жылы демократ Берни Сандерстің президенттік науқаны бұл саяси ұйымға жаңа серпін берді. Былтыр Нью-Йорк мэрі болып Зоран Мамданидің сайлануы социалистік қозғалыстың ықпалын одан әрі күшейтіп жіберді.
Қазір ұйымға мүшелік жарна төлейтін 120 мыңға жуық адам кіреді. Оның кандидаттары Нью-Йорктегі бірнеше праймеризде жеңіске жеткеннен кейін қозғалыс енді Мичиган мен Висконсин секілді шешуші штаттарға көз сала бастады. Бұл жағдай Демократиялық партияның қалыпты қанатын алаңдатып отыр. Нью-Джерси конгрессмені Джош Готхаймер социалистерді партия билігін иемденуге ұмтылып отыр деп айыптауда.
«Оларды нақты мәселелерді шешу емес, саяси жарылыс жасау көбірек қызықтырады», – дейді ол.
Ал демократиялық сарапшы Ван Джонс Американың демократиялық социалистері әлеуметтік мәселелермен бірге Сенат пен Жоғарғы сотты тарату тәрізді «ақылға қонымсыз» бастамалармен араластырып отырғанын айтады.
DSA бағдарламасында Израильге әскери және экономикалық көмекті толық тоқтату талабы да бар. Ұйым америкалық және израильдік басшыларды Газадағы әрекеттері үшін жауапқа тартуға шақырады. Бұл ұстаным Демократиялық партия жетекшілері Хаким Джеффрис пен Чак Шумердің наразылығын туғызды.
Республикашылар болса демократтардың ішіндегі осы ішкі қайшылықты сайлау науқанында пайдалануға әзір. Дональд Трамп соңғы кездері демократтарды «социалистер» емес, «коммунистер» деп жиі атай бастады. Сарапшылардың пікірінше, бұндай риторика құбылмалы штаттардағы қалыпты сайлаушыларды демократтардан алыстататын болады.
Джорджтаун университетінің профессоры Майкл Казиннің айтуынша, кейбір демократтар «социалист» деген таңбадан қорқып, DSA-дан өздерін алыс ұстағысы келеді.
«Қарсы партияны қарапайым америкалық үшін шектен тыс радикал етіп көрсету – әрдайым тиімді саяси әдіс», – дейді ол.
Дегенмен бірқатар зерттеушілер социалистердің ықпалы асыра көрсетіліп отыр деп санайды. Гарвард профессоры Теда Скокполдың пікірінше, DSA бағдарламасын қолдайтын сайлаушылар саны аз, ал азаматтарды ең алдымен тұрмыс деңгейі мен экономикалық өзгерістер мазалайды.
АҚШ-тың екіпартиялық жүйесінде радикалды қозғалыстардың дербес күшке айналуы қиын. Сондықтан демократиялық социалистер үшін жалғыз ықтимал жол – Демократиялық партияның ішінде қалып, оны өз идеяларына қарай біртіндеп өзгерту.
