Жеке деректеріңіз интернетке тарап кетсе, не істеу керек?
Жеке деректеріңіз интернетке тарап кетсе, не істеу керек?
112
оқылды

Жеке деректердің интернетке таралуы – киберқауіпсіздікке төнетін елеулі қатер. Телефон нөмірі, жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН), банк картасының деректері, мекенжай немесе құжат көшірмелері алаяқтардың қолына түсуі мүмкін. Мұндай жағдайда уақыт жоғалтпай, жеке ақпаратты қорғау шараларын қолға алған жөн.

Ең алдымен, электрондық поштаңыз бен әлеуметтік желілердегі аккаунттардың құпиясөздерін өзгертіңіз. Әр аккаунтқа бөлек әрі күрделі құпиясөз орнатып, екі факторлы аутентификацияны қосыңыз. Сондай-ақ аккаунттарға кірген құрылғылар тізімін тексеріп, өзіңізге тиесілі емес құрылғылардағы сессияларды тоқтатыңыз.

Егер банк картасының деректері жария болып кетсе, дереу банкке хабарласып, картаны бұғаттаңыз. Ал ЖСН немесе құжат көшірмелері тараған жағдайда күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сақ болыңыз. Бейтаныс адамдарға SMS-кодтарды, құпиясөздерді және банк деректерін бермеңіз.

Жеке деректеріңізді заңсыз пайдаланғанын байқасаңыз, дәлел ретінде скриншоттар мен сілтемелерді сақтап, құқық қорғау органдарына немесе тиісті мемлекеттік органға жүгініңіз. Есіңізде болсын: жеке деректерді қорғаудың ең тиімді жолы – оларды интернетте жарияламау және күмәнді сайттарға енгізбеу.