TikTok пен өзге платформалардағы тікелей эфирлерге мониторинг күшейді. Оның көрінісі – заң талабын бұзған бірқатар стример мен блогерлердің әкімшілік жауапкершілікке тартылуы. Ғаламтордағы бейпіл сөздің (бейәдеп, балағат) де шегі болуға тиіс. Мұны тікелей эфирде отыратын блогерлер де ескеруі қажет.
Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин хайп үшін заң бұзғандарды ашық жауапкершілікке тарту өзгелерге сабақ болып, қоғамда жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға ықпал ететінін атап өткен еді. Шын мәнінде, қоғамдық мәдениет қалыптастыру көшеде не қоғамдық орындарда шешілмейді. Бұл әлеуметтік желідегі әрекеттен де көрініс табуға тиіс.
Ақпарат алмасатын алаң
Расында, бүгінде әлеуметтік желі тек ақпарат алмасатын алаң ғана емес, миллиондаған адамның күнделікті қарым-қатынас жасайтын қоғамдық кеңістігіне айналды. Бірақ бұл кеңістікті кім қалай қолданып жүр?Лайк, қаралым, жазылушы мен донат үшін кейбір әлеуметтік желі қолданушылары әдеп, құқық шегінен асып түсе бастады. Балағат сөз айтатындар көбейді, қауіпті пранк жасауға үйір болды, тікелей эфир арқылы оғаш әрекет жасайтындар аудиторияны осылай жинаймыз деп ойлайтын болды. Мұның бәрі құқық қорғау органдарының да назарын аудара бастады.
Ішкі істер министрлігінің 4 тамызда жариялаған мәліметіне сәйкес, Қазақстанда заң талаптарын бұзған 20-дан астам стример жауапкершілікке тартылған. Олардың арасында тікелей эфирде балағат сөз айтқандар, әдепсіз әрекеттер көрсеткендер, қауіпті пранк ұйымдастырып, өзге азаматтарды қорлағандар да бар. Мәселен, Шымкент қаласының тұрғыны TikTok эфирінде бейәдеп сөздер қолданғаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынса, ал Талдықорған тұрғынына қайталанған құқық бұзушылығы үшін әкімшілік айыппұл салынды.
Мұндай жағдайлар мұнымен ғана шектелген жоқ. 13 тамызда Ақтөбеде TikTok-тағы тікелей эфир кезінде балағат сөз айтып, қорлайтын ым-ишаралар көрсеткен 26 жастағы тұрғын сот шешімімен 5 тәулікке қамалды. Ал 17 тамызда Қостанайда Instagram желісіндегі бейнероликте балағат сөз қолданған азаматшаға 60 550 теңге айыппұл салынды. Сот қаулысы жарияланған сәтте әлі заңды күшіне енбеген еді.
Шахтинск қаласында да TikTok тікелей эфирінде балағат сөз айтып, әдепсіз қимыл көрсеткен тұрғынға сот 86 500 теңге көлемінде айыппұл тағайындаған. Бұл іс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің құқыққа қайшы контентті орналастыру мен таратуға қатысты нормасы бойынша қаралған.
Заң мен тәртіп дегеніміз – тек жазалау емес
Осы оқиғалардан кейін әлеуметтік желідегі сөз еркіндігі мен жауапкершіліктің арақатынасы, балағат сөз бен қорлаудың құқықтық шекарасы туралы сауалдар жиі қойыла бастады. Бұл туралы заңгер Абзал Құспаннан сұраған едік.
– TikTok-та балағат сөз айтқаны үшін айыппұл салу – қоғамдық әдепті сақтаудың тиімді жолы секілді. Осылайша, әлеуметтік желідегі әдеп мәдениетін қалыптастыра аламыз ба?
– TikTok немесе өзге де әлеуметтік желілерде балағат сөз қолданғаны үшін айыппұл салу, яғни әкімшілік жауапкершілікке тарту қоғамдық әдепті сақтаудың бір тетігі ретінде қарастырылады. Дегенмен бұл мәселені шешудің жалғыз жолы емес, әрине.
Әлеуметтік желі – заңнан тыс аймақ емес. Керісінше, ол – миллиондаған адам көретін ашық қоғамдық кеңістік. Сондықтан онда айтылған әрбір сөз бен жасалған әрекет үшін жауапкершілік те жоғары болуға тиіс. Әр адам өз сөзінің салдары бар екенін түсінуі қажет.
Мемлекет бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Негізгі мақсат – жаппай жазалау емес, қоғамда өзара құрмет пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Әсіресе жастар арасында кездесетін «Интернетте бәріне болады» деген түсініктен арылу маңызды.
Сонымен бірге тек жазалау шаралары жеткіліксіз екенін атап айтқым келеді. Алдын алу, түсіндіру және тәрбиелік жұмыстар қатар жүруге тиіс. Өйткені әлеуметтік желідегі мәдениет – жалпы қоғамдық мәдениеттің бір бөлігі.
– Әдепсіз сөз бен қорлаудың шекарасы заңда нақты белгіленген бе? Кез келген балағат сөз үшін адам жауапқа тартыла ма?
– Әдепсіз сөз бен қорлау мәселесі құқықтық тұрғыдан реттелген. Қорлау әрекеті Қылмыстық кодекстің 131-бабында қарастырылған және бұл бағытта белгілі бір сот тәжірибесі қалыптасқан.
Бірақ кез келген балағат сөз автоматты түрде қорлау болып саналмайды. Әрбір жағдай жеке қаралып, оның нақты мән-жайы жан-жақты сараланады. Атап айтқанда, сөздің кімге бағытталғаны, қандай жағдайда айтылғаны, оның мазмұны мен мағынасы, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қандай нұқсан келтіргені ескеріледі.
Қажет болған жағдайда филологиялық және психологиялық сараптамалар да жүргізілуі мүмкін. Сондықтан белгілі бір сөзді контекстен жұлып алып, бірден құқықбұзушылық деп бағалау дұрыс емес. Нақты құқықтық бағаны әр істің ерекшелігіне қарай құқық қорғау органдары мен сот береді.
Жалпы, әлеуметтік желідегі жауапкершілік мәселесінде бір маңызды жайтты ескеру керек: заңнама балағат сөздің өзін ғана емес, оның қай жерде, қандай жағдайда және қандай салдармен айтылғанын да назарға алады. ІІМ түсіндірмесінде де ұсақ бұзақылық ретінде саралау үшін қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзу, айналадағыларға сыйламаушылық білдіру секілді мән-жайлардың маңызы көрсетіл-ген.
– Жастар мен жасөспірімдер арасында боқтық сөз бен агрессияны қалыпты құбылысқа айналдырып отырған әлеуметтік желі мәдениетіне қарсы қандай жүйелі шара қажет?
– Жастар мен жасөспірімдер арасындағы агрессияны тек жазалау арқылы азайту мүмкін емес. Жауапкершілікке тарту – атқарылатын жұмыстың бір бөлігі ғана.
Сол себепті де былтыр Мәжіліс депутаттарының бастамасымен «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл – 2025 жылғы 31 желтоқсандағы №245-VIII ҚРЗ. Заң құқықбұзушылықтың салдарымен күресуге ғана емес, оның алдын алудың жүйелі тетіктерін қалыптастыруға бағытталған.
Бұл мәселедегі ең маңызды бағыт – тәрбиені ерте жастан бастау. Отбасынан бастап балабақша, мектеп, колледж және жоғары оқу орындарына дейін әдеп, өзара құрмет, жауапкершілік пен цифрлық мәдениет жүйелі түрде қалыптастырылуы керек.
Сонымен қатар ата-ана мен қоғам баланың интернеттегі ортасына бей-жай қарамауы қажет. Балаға тек «боқтық сөз айтпа» деумен шектелу жеткіліксіз. Оған мұндай сөздің неге зиян екенін, оның басқа адамға, өзара қарым-қатынасқа және тұтас қоғамға қалай әсер ететінін түсіндіру маңызды.
Бұл мәселе 14 тамызда «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған менің «Заң мен Тәртіп» қағидатына арналған мақаламда да кеңінен айтылды. Заң мен тәртіп дегеніміз – тек жазалау емес. Ол – ең алдымен адамның құқыққа, қоғамға және өзге адамның қадір-қасиетіне деген құрметі.
Сондықтан түпкі мақсат – жазадан қорыққандықтан ғана тәртіп сақтайтын емес, өз сөзі мен ісіне саналы түрде жауапкершілікпен қарайтын азамат қалыптастыру. Осындай мәдениет орныққанда әлеуметтік желідегі әдеп те біртіндеп өзгереді.
Заң жауапкершіліктің шегін белгілесе, тәрбие сол шектен аспайтын мәдениетті қалыптастырады.
P.S.
Әр адам – қоғамның бір бөлшегі. Адамдық өлшемі – биік ұғым. Қай дәуір, қай заман болса да адам баласы надандықпен күресіп келеді. Мұны данышпан Абай да айтқан: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды», – деген екен.
Сондықтан қоғам надандықтан барынша арылуға күш салуы қажет. Айыппұл арқалағаннан арқа жауыр болмайды. Адамдықты сақтау арқылы ғана айналамызды толық өзгерте аламыз!
Гүлзина БЕКТАС
