Марқұмның туыстары бұл ақпаратты әлеуметтік желідегі жарияланымдардан кейін анықтаған.
Алматы облысында 19 жыл бұрын жоғалған альпинистің мәйіті табылды
143
оқылды

Алматы облысының Талғар аумағындағы Северцев мұздығынан табылған адам сүйегіне қатысты жаңа деректер анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Беларусь туристері тау бөктерінен тапқан мәйіттің 19 жыл бұрын хабар-ошарсыз кеткен альпиниске тиесілі екені белгілі болды.

Марқұмның туыстары бұл ақпаратты әлеуметтік желідегі жарияланымдардан кейін анықтаған. Жоғалған азаматтың қызына құрбысы құтқарушылар түсірген суреттерді жіберген. Ол кадрлардан әкесіне тиесілі ескі кеңестік станокты рюкзакты бірден таныған.

Осыдан кейін отбасы құқық қорғау органдарына хабарласып, тергеушілерге архивтік фотосуреттер мен қажетті құжаттарды тапсырған.

Полиция рюкзактың ішін тексеру кезінде жоғалған ер адамның атына берілген жеке куәлігін тапқан. Осылайша, табылған мәйіттің кімге тиесілі екені анықталды.

Марқұмның қызы таудағы адам сүйегін байқап, бұл туралы тиісті қызметтерге дереу хабарлаған Беларусь туристеріне алғысын білдірді. Олардың қырағылығы мен азаматтық жауапкершілігі мәйіттің жеке басын анықтауға мүмкіндік берді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы облысының таулы аймағындағы Северцев мұздығынан адам сүйегі табылған болатын. Құтқарушылар мәйітті тікұшақпен қауіпсіз жерге эвакуациялады. Төтенше жағдайлар министрлігі оқиға орнынан түсірілген бейнематериалды жариялап, эвакуация жұмыстарының барысын көрсетті.