Абай облысында полицейлер аяғын шыны кесіп, ауыр жарақат алған баланы ауруханаға жедел жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оқиға 15 тамызда Семей – Өскемен автожолында болған. Полиция қызметкерлері Еламан Масалимов пен Медет Смагуловтан Volkswagen көлігінің жүргізушісі көмек сұраған.
Жүргізушінің айтуынша, Жаңасемей ауданына қарасты Гранитный ауылында тұратын оның баласы аулада ойнап жүріп, сыртқы есікке шықпақ болған. Сол сәтте кіреберіс есіктің шынысы сынып, баланың аяғын терең жарақаттаған.
Баланың жағдайының ауыр екенін түсінген полицейлер уақыт жоғалтпай, анасы мен баласын патрульдік көлікке отырғызып, облыстық ауруханаға қарай жолға шыққан.
Нәтижесінде жарақат алған бала 12 минут ішінде облыстық аурухананың балаларды қабылдау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлер оны бірден қабылдап, шұғыл түрде операцияға алған.
Баланың анасы полицейлерге алғысын білдірді.
«Баламның аяғынан қан тоқтамай, қатты қорқып кеттім. Не істерімді білмей, жолда полицейлерді көріп, көмек сұрадым. Олар бірден бізге көмектесіп, баламды көлікке отырғызды. Бар болғаны 12 минуттың ішінде ауруханаға жеткізді. Мен үшін сол сәтте бұл – үлкен көмек болды. Полицейлерге шын жүректен алғыс айтамын», – деді ол.
Полицияның жедел әрекетінің арқасында бала уақыт жоғалтпай медициналық көмек алды.
