Ал отбасының берекелі өмір сүруінің басты алғышартының бірі – баспаналы болу. Сондықтан тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі тек әлеуметтік саясаттың ғана емес, отбасы құндылықтарын нығайтудың да маңызды тетігіне айналып отыр. Қазақстанда халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясат аясында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп, әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың жарқын үлгісі Шымкент қаласында айқын көрініс табуда.
Бүгінде үшінші мегаполисте тұрғын үй құрылысы мен тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары кешенді түрде жүзеге асырылып келеді. Қалада жаңа шағынаудандар бой көтеріп, инженерлік инфрақұрылым дамытылып, әлеуметтік қолдау тетіктері жетілдірілуде. Мұның бәрі тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, отбасылардың болашаққа деген сенімін нығайтуға ықпал етуде.
ӘРБІР ОТБАСЫ ҮШІН ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНА
2026 жылдың соңына дейін Шымкентте 7 386 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Оның құрамына жалдамалы және несиелік тұрғын үйлер енгізілген. Жыл басынан бері 2 865 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізіп, өз шаңырағының табалдырығын аттады. Бұл көрсеткіштер тұрғын үй саясатының жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Әсіресе әлеуметтік жағынан қолдауды қажет ететін азаматтарға басымдық берілуі – мемлекеттік саясаттың басты қағидаларының бірі. Жуырда қалада тағы 40 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды. Жалға беру және кейіннен сатып алу құқығымен ұсынылған тұрғын үйлер Бозарық шағынауданында орналасқан. Заманауи талаптарға сай салынған көпқабатты үйлер қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.
Жаңа баспананың иелері қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азаматтар бар. Бұл – әлеуметтік әділеттілік қағидатын жүзеге асырудағы маңызды қадамның бірі.
Әрбір табысталған пәтер отбасының жаңа өмір бастауы, балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада өсіп-жетілуіне жасалған мүмкіндік – ертеңгі күнге деген сенімнің белгісі.
ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ – БОЛАШАҚҚА САЛЫНҒАН ИНВЕСТИЦИЯ
Жас отбасылардың баспаналы болуы – мемлекеттің демографиялық және әлеуметтік саясатының маңызды бағыты. Осы мақсатта Шымкентте жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы жалғасуда. Бағдарлама мерзімі аяқталған азаматтарды жеңілдетілген «Қамқор» бағдарламасы арқылы тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп келеді. Қазір аталған бағдарлама аясында 565 отбасы өз баспанасына қол жеткізді.
Бұл бастама жастардың еңбек етуіне, отбасын құруына және тұрақты өмір сүруіне қолайлы жағдай жасап отыр. Баспаналы болған жас мамандардың қалада тұрақтап қалуына, еңбек нарығында белсенді қызмет етуіне және балаларын қауіпсіз ортада тәрбиелеуіне мүмкіндік артады. Шымкентте тұрғын үй қатынастарын басқару саласында цифрлық технологиялар да кеңінен енгізілуде.

Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы жалдамалы пәтерлер бойынша төлемдерді цифрландыру жүзеге асырылып, қарыздарды өндіріп алу және мониторинг жүргізу жүйесі жетілдірілді. Сонымен қатар тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасы аясында талаптардың сақталуына тұрақты бақылау жүргізілуде.
Жыл басынан бері мемлекеттік тұрғын үйді жекешелендіру және тұрғын үй сертификаттарын беру бағытында да бірқатар мемлекеттік қызмет көрсетіліп, әлеуметтік санаттағы азаматтарға нақты қолдау жасалды. Бұл жұмыстар тұрғын үй саясатының ашықтығын қамтамасыз етіп, мемлекеттік қолдаудың шынайы мұқтаж азаматтарға жетуіне ықпал етеді.
ҚАУІПСІЗ ӘРІ ЖАЙЛЫ ӨМІР СҮРУ ОРТАСЫ
Баспана салумен ғана шектелмей, қолданыстағы тұрғын үйлердің сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ескі лифтілер кезең-кезеңімен жаңартылуда. Сонымен қатар тұрғын үй қорын басқару сапасына, лифт қауіпсіздігіне және газ жабдықтарын пайдалану талаптарының сақталуына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Газ қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үйлерді аралау, түсіндіру жұмыстарын жүргізу және қауіпті жабдықтарды анықтау ісі де жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.
Мұндай жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жайлы әрі қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Қазір отбасы институтын нығайту тек әлеуметтік төлемдермен немесе жеңілдіктермен ғана өлшенбейді. Ол тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуы, қолжетімді баспанамен қамтамасыз етілуі, қауіпсіз өмір сүру ортасының қалыптасуы және балалардың сапалы ортада тәрбиеленуімен тығыз байланысты.
Шымкентте жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй саясаты дәл осы мақсаттарға қызмет етеді. Әрбір пайдалануға берілген тұрғын үй, әрбір табысталған пәтер кілті, әрбір жаңғыртылған көпқабатты үй – қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты күшейтіп, отбасылардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадам.
Отбасы – мемлекеттің іргетасы. Ал берік отбасы ең алдымен өз шаңырағының астында қалыптасады. Сондықтан тұрғын үй саясатын тиімді жүзеге асыру құрылыс саласын дамыту емес, қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайтып, елдің әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып қала береді.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы
