Алматыда қазақстандық ғалымдар Сиверс алмасының жаңа сұрпын әзірлеуде. Оған «Әділет» атауын беру жоспарланып отыр.
Алматыда алманың жаңа сұрпына «Әділет» атауы беріледі
100
оқылды

Бұл туралы партияның Республикалық сайлауалды штабының экологтармен, экотуризм саласының өкілдерімен, волонтерлермен және жастармен кездесуінде белгілі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Кездесу «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Аюсай» визит-орталығында өтті. Қатысушылар биоалуандықты сақтау, табиғи аумақтарды қорғау, экотуризмді дамыту және экологиялық жауапкершілікті арттыру мәселелерін талқылады.

Жаңа сұрып бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы «Қазақ табиғат қорғау қоғамының» төрағасы, эколог, Құрылтай депутаттығына кандидат Айжан Сқақова айтты.

«Бүігнде қазақстандық ғалымдар қазіргі алма сұрыптарының арғы атасы саналатын аңызға айналған Сиверс алмасының  жаңа сұрпын әзірлеуде. Бұл жаңа сұрыпқа ресми түрде «Әділет» атауын беру жоспарланып отыр», – деді ол.

Сиверс алмасы (Malus sieversii) – әлемдік маңызы бар бірегей генетикалық ресурс және Орталық Азияның реликті түрі. Ол қазіргі алма түрлерінің арғы атасы саналады және жеміс дақылдарының генетикалық әралуандығын сақтау ісінде айрықша құндылыққа ие.

Кездесуге қатысушыларға «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасының экологиялық бастамалары мен «Таза Қазақстан» бағыты да таныстырылды. Партия Балқаш көлінің ерекше мәртебесі туралы арнайы заңнама әзірлеуді және Каспий теңізін сақтап қалудың құқықтық тетіктерін күшейтуді ұсынады. Тағы бір бағыт – сирек кездесетін түрлерді сақтау және ғылыми экологиялық мониторинг жұмысын дамыту. Айжан Сқақова мысал ретінде Іле-Алатауы ұлттық паркіндегі қар барысының өсімін сақтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады.

Ашық пікірталас барысында студенттік омбудсмен Айболат Сембиев жастар үшін «Заң мен Тәртіп» қағидаты туған ауласының тазалығынан және қоршаған ортаға ұқыпты қараудан басталатынын атап өтті. Әнші Зульфия Омар жастардың мәдениетін, шығармашылығын және азаматтық жауапкершілігін дамытудың маңызына назар аударды.

«Заң мен Тәртіп» – бұл тек құқықтық талаптарды сақтау емес, қоршаған ортаға, қоғамдық орындарға ұқыпты қараудан, өз ауласы мен қаласының тазалығына жауапкершілікпен қараудан басталады. Біз, студент жастар, бұл жауапкершілікті толық сезінеміз және «Әділет» партиясын қолдаймыз», – деді Айболат Сембиев.

Кездесуді қорытындылай келе, «Әділет» партиясының Төрағасы Айбек Дәдебай «Таза Қазақстан» күнделікті мәдениеттің бір бөлігіне айналуға тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, заманауи технологиялар мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде экологияны және басқа да салдарларды ескеруге мүмкіндік береді.

«Тазалық біздің болмысымыздың бір бөлігіне және қоғамның негізгі құндылықтарының біріне айналуға тиіс. Сонымен қатар қандай да бір шешім қабылдамай тұрып, оның салдарын бағалау маңызды. Президент бұл үшін Big Data мүмкіндіктерін пайдалануды тапсырды. Жасанды интеллект негізіндегі тиісті шешімдер қазірдің өзінде әзірленіп жатыр және осы күзде енгізіле бастайды», – деді Айбек Дәдебай.

Табиғи мұраны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру қадамдары «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында ерекше орын алады. Партияда бұл бастамаларды жүзеге асыру барысы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының негізгі қағидаттары ретінде ғылыми тәсілді, заманауи технологияларды және азаматтардың жеке жауапкершілігін ұштастыруға тиіс екенін атап өтті.