16 тамызға қараған түні Ресейдің Ростов облысына дрондармен шабуыл жасалып, «Каменский» комбинаты соққы астында қалды. Украиналық БАҚ шабуылды Украина күштері жасағанын хабарлады.
Ростов облысының губернаторы Юрий Слюсарь өңірге ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Оның дерегінше, облыс аумағында 150-ден астам дрон жойылған.
«Милитарный» басылымы спутниктік деректер мен OSINT мәліметтеріне сүйеніп, шабуылдан кейін «Каменский» комбинаты аумағында өрт шыққанын жазды. NASA-ның FIRMS мониторинг жүйесі кәсіпорын аумағында жоғары жылу белсенділігін тіркеген.
«Каменский» Ресейдің оңтүстігіндегі ірі химия кәсіпорындарының бірі саналады. Ашық деректерге сәйкес, онда әскери мақсаттағы өнімдер, соның ішінде оқ-дәрі компоненттері, оқ-дәріге арналған дәрі, жарылғыш заттар мен детонаторлар өндіріледі.
Бұл кәсіпорын бұған дейін де шабуылға ұшыраған. 2024 жылғы желтоқсанда Украина тарапы комбинатқа Storm Shadow қанатты зымырандарымен соққы жасағанын хабарлаған.
