Қаланың қақ ортасында бой көтерген жаңа нысан қаза болған қаһармандарды ұлықтайтын мемориал ғана емес, сонымен қатар абаттандырылған қоғамдық кеңістікке айналды. Жоба азаматтық қорғау органдары құрылғанына 30 жыл толуына орай жүзеге асырылды.
Мемориалда қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан Батыс Қазақстан облысы азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері – Жарқын Фазылов, Ақан Нұрғалиев, Жангелді Сисеналиев және Ерлан Нұғмановтың есімі мәңгілікке жазылды.
Жобаның маңызын оның орналасқан жері де арттыра түседі. Орал азаматтық қорғау тарихында ерекше орын алады. Дәл осы қалада 1865 жылы елдегі алғашқы өрт сөндіру бөлімі құрылған. Сондықтан жаңа аллея алғашқы өрт сөндіру жасақтарынан бастап қазіргі құтқару қызметіне дейінгі тарихтың өзіндік жалғасына айналды. Аумағы 1,5 мың шаршы метрді құрайтын аллея толық абаттандырылды.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев азаматтық қорғау жүйесін дамыту кәсіби мамандарды даярлаумен ғана шектелмей, оның материалдық-техникалық базасын тұрақты түрде нығайтуды талап ететінін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушы мамандығы елдегі ең беделді кәсіптердің біріне айналуы керегін, ал азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің еңбегі қоғам тарапынан лайықты бағалануы тиіс екенін атап көрсетеді. Осыған байланысты саланы дамытуға және оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. 2025-2026 жылдары бұл мақсаттарға облыстық бюджеттен 2,6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл – құтқарушыларымыздың қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған нақты қолдау, – деді өңір басшысы.
Әкімнің айтуынша, аллея құрылысы заманауи әрі жайлы қалалық орта қалыптастыру жұмыстарының да бір бөлігіне айналды.
– Аумағы 1,5 мың шаршы метрден асатын бұл қоғамдық кеңістікті абаттандыруға жергілікті бюджеттен 28 млн теңге бөлінді. Қаланың орталығындағы қараусыз қалған аумақ жаңа тыныс алып, бір мезетте қала тұрғындарына қызмет ететін әрі бейбіт күннің батырларын есте сақтайтын орынға айналды, – деді Нариман Төреғалиев.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мұндай мемориалдық орындардың қоғамдық маңызы зор екенін айтты.
– Батырлардың есімі халық жадында мәңгі сақталуға тиіс. Олардың жанқиярлығы мен қызметтік борышына адалдығы – жас ұрпаққа үлгі. Бұл аллея – өмірін адамдардың қауіпсіздігіне арнаған құтқарушылар мен өрт сөндірушілерге деген зор құрметтің белгісі, – деді министр.

Азаматтық қорғау органдарының қазіргі қызметкерлері үшін де аллея кәсіби сабақтастықтың символына айналды. Орал қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Нұрсұлтан Серіков өрт сөндіру қызметінің тарихы терең қала үшін жаңа нысанның айрықша маңызы бар екенін атап өтті.
– Мұндай аллеяның ашылуының маңызы зор. Еліміздегі алғашқы өрт сөндіру бөлімі дәл осы қалада құрылған. Сондықтан мұндағы өрт сөндіру қызметінің тарихы терең тамырлы. Бұл орын тек демалыс аймағы ғана емес, ел қауіпсіздігі жолында қызмет еткен азаматтарға тағзым ететін кеңістікке айналады деп сенемін, – деді ол.
Бүгінде Құтқарушылар аллеясы бірнеше маңызды мәнді бір арнаға тоғыстырып отыр. Бұл – қаза тапқан қызметкерлердің есімін сақтайтын мемориал, өрт сөндіру қызметінің қалыптасу тарихын танытатын тарихи орын және қала тұрғындары үшін жасалған заманауи қоғамдық кеңістік.
Аида ҒАЛИЕВА,
Батыс Қазақстан облысы
